Бектенов: Мемлекеттік бюджет «элиталық» мектептерді қаржыландыруға жұмсалмауы керек
Премьер-министр Олжас Бектенов жекеменшік білім беру және медициналық ұйымдарды мемлекеттік қаржыландыру жүйесін реформалау жөнінде жиын өткізді, деп хабарайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Астана, NEGE. Жиында Үкімет басшысы Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктеріне жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіндегі теңгерімсіздіктерді жоюды тапсырды.
Жиында мемлекет сапалы және қолжетімді қызметтер көрсету бойынша міндеттемелерді өзіне алатыны және мекемелерде орын болмаған жағдайда жекеменшік ұйымда оқуға жан басына шаққандағы қаржыландыру қарастырылғаны атап өтілді.
«Десе де бұл мүмкіндікті теріс пайдалану деректері тіркеліп отыр. Субсидия көлемін көбейту мақсатында оқушылар мен мұғалімдердің жасанды легі туындауда, ал өз кезегінде бұл білім сапасына, сондай-ақ мемлекеттік шығындардың тиімді жұмсалуына теріс әсер етеді», – делінген хабарлама.
Премьер-министр жекеменшік білім беру ұйымдарына қатысты қымбат оқу ақысы мәселесін де атап өтті. Ол мемлекеттік бюджет «элиталық» мектептердің қызметін қаржыландыруға жұмсалмауы керектігін ерекше айтты. Мұндай мектептерде ата-аналардың төлемдері оқу процесін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жиында қаржы министрі Мәди Такиев мәселелерді шешу үшін жекеменшік мектептердің қаржыландыру процестері толық цифрландырылып жатқанын баяндады.
OrtaBilim қызметінің биылғы 6 қаңтардағы мәліметтеріне сәйкес, e-Qazyna.kz веб-порталында 789 жеке мектеппен 78,7 миллиард теңге көлемінде қаржыландыру келісімдері жасалған. (2025 жылы – 845 мектеп). Сондай-ақ бұрын қаржыландырылған 206 мекеме белгіленген талаптарға сай келмейді. Оқушылар мен мұғалімдерді жалған тіркеу және қосарланған есепке алу, рұқсат етілген жобалық қуаттан артық жүктеу және тағы басқа жағдайлар анықталды.
Аудит барысында төмендегідей алдын ала нәтижелер белгілі болды:
- 1 333 оқушының бір мектептен екінші мектепке 5-тен 12 ретке дейін көшуі;
- 64 жекеменшік мектепте оқушылардың саны жобалық қуаттан екі есе артық болуы;
- 2024 жылы 167 жеке мектептің салықтық есептілігінде кірістер көрсетілмеуі.
Ішкі мемлекеттік аудит қызметінің аумақтық департаменттері арнайы хат жіберіп, нәтижесінде мектептер 1,2 млрд теңге көлемінде салық төлеген. Бүгінгі таңда 46 мектепте қарсы тексерулер жүргізілуде.