Бибісара Асаубаева азаматтығын ауыстырмақ па: Спорт министрлігі жауап берді
Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев «Бибісара Асаубаева азамттығын ауыстыруы мүмкін» деген сыбысты теріске шығарды.
Астана, NEGE. Вице-министрдің айтуынша, шахматшының азаматтығын ауыстыруы туралы мәселе мүлде күн тәртібінде тұрған жоқ.
«Бұл мәселені кім көтергенін және не үшін талқылап жатқанын білмеймін. Бибісара – еліміздің нағыз патриоты, ол шахматта зор жетістіктерге жеткен көрнекті спортшы, Қазақстан тарихында алғаш рет әлем чемпионатында қатарынан үш рет алтын медаль жеңіп алған шахматшы. Біз Бибісараға үлкен құрметпен қараймыз», – деді Жарасбаев.
Ол Бибісара Асаубаеваның қаржылық мәселелерге қатысты көтерген барлық мәселесінің толық шешімін тапқанын атап өтті. Сондай-ақ, Жарасбаевтың сөзінше, шахматшы жақын арада Астанаға келіп, оған Президенттің мемлекеттік наградасы салтанатты жағдайда табысталмақ.
Еске салсақ, таяуда шахматтан халықаралық гроссмейстер Бибісара Асаубаева Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына бейнеүндеу жолдап, Туризм және спорт министрлігіне шағымданған еді.
Шахматшы қыздың мәлімдеуінше, 2023 жылы министрліктен айына 1 миллион теңге жалақы тағайындалған, алайда Ербол Мырзабасынов министр болып келгеннен кейін, 2025 жылдан бастап еңбекақысы үш есеге қысқарған. Соның салдарынан халықаралық турнирлерге өз қалтасынан қаражат шығарып, дайындалуына тура келген. Тіпті турнирде көмектескен секунданттар мен талдаушылардың ақысын төлей алмаған.
Жыл басында бапкері екеуі министрмен кездесіп, федерацияға бөлінетін қаражаттың жеткіліксіз екенін түсіндіріп, көмек сұраған. Министр мәселені «Sport Qory» қолдау қоры көмегімен шешіп беруге уәде еткен. Алайда бұдан да еш нәтиже шықпаған.
Бұған қоса Бибісара Асаубаева Президент 2025 жылы тағайындаған ІІ дәрежелі «Барыс» орденін әлі күнге дейін ала алмай келгенін айтты.
Осы бейнеүндеуден кейін Серік Жарасбаев брифинг өткізіп, Бибісара Асаубаеваның халықаралық жарыстарға дайындалуына 2024 жылы 64 млн теңге, 2025 жылы 79 млн теңге, ал 2026 жылы 100 млн теңге көлемінде қаржы қарастырылғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ ол шахматшының еңбекақысы неліктен үш есе қысқарып қалғанын түсіндіріп өтті.