Бесағаш мектебіндегі СУИЦИД: Оқу-ағарту министрлігі не тындырып отыр?

Алматы облысында 4-сынып оқушысы дәрі ішіп, өз-өзіне қол жұмсамақ болды. Анықталғандай, бала мектепте қатарластарынан зәбір көрген. Талғар ауданының прокуратурасы мектеп оқушысын қорлауға жол берген аудандық білім бөліміне, мектеп әкімшілігіне, сынып жетекшісі мен психологты жазалау туралы ұсыныс енгізді.
Жәбірленуші баланың анасы өзіне мектеп директорының істі жабу үшін ақша ұсынғанын да айтты. Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу бойынша жаңа шаралар болашақта осындай келеңсіздіктердің алдын алуға толық кепіл бола ала ма?
NEGE тілшісі жолдаған сауалға Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ ОСПАН жауап берді.
Еділ Оспан. Фото: ОКҚ
«Өкінішке қарай, осындай келеңсіз жағдайлар кездесіп жатады. Мұны болдырмау үшін, балаларымызды қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін министрліктің атқарып жатқан шаралары туралы баяндап отырмыз. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында қауіпсіздік жүйелерін жетілдіру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.
Нақты сіз атап өткен жағдайға қатысты келетін болсақ, құқық қорғау органдары тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр. Министрлік тарапынан оқиға болған күннен бастап арнайы комиссия жұмыс істеуде. Бүгін өздеріңіз куә болғандай, сол оқиға болған мектепте министрліктің тәрбие ісі жөніндегі басшысы кешенді жұмыстарды ұйымдастырып отыр. Жағдай біздің бақылауымызда болады», – деді Еділ Оспан.
Министрліктің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт АСҚАРБЕКҚЫЗЫ Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылындағы оқиға болған №29 мектептен тікелей эфир арқылы мән-жайды баяндады.
«Қазір дәл сол мектепте отырмыз. Қасымда аудандық білім бөлімінің басшысы, ата-аналар отыр. Сіздер айтып жатқан мәселе бойынша іс қозғалып, тергеп-тексеру жұмыстары атқарылып жатыр. Қазір біз әр ата-анамен оның ішінде жәбірленуші жақпен де, сол екі баланың ата-анасымен де кездесіп, тікелей жұмыс жүргізілуде. Алдағы уақытта тергеп-тексеру жұмыстарының қорытындысын мәлімдейтін боламыз. Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері қазір дәл осы мектептің қабырғасында отырып, жұмысты көрсетіп жатыр», – деді Меруерт Асқарбекқызы.
Алматы облысы Талғар аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, 4-сынып оқушысы үйінде өз-өзіне қол жұмсамақ болып хат жазып қалдырған. Сосын дәрі-дәрмекті жұтып қойған (болжам бойынша, аспириннің 10 таблеткасын ішіп алған). Оны анасы жағдайы ауыр күйінде тауып алған.