Бердібек САПАРБАЕВ: МИЛЛИАРДЕР болсам, бес облысты басқармас едім
АЗЫҒҰЛДЫҢ «Күлпет» романының тұсаукесер рәсімі өтті. Жиынға мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек САПАРБАЕВ та қатысты.
NEGE тілшісі шарадан соң Бердібек МӘШБЕКҰЛЫНА бірер сауал қойып үлгерді.
– Бердібек Мәшбекұлы, 70 жасқа толған мерейлі жасыңызбен құттықтаймыз!
– Айналайын, көп рақмет!
– Сізді кітапсүйер деуге бола ма? Жаңа пікіріңізде романды бастан-аяқ оқығаныңызды айтып, әдемі талдау жасап бердіңіз ғой.
– Әр елді, халықты басқаларға таныстыратын әдебиет, мәдениет, спорт, білім. Мемлекет тарапынан әдебиетке деген қолдау бар. Сонда да әлі жеткіліксіз. Ал Шархан Қазығұлды отыз жылдан астам уақыттан бері білемін. Екеуміз көрші тұрған соң, жиі кездесіп, әртүрлі мәселені талқылап тұрамыз.
Сондай жүздесуде «Қашан роман жазасың? Нағыз жазушы болу үшін роман жазуың керек қой» дегем. Бір күні «Күлпет» деген романын әкеп тұр. Бір деммен оқып шықтым. Жалпы, уақытым болса кітап оқуға ден қоямын.
– Қазір қайда тұрып жатырсыз?
– Астанада тұрамын ғой.
– Жамбыл облысы әкімі қызметінен кеткеннен кейін сізді мемлекеттік қызметке шақырмады ма?
– Зейнетке шыққанда «мемлекеттік қызметке бармаймын» деп айтып едім. Демек, енді мемлекеттік қызметке бармаймын. 2022 жылдың тамызынан Мемлекет басшысы Қ.ТОҚАЕВТЫҢ тапсырмасына сәйкес құрылған QazBioPharm Ұлттық холдингінің тәуелсіз директоры болып тағайындалғам.
Биыл қаңтарда жасырын дауыс беру арқылы холдингтің Директорлар кеңесінің төрағасы болдым. Әзірге осында жұмыс істеп жатырмын.
Оған қосымша президент жанындағы мемлекеттік қызметкерлер дайындайын академияда жас басшыларға, аудан әкімдеріне, министрлікте істейтін мамандарға дәріс беремін.
– Бір пікіріңізде «Егер мен шіріген бай болсам, бес облысқа әкім болмас едім» депсіз. Бірақ сізді мыңғырған малы көп, аса бай адам дейді. Рас па?
– Қандай бай адам? Өтірік айтпасын. Мен бай болғам жоқ. Мал болғанда, бес-алты малымыз бар шығар. Бірде маған бір әріптесіңіз «Сізді миллардер деп айтады ғой» деп сұрақ қойған. «Мен миллиардер болсам, бес облысты басқармас едім» деп жауап бергем.
Олай емес, менде ондай байлық жоқ. Ауылдан шыққан азаматпын. Өмір-бақи мемлекеттік қызметте келе жатырмын. Білесіздер ғой, адамдар неше түрлі айтып, жазып, өздері шығарып алады.
Фото: Ақорда
– Билік сізді мықты «кризис-менеджер» ретінде танып, үнемі мәселесі көп, шаруасы шатқаяқтаған өңірге басшылыққа әкім етті. Бірақ соңғы рет Жамбыл облысында осы қырыңызды неге көрсете алмадыңыз, әлде шаршадыңыз ба?
– Дұрыс айтасыз, мені кризис-менеджер ретінде таныды, бағалады. Кабинетте отырған жоқпын. Оқиға орнына өзім барып, мән-жайға қанығатынмын. Ал бірақ «Жамбыл облысында әкім болып тұрғанда өзінің іскерлігін көрсете алмады, шаршады» деген әңгіме айтылған жоқ, ондай пікірді естіген де жоқпын.
Мен Жамбыл облысына әкім болғанда Қордайдағы, Байзақ ауданындағы жағдайды, одан Қаңтар оқиғасынан кейін бәрін орнына келтіріп, халықты тыныштандырдым. Сөйтіп жүргенде жасым 70-ке кеп қалды.
Сосын мемлекет басшысы Қ.Тоқаевқа «Мені қызметтен босатыңыз. Демалайын. Жастар жұмыс істесін» деп өтініш айтым. Егер мен нашар жұмыс істесем, Жамбыл өңірінің халқы қошеметтеп шығарып салмас еді. Тіпті, мүгедек арбасына танылған жандар да алғысын айтып, батасын берді.
– Өзіңізге бес өңірдің қайсысы жақын?
– Енді әр өңірдің өз ерекшелігі бар. Бірақ мен оны әрдайым айтып жүрмін. Мен үшін ыстық өңір – Шығыс Қазақстан облысы.
– Бір кезде өзіңіз әкім болған Қызылорда облысын қазір ініңіз Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ басқарады. Ініңіздің жұмысына, беталысына қандай баға бересіз?
– Біріншіден, ол аспаннан салбырап түскен жоқ. Ол да жас кезінен мемлекеттік қызметтің айналасында жүрді. Оған дейін 7-8 жыл кәсіпкерлікпен айналысты. Кейін мемлекеттік қызметке келіп, ауданды, қаланы басқарды. Біраз тәжірибе жинады. Бәрін шешетін мемлекет басшысы ғой, өзі тағайындады. Менің ойымша, қазіргі аяқ алысы жаман емес. Арғы жағын уақыт көрсетеді.
– «Мәшбек әулеті Жаңақорғанды, сондағы санаторийлерді жекешелендіріп алды» дегенге не дейсіз?
– Өтірік айтпасын. Біріншіден, санаторийдің жартысы кәсіподақ меншігінде, жартысы сол жерде бұрыннан істеген Амангелді АБДУЛЛАЕВ деген азаматтың меншігінде болды. Бүгінде ол кісі қайтыс болып кетті, орнына балалары жұмыс істеп жатыр. Бұған біздің әулеттің қатысы жоқ.
Біздің жұрт «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп айта береді. Тіпті, мені туыстарына көмектесті, жетеледі дейді. Олар маған дейін де өмір сүріп келді ғой. Маған дейін кәсіптері болды.
Оның бәрін менімен байланыстыра беруге болмайды. Егер үйтетін болса, онда бүкіл бес облысты менімен байланыстырсын.
– Екі мәрте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болдыңыз. Әлеуметке қаншалықты жақын едіңіз?
– Шын мәнінде, көпбалалы аналарға берілетін атаулы әлеуметтік көмек беру мәселесін соңына жеткізіп, біржақты еттім. Содан кейін зейнетақыны мерзімінен бұрын шешіп алудың бастапқы жобасын да жасауға жұмыс істедім.
Фото: ғаламтордан
– Сіз ескі Қазақстанның кадрысыз ғой. Құрамы жасақталып боп қалған жаңа Қазақстан көңіліңізден шықты ма?
– Мысалы, өз басым Қазақстанды «ескі Қазақстан» және «жаңа Қазақстан» деп бөлмес едім. Мен оны «Жаңарған Қазақстан» деп айтар едім. Өйткені, қазір заман басқа. Тек қана Қазақстанда ғана емес, бүкіл дүниежүзінде мемлекеттер жаңарып жатыр. Себебі, әлемде болып жатқан оқиғалар, құбылыстар әрбір мемлекетке жаңа талаптар қояды. Соған байланысты заман талабына сай әр мемлекетте өзгеріс болуда. Біздің мемлекетте де сондай. Кейбіреулер мұны бұрып айтады.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қойып отырған талабы – «әділ, заңды мемлекет болуымыз керек». Міне, біз соны құруға атсалысуымыз керек.
– Қазір қолыңыз біршама босап қалды ғой. Бизнеспен айналыспайсыз ба?
– Жоқ. Бизнесім жоқ.
– Ұлыңыз Жансұлтан САПАРБАЕВ мемлекеттік қызметке өз қалауымен келді ме?
Ж.Сапарбаев.
– Менің балам біраздан бері мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ құрылымдарында, Ұлттық экономика министрлігінде, Астананың Сарыарқа ауданының әкімдігінде жұмыс істеген.
Астананың Есіл ауданы әкімінің орынбасары болды. Қазір Астана қаласы көлік және жол-көлік инфрақұрылымы басқармасының басшысы қызметін атқарады.
Бұл жөнінде бұрын да айттым. «Қазақстан азаматы ретінде ұлымның Конституцияға сәйкес құқы бар. Бұл – оның таңдауы, өзі шешім қабылдайды. Бұл жерде менің қатысым жоқ. Менің ондай әдетім жоқ. Ол мемлекеттік қызметті таңдады, бәрі өзіне байланысты. Жақсы жұмыс істесе, қызметте өскені» дегем.
– Сұхбатыңызға рақмет!