«Беларуське кетеді» – Лукашенко Пригожинді қалай көндірді?

Ресей президенті В.Путиннің баспасөз хатшысы Д.Песковтың айтуынша, Пригожинге қарсы қозғалған іс тоқтатылып, ол Беларуське кетеді.
Алматы, NEGE. Песковтің сөзіне қарағанда, «Лукашенко Пригожинді 20 жылдан бері жақсы таниды, сол себепті келіссөзге өзі кіріскен» Келіссөзден соң Пригожинге қатысты қозғалған қарулы бүлік туралы қылмыстық іс жабылады, Пригожиннің өзі Беларуське кетеді. Ол жақта не істейтіні әзірге хабарланбады. Сондай-ақ «қарулы бүлікке» қатысқан «Вагнер» жасақтары да қудаланбайды, ал қатыспағандары Ресей қорғаныс министрлігі өкілдерімен келісімшартқа қол қоя алады. Песковтың айтуынша, бұл оқиғалар Украинада соғысып жатқан орыс әскерінің әрекетіне әсер етпейді.
Лукашенко Пригожинді қалай көндірді? Пригожин 25 мың жауынгермен (кейбір деректерде 10-15 мың) Мәскеуді бәрібір басып ала алмас еді. Ол үшін оны Ресей элитасының бір бөлігі мен халық қолдауы керек болды. Пригожин қысқа уақытта мұны жүзеге асыру мүмкін емес екенін түсінді. Бұл – бір.
Екіншіден, Пригожиннің Беларусьтен басқа «барар жер, басар тауы» жоқ. Өзі де отбасы мүшелері де санкцияның құрсауына іліккен. Сондықтан да ол Лукашенконың айтқанына көнуге мәжбүр болды.
Міне, бірқатар сарапшының пікірі осыған саяды. Ал енді Лукашенко Пригожиннің қауіпсіздігіне кепіл бола ала ма? Бұл жағы өте күмәнді. «Пригожинді Лукашенконың өзі ұстап беруі әбден мүмкін» дейтіндердің де бір білгені болса керек.