1 Қазан 16:27

Биіктігінен не пайда? «Абу Даби Плаза» авторлары коронавирустан НЕГЕ жеңілді?

Фото:

Біріккен Араб Әмірлігінің алпауыты, әлемдегі ең көрікті ғимараттардың бас мердігері «Arabtec Holding» құрылыс компаниясы жабылмақ. Қазір оның еншілес ұйымы Нұр-Сұлтандағы «Абу Даби Плаза» ғимараттар кешенінің құрылысын аяқтап қалды.

Кеше кешке компания акционерлерінің жалпы жиналысы өтіп, құрылыс алпауытын тарату жөнінде бірауыздан шешім қабылданды, – деп жазады Arabian Business. Ал бүгін таңертең Arabtec Holding акциялары бойынша сауда тоқтатылып, оның құнды қағаздары биржадан алынып тасталды. Қазір компания жедел түрде капитал мен қарызды қайта құрылымдауға көмектесетін консультациялық фирма іздеуде.

Arabtec жарты жылдың ішінде 216 миллион доллар шығынға батқан және дағдарыстан шығар жол көрмей отыр. Себебі, бұған дейін салынған ғимараттары коронавирус пандемиясы мен карантин салдарынан жартылай бос тұр. Оның үстінен әкеліп жаңа ғимараттар салудың еш қисыны жоқ.  

«Мұндай жағдайда Arabtec Holding акционерлері жалғыз әрі дұрыс шешім қабылдады», – дейді Экономикалық бастамаларды қолдау қорының (ЭБҚҚ) сарапшылары.

«Компания жұмыс істеп тұрған әр күн оларға шығын әкеле береді. Егер тез жаппаса, шығындары геометриялық прогрессияда көбейе бермек»

Біріккен Араб Әмірліктерінің үкіметі құрылыс компаниясына қаржылай көмек беруі екіталай. Тіпті берілсе де, бұл жалпы жағдайды оңалта алмасы анық. Бұл жүйелі кризис барша құрылыс нарығына тән болып тұр.

«Карантин бітсе де, адамдар қашықтықтан жұмыс істеуге үйреніп алды. Бұл алып ғимараттар дәуірінің аяқталғанын білдіреді», – деп жалғастырады ЭБҚҚ сарапшылары.

Nege.kz есебі бойынша, Біріккен Араб Әмірліктерінің құрылыс индустриясы пандемия қырсығынан биыл шамамен 2 процентке қысқарады. Оның үстіне, «Arabtec Holding» Араб Әмірліктеріндегі құрылыс нарығының төрттен бірін иеленіп отыр.

Фото: wmg.kz

Arabtec Holding Нұр-Cұлтандағы «Абу Даби Плаза» құрылысын жүргізіп жатқан «Aldar Properties» фирмасының үстінен қарайды. Акционердің қиындығы құрылысты аяқтауға еш кедергі келтірмейтін сияқты. Себебі азғантай жұмыстар ғана қалды. Компанияға қатысы бар ақпарат көзінің айтуынша, олардың Нұр-Cұлтандағы құрылысты аяқтап, осы жобаны бітіруге қаржылары бар.

Құрылыстың тоқтамайтынын Елорда әкімдігі де растады. Негізі Абу Даби Плазадағы барлық жұмыстар осы жылдың наурыз айында бітуі тиіс еді, бірақ коронавирус біраз жобаларды артқа ысырып тастады.

«Абу Даби Плаза» әйгілі Arabtec Holding тұрғызған соңғы ғимарат болып тарихта қалуы мүмкін. Компания өз тарихында 240 ғимарат салған. Оның ішінде ең әйгілісі –Дубайдағы Бурдж Халифа мен Абу Дабидегі Лувр.

Дубайдағы Бурдж Халифа ғимараты. Фото: incomartour.com.ua

«Абу Даби Плаза» салынып бітсе де, оның өзін-өзі ақтауына қатысты көп сұрақтар бар. Қазір ғимараттан кеңсе жалдауға асығып отырған компания байқамадық. Елорданың коммерциалық жылжымайтын мүлік нарығында Изумрудный квартал, Экспо қалашығы сынды үлкен бәсекелестері аз емес. Олар да жартылай бос тұр.

 

Тіпті Абу Даби Плазадағы «Шератон» қонақүйі әлі келушілерге толмай отыр. Ал кеңселерді қалай толтырады? Ол жағы белгісіз.

Nege.kz сарапшыларының болжауы бойынша, жалпы әлемдегі картина өзгеруде. Биік әрі қымбат, салтанатты ғимараттар бұдан былай көп салынбайтын болады. Шаршы метрлерді тиімді жұмсайтын, арзан коворкингтерге деген сұраныс артпақ.

Бұл Қазақстанға да қатысты. Карантин әсерінен біздегі «А» класты кеңселердің жартысы бос тұр. Пандемия біткеннен кейін де, компаниялар өз қызметкерлерін қашықтықтан жұмыс істете беретін болса, онда кеңселерді жалға беру бизнесі толықтай күйреп, ғимараттардың қожайындары тақырға отырады.

Тегтер: