USD
USD
USD

«Менің дауысым не өзгертеді?»: сайлаушы енжарлығының салдары

Үгіт-насихат науқаны мәресіне жетіп, ел өміріндегі маңызды саяси оқиға – Құрылтай сайлауының шешуші сәті жақындап қалды. Елдегі жаңа институционалдық құрылым саналатын бұл мінберге ұмтылған партиялардың жалынды уәделері мен қызу жұмыстары қоғамда түрлі реакция тудырып жатыр.

сайлау
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Астана, NEGE. Дегенмен саяси белсенділік пен қызу талқылаудың тасасында «Менің дауысым нені өзгертеді?» деген әлеуметтік фатализм мен азаматтық енжарлықтың тереңдей түскені де анық байқалады.

Сайлаушылардың белсенділігі өкілді органның халық үнін жеткізуіне қалай әсер етеді? Азаматтарды өз жауапкершілігін сезініп, сайлауға қатысуға не ынталандырады? Осы және өзге де маңызды сұрақтар төңірегінде саясаттанушы Шыңғыс Ергөбекпен сұхбаттасып, әрбір дауыстың салмағын саралап көруге тырыстық.

Шыңғыс Ергөбек
Шыңғыс Ергөбек, ҚазҰӨ академиясының баспасөз қызметі

Саяси белсенділіктің төмендеуіне не әсер етеді?

Ғылымда «абсентеизм» деген ұғым бар. Бұл термин азаматтардың сайлауға қатысудан және өз саяси құқығын пайдаланудан саналы түрде бас тартуын білдіреді. Саясаттанушының айтуынша, бұл – дамушы елдерде ғана емес, дамыған мемлекеттерде де кездесетін құбылыс. Оның ең басты себебі – саяси элита мен халық арасындағы байланыстың әлсіреуі.

«Абсентеизмнің күшеюіне бірнеше фактор әсер етеді. Біріншіден, саяси күштердің бағдарламалары қоғамның сұранысын толық қанағаттандырмауы мүмкін. Екіншіден, күнделікті тұрмыс-тіршілік адамдардың саясатқа белсенді араласуына мүмкіндік бере бермейді. Үшіншіден, азаматтар ірі саяси науқандардың өз өміріне нақты ықпалын әрдайым сезіне бермейді», – дейді сарапшы.

Сарапшы азаматтардың саяси үдерістерге қатысуға құлықсыздығы әртүрлі саяси нәтижелерге әкелуі мүмкін екенін де атап өтті. Соның бірі – дәстүрлі саяси жүйеден тыс кандидаттардың қолдау табуы. Оның айтуынша, азаматтардың сайлауға деген көзқарасы мемлекеттік аппараттың күнделікті жұмысына берген бағасымен де тығыз байланысты.

«Біз Президент пен Парламент депутаттарын сайлаймыз. Алайда күнделікті өмірде көбіне аудандық және жергілікті деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлермен қарым-қатынас жасаймыз. Бұл шенеуніктер сайланбайды. Соған қарамастан азаматтардың мемлекеттік аппарат туралы пікірі көбіне солардың жұмысына байланысты қалыптасады. Егер олардың қызметі тиімсіз болса, азаматтардың мемлекеттік басқару жүйесіне және жоғары мемлекеттік органдарға деген сенімі де төмендеуі мүмкін», – дейді сарапшы.

Сайлаудың легитимділігі неден басталады?

Сайлау мен азаматтық институттың сабақтастығы – дау тудырмайтын аксиома. Алайда саясаттанушы азаматтық ұғымының Орта ғасырлардан бері үздіксіз трансформацияланып келе жатқанын айтады. Дауыс беру құқығын қолдану әлі күнге дейін эволюциялық даму жолында.

«Азаматтық – мемлекет пен адамның арасындағы тұрақты саяси-құқықтық байланыс. Оның екі негізгі белгісі бар. Біріншісі – тұрақтылық, екіншісі – саяси-құқықтық сипат. Бұл байланыс өзара жауапкершілікке негізделеді. Мемлекет азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға міндетті болса, азаматтар мемлекеттік билікті қалыптастыруға қатысып, дауыс беру арқылы өз еркін білдіреді. Сондықтан мемлекет пен азамат арасындағы байланыс үздіксіз сақталуы тиіс. Осы байланысты қамтамасыз ететін маңызды тетіктердің бірі – сайлау».

Сарапшының айтуынша, адамдар таңдау аз болғанда және дауыстарының әділ саналатынына сенбегенде сайлауға баруға құлықсыз болады.

«Қазақстанда партиялардың саяси науқандарға белсенді қатысатыны байқалады. Алайда парламентте өкілдігі бар партиялардың бағдарламалары мен ұстанымдары бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленбейді. Сондықтан сайлаушының таңдау мүмкіндігі шектеулі болып көрінуі мүмкін. Бұған қоса, көпшілік үшін мәселе сайлауға баруда ғана емес, өз дауысының әділ саналатынына сенуінде де жатыр».

Жалпы сайлауға халықтың аз қатысуы өкілді органның легитимділігіне тікелей әсер етеді. Саясаттанушының сөзінше, ескерілмеген әрбір дауыс қоғамдық пікірдің толық көрініс табуына кедергі келтіреді.

Референдум
Жетісу облысы әкімдігі

Дауыс беру мәдениеті және азаматтық жауапкершілік

Қалай болғанда да, сайлау әлі күнге дейін саяси шешім қабылдаудың негізгі тетігі болып отыр. Белгілі бір партияны немесе кандидатты қолдау не оған қарсы дауыс беру – азаматтың ел тағдырына бейжай қарамайтынын көрсетеді.

«Әрбір дауыс – азаматтың өз мемлекетінің болашағына деген жауапкершілігінің көрінісі. Сондықтан әр дауыс маңызды. Ол қоғамдағы әлеуметтік-саяси өзгерістерді айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі саналады. Әрбір халық өз еліндегі саяси жүйеге азаматтық жауапкершілікпен қарауы тиіс. Өйткені бүгін ескерілмеген дауыс ертең де назардан тыс қалуы мүмкін. Бұл бір адамның ғана мәселесі емес, мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың сапасына әсер ететін жүйелі мәселе», – деді Шыңғыс Ергөбек.

Сарапшының айтуынша, азаматтардың дауыс беруге деген құлықсыздығын азайтудың басты жолы – азаматтық жауапкершіліктің мәнін қайта түсіну және салық төлеу мен саясатқа қатысудың өзара байланысын ұғыну.

«Табиғи ресурстардан түсетін табысқа тәуелді елдерде билік пен қоғам арасындағы байланыс әртүрлі қалыптасады. Мысалы, Норвегия мұнайдан түскен табысты болашақ ұрпақ үшін жинақтайды, ал мемлекеттің күнделікті шығындарын азаматтар төлейтін салық есебінен қаржыландырады. Соның арқасында мемлекет халықпен тұрақты байланысын сақтап, азаматтар алдындағы жауапкершілігін күшейтеді. Яғни азаматтар салық төлеу арқылы мемлекетті қаржыландырады, ал дауыс беру арқылы оның саяси бағытын айқындауға қатысады. Мұндай жағдайда үкіметтің басты міндеті – халыққа қызмет ету», – деді ол.

Саясаттанушы салықты уақытында төлеу, мемлекеттік шешімдердің тиімді болуына мүдделі болу және сайлауға белсенді қатысуды азаматтық жауапкершіліктің негізгі белгілері деп санайды. Сондықтан өкілді органның халықтың шынайы үнін жеткізуі де, қабылданатын заңдардың сапасы да әрбір дауыстың салмағына тікелей байланысты.

Қазір оқып жатыр

Қытайлық инвесторлар Қазақстанда авиациялық отын өндірісін іске қоспақ

Ұшақ

Роза Әлқожа тойда әншілерді «шайтанның азаншысы» деген тұрғынды жауапқа тартуды сұрады

діни фанатизм

Астанада 100-ден астам адамды алдап, автокредит алдырған топ мүшелері сотталды

алаяқтық

Ет бағасының қымбаттауына экспорттық сұраныс әсер етіп жатыр – Шаққалиев

ет