15 Ақпан 17:00
...

Бекжан Тұрыс – театрдың төл баласы

Фото:

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының белді актері – Бекжан Тұрыс бүгін 55 жасқа толды.

Тәуелсіздік таңы атқан тұста өнердің жалына жармасып, Әкемтеатр ұжымының сапына қосылған әртіс күні бүгінге дейін 60-қа жуық рөлді сомдаған екен. Т.Нұрмағамбетовтің «Бес бойдаққа бір тойында» – Қырманбай, С.Торайғыровтың «Қамар сұлуында» – Нұрым, И.Сапарбайдың «Сыған серенадасында» – Шәмші, У.Шекспирдің «Асауға түсауында» – Педант бейнелерін көрерменге жарқыратып көрсете білді.

Бекжан Тұрыстың әртістік өнері өз алдына, әншілік қыры – бір төбе. Орындауы қандай! Басқасын қайдам, И.Сапарбайдың сөзіне жазылған «Амалым қанша» термесін дәл Бекжан Тұрыстай орындайтын әнші кемде-кем. Орындағанның өзінде, оны қабылдау қиынға соғатындай көрінеді.

Бекжан Тұрыстың беделін биіктетіп, абыройын асқақтатып тұратын тағы бір артықшылығы – өнерге деген іңкәрлігі. Ол театрға тамырымен байланып қалған тұлға. Қоғамдағы кез-келген өзекті мәселеге өз айын ашық білдіретін азаматтығы және бар. Оның түсінігіндегі бүгінгі күннің бейнесі – «қомағай қоғам». Рас сөз. «Төбе билер төрелік айтатын орынның бәрі төбет үретін жерге айналды» дейді тағы бірде. Ал мұны өтірік деп кім айта алады?

Өнерді ойын-сауықтың – ордасы, табыс табудың – арнасы деп түсінетіндерден Бекжанды биіктетіп жіберетін бір себеп те – осы.

Міне, сол үшін де театр мен телеарна көрермендері ғана емес, жалпы халық, Алаш жұрты Бекжан Тұрысты жақсы көреді. Өнерін бағалайды, талантына табынады.

NEGE kz редакциясы да Бекжан Тұрысты бүгінгі қос бесімен құттықтап, шығармашылық табыс тілейді!  

Тегтер: