1 Желтоқсан 11:59
...

Биіктен құлау. Биыл НАЗАРБАЕВ неден айырылды?

Фото:

Бүгін – «Тұңғыш президент күні». 2012 жылдан бастап он жыл бойы Қазақстан халқы «Тұңғыш Президент күнін» мемлекеттік мереке ретінде тойлады. Ал былтыр күзде 1 желтоқсан мемлекеттік мереке мәртебесін жоғалтып, жай ғана атаулы күнге айналды.

Бүгін экс-президенттің баспасөз хатшысы Айдос ҮКІБАЙ Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа кітабы шыққанын ресми мәлімдеді. Кітап екі тілде екен: «Моя жизнь», «Менің өмірім» деп аталады. кітаптың тұсаукесерін дәл осы күнге орайластырғаны да бекер емес сияқты.

Бұл мемуарда Назарбаев Әсел ИСАБАЕВА деген тағы бір әйелі бар екенін, оның екі ұл туып бергенін ашық жазады.

Фото: Экс-президенттің баспасөз қызметі

NEGE тілшісі «Тұңғыш президент күнінде» Н.Назарбаевқа қатысты биыл қандай өзгерістер болғанын саралап шықты.

Бұған дейін Н.Назарбаевқа тіл тигізгендер 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылатын. Қылмыстық кодексте бұл туралы арнайы бап болды. Осы бап бойынша істі болғандар бар. Бірақ биыл Қылмыстық кодекстен «Елбасы мәртебесіне» қатысты бап алынып тасталды.

2026 жылдан бастап экс-президенттің кеңсесі мен кітапханасына мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінбейтін болды. 2022 жылдың соңында қабылданған «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң бойынша Назарбаевтың кеңсесі мен оның шығынына үш жылда 5,6 миллиард бөлінетіні жазылып қойған. Басы артық шығын осымен тоқтауы тиіс.

Фото: ғаламтордан

Назарбаев кітапханасы бұдан былай Президент орталығы болмақ. Президенттің іс басқаруы баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл бір ғана президентке тиесілі орталық болмайды. Бірінші, екінші және одан кейінгі президенттерге де арналған орталық болмақ.

2023 жылы қазанда Назарбаевтың атындағы қорғаныс университетінің аты өзгерді. Бұдан былай оқу орны Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университеті деп аталады.

Экс-президент Н.Назарбаев өзінің аты берілген университеттер пен мектептер және қордың қамқоршылық кеңесін басқаратын. Биылдан бастап бұл құзырет қазіргі президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВҚА көшті.

Фото: ғаламтордан

«Елбасының қауіпсіздігін айбынды атқарғаны үшін» деген медаль мен «Елбасы қорғаны» деген төсбелгі болған бізде. Жуырда медальдің атауын «Абыройлы қызметі үшін», ал төсбелгілі «ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің құрметті қызметкері» деп ауыстырды.

«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басқарушы кеңесіне Н.Назарбаев басшылық жасайтын. Биыл арнайы заңға толықтырулар енгізіліп, әлгі «басқарушы кеңес» деп аталатын қосалқы басшылық күшін жойды.

Жыл басында бұрынғы президент «құрметті сенатор» деген атағынан да айырылды. Бұл жөнінде Сенат спикері Мәулен ӘШІМБАЕВТЫҢ өзі мәлімдеді. Мұны спикер: «Бұл – халықтың шешімі», – деп түсіндірді.

Биыл Н.Назарбаевқа шексіз билік беретін заң мен «Елбасы» деген мәртебесі жойылды. Өйткені жыл басында «Тұңғыш Президент – Елбасы туралы» заң күшін жойды. Осы заң күшін жойғаннан кейін-ақ көп нәрсе бастапқы қалпына қайта келді.

Фото: Экс-президенттің баспасөз қызметі

13 қараша күні экс-президенттің бауыры Болат НАЗАРБАЕВ өмірден озды. Көзі тірісінде оған қатысты түрлі қауесет пен жағымсыз жайттар айтылатын. «Жақын адамыңды жоғалту қашанда ауыр. Бауырым мен үшін етжақыным ғана емес, сенімді серігім де еді», – деді Н.Назарбаев.

18 қараша күні Астанадағы өзі салдырған зәулім мешітте Н.Назарбаев бауырына ас берді. Сол аста ол астарлап: «Тарих бәрін орнына қояды», – дегенді айтты.

Иә, тарих бәрін орнына қойып жатыр...       

Тегтер: