БҒМ және бала зорлау ісі: Жекеменшік мектептердің «иесі» кім?

аса ауыр қылмысқа мектеп оқушыларының да қатысы бары анықталды.
Осы бір-екі күндікте Алматыда бірінші сынып оқушысының әкесі «ұлымды зорлады» деп мәлімдеді. Іле-шала құқық қорғаушы Дина Смаилова Алматыдағы жекеменшік мектептердің бірінде бірінші сынып оқушысын жоғары сынып оқушылары бірнеше күн қатарынан зорлағанын айтты. Оның сөзіне сенсек, жекеменшік мектепте 7-сыныпта оқитын үш оқушы 1-сынып оқушысын бірнеше күн бойы сабақ кезінде дәретханада зорлаған.
«Марьям» мектебі. Фото: ғаламтордан
Ал баланың әкесі бұл оқиға туралы екі апта бұрын ғана біліп, полицияға хабарласса да, тергеу ілгері жылжымаған. Бұл жайында Алматы қалалық ПД бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов 21 сәуірде Наурызбай аудандық полиция бөліміне баланың әкесі арызданғанын айтты.
«Сол күні аталған құжат ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігі – Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Бұл бап бойынша жаза 20 жылға дейін бас бостандығынан айыруды немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруды қарастырады. Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалды, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, солардың нәтижесі бойынша заңды процесуалдық шешім шығарылады. Қылмыстық іс бойынша тергеу барысын қадағалайтын процесс прокуроры тағайындалды. Тергеу жан-жақты, толық және объектив қағидаттарын қатаң сақтай отырып жүргізіледі. Қылмыстық істі тергеу барысы мен нәтижелерін Алматы қаласының полиция департаменті бақылауға алды», – деді Р.Әбдірахманов.
Алматы қаласы ПД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек мұны бізге былайша толықтырды:
С.Әзірбек
«Баланың әкесі Наурызбай аудандық полиция басқармасына 21 сәуірде арыз түсірді. Сол күні 1968 жылы туған Г.есімді азаматтың арызы ҚР ҚК-нің 121-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді».
Nege.kz тілшісі Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне және министрлікке қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне хабарласты.
«ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев пен Балалар құқықтары жөніндегі штаттан тыс кеңесші Раиса Шер «Мариям» жекеменшік ұйымында оқитын 1-сынып оқушысына қатысты мән-жайларды зерттеу үшін Алматыға барды. Қалалық полиция департаменті тергеу жүргізіп жатыр, зорлық-зомбылық әрекеттерінің жасалғанын анықтау үшін сараптама тағайындалды. Біз бұл жағдайды ерекше бақылауда ұстап отырмыз.
Бүгін профилактикалық іс-шараларды жүргізу мақсатында «Мариям» жекеменшік мекемеде тексеру жүргіземіз. Сонымен қатар оқушының отбасына да барып, қажетті көмек көрсетеміз. Балаға психологиялық көмек көрсетіледі. Тергеудің қорытындыларына байланысты шаралар қабылданады. Сараптама нәтижесін күту маңызды. Құқық қорғау органдарымен байланыста боламыз», – деді Балалар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев.
Е.Иманғалиев
Кеше «Мариям» жекеменшік ұйымында болған оқиғаны зерттеу үшін ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев пен Балалар құқықтары жөніндегі штаттан тыс кеңесші Раиса Шер Алматыға келді.
Олар оқушының отбасына барып, балаға психологиялық көмек көрсету жағын қарастырған. Сондай-ақ комитет қызметкерлері Алматы қаласының құқық қорғау органдарының өкілдерімен, Алматы қаласындағы «Мариям» жекеменшік ұйымының әкімшілігімен және ұстаздарымен әңгімелесті.
«Құрылған комиссияның тексеру нәтижесі бойынша оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастырылып, балалардың қауіпсіздігі мәселесі қамтамасыз етілді (бейнебақылауды қамтамасыз ету бойынша тиісті талаптарды сақтамау), қажетті санитарлық-гигиеналық талаптарды құруда (сыныпта жарықтың нашарлығы, желдету жүйесінің болмауы және т.б.). Нәтижесінде бірқатар заң бұзушылық анықталды. Қазіргі уақытта тексеру жұмыстары жалғасып жатыр. Оның қорытындысы бойынша шаралар қабылданады», – деді ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті.
Бұл – 7 жасар баланы зорлау дерегіне қатысты қолға алынған шараның бір парасы. Әзірге осы іске қатысты жауап берген органның бәрі тексеру, тергеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын ғана баяндады.
Бұдан бөлек, кеше әлеуметтік желіге жекеменшік лицейдегі оқушылардың сабақ үстінде порнографиялық материалдар қарап, небір былапыт сөздер айтып, ойына келген лас қылықтар істеп жатқан видеосы тарады.
Білім беру мекемесі туралы жан-жақты мәліметті Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінен сұрадық.
Бұл жағдай «Халықаралық лицей Қазақстан-Түркия» жекеменшік білім беру лицейінде болған көрінеді.
М.Әбдуалиева
«Бейнежазба 2021 жылдың желтоқсанында түсірілген. Алматы қаласы Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті тексеру жүргізді. Биыл қаңтар айында лицей басшысы жұмыста жіберген олқылықтары үшін ӘҚБтК-нің 409-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен бірге ұстаздар, оқушылар және олардың ата-аналарымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бүгін жекеменшік білім беру ұйымында пост-бақылау жұмысы өтеді», – деді Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуалиева.
Nege.kz тілшісі осы екі оқиға жайында Алматы қаласы Білім басқармасы басшысы Ләззат Жылқыбаеваның пікірін білмек болған. Алайда шенеунікпен сөйлесу мүмкін болмады. Әңгіме өзіне жайсыз тиетінін сезсе керек. Ал баспасөз хатшысы Қуандық Серікжанұлының айтуынша, бұл екі мектеп те – жекеменшік.
«Жекеменшік мектеп болған соң, оларға лицензия беретін Алматы қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті жауап береді», – деді ол.
Бұдан соң Алматы қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысы Гүлнәр Ермекбаеваға хабарласып, сауалымызды қойғанымыз сол еді, шенеунік: «Ештеңе айта алмаймын. Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деп ат-тонын ала қашты.
P.S. Мақаланы жазу барысында білім саласының әлі көп мәселеде ақсап жатқанына көз жеткіздік. Тіпті, былыққа батқан жекеменшік мектептерге «тәйт!» деуге шамасы келмейді екен. Әлде, жекеменшік мектептердің «иесі» бөлек пе?