Берлиндегі кісі өліміне Қадыровтың қатысы бар ма?
«Германияда жалдамалы киллердің қолынан қаза тапқан Хангошвилидің өлімі халықаралық саясаттағы ең лас тірлік ретінде әшкере болып, қылмыстың бір ұшы Путиннің тағайындаған президенті Рамзан Қадыровқа қарай жетелейді» деп жазады «Эхо Кавказ» сайты немістің Bild таблоидына сілтеме жасай отырып.
Неміс журналистері Юлиан Рёпке мен Петер Тиденің Bild-ке жариялаған материалында Хангошвилидің дәл Ахмат Қадыровтың туған күнінде өлтірілгенін айтып, Шешенстанның бүгінгі президенті Рамзан Қадыров осыдан 15 жыл бұрын Грозныйда террористер бомбымен жарып жіберген әкесінің кегін алды деп жазады. Жарылыс арқылы Қадыровқа жасалған террактіні Шамиль Басаев мойнына алған. Ресей басқыншыларымен ұзақ соғысқан Басаевтың «Кавказ эмираты» деп аталатын исламдық группировкасының қатарында сол кездері Зелимхан Хангошвили де соғысқан көрінеді.
Керісінше, Зелимханның туыстары оны шешен жауынгерлерінің сапында соғысқан жоқ, қайта, Грузияға өтіп кетпекші болған бандиттік топтарға қарсы тұрды деп сендіргісі келіп отыр. Және оның Еуропада тұратын Зейнаб есімді қарындасы ағасының өліміне «Рамзан Қадыровтың қатысы жоқ, тапсырыс Кремльден болған, оны Путиннің жалдамалылары өлтірді» деген сөзінен танар емес.
Неміс тергеуі анықтағандай, Қазақстанда туған киллер Вадим Красиковтың атына берілген жалған паспорттың 2000 жылы наурыз айында Шешенстанда өлтірілген Ресей әскерінің капитаны «Соколовтың» атына жазылғаны, сондай-ақ, паспорт жалдамалы кісіөлтіргіштің Еуропаға шығар алдында ғана берілгендігі мәлім болды. Қазіргі таңда неміс арнайы қызметі Германияға орыстардың ГРУ әскери тыңшылығы мен Қадыровтың басқа да жалдамалыларды жіберген-жібермегенін анықтау мақсатында соңғы уақытта неміс жеріне келген ресейліктерді мұқият бақылауға кірісті. Әсіресе, Шешенстанда өлген орыс жауынгерлерімен аттас адамдар жіті тексерілуде.
Чехославакиялық «European Values» сараптама орталығының директоры Якуб Янда «Путиннің қызметшісі Рамзан Қадыров тапа-тал түсте, Берлиннің орталығында, осындай шу көтерілетін саяси кісіөлімін ұйымдастырды деген әңгіме шындыққа жанаспайды» деп ойлайды. Оның болжауынша, орыс астыртын қызметінің жалдамалылары қылмыстық ізін жасыру үшін осы күнді әдейі таңдауы мүмкін.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, шешен ұлтының өкілі әрі Грузия азаматы Зелимхан Хангошвили 2008 жылдан бері Ингушетия Ішкі істер министрлігінің Экстремизмге қарсы орталығының тізімінде арнайы бақылауда болған және осы күнге дейін оның мекен-тұрағын анықтау жұмысы заңды түрде жүргізілген.
NEGE.KZ