Бектенов мектеп асханасында тамақтану сапасын жақсарту үшін Тамақтану стандартын әзірлеуді тапсырды
Премьер-министр Президенттің мектеп асханаларында тамақтану сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде бірыңғай Тамақтану стандартын әзірлеуді және қабылдауды тапсырды.
Астана, NEGE. Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында бастауыш сынып оқушылары мен аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды мектепте тегін ыстық тамақмен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Олжас Бектенов балаларға берілетін тамақтың сапасы мұқият тексеруді қажет ететінін атап өтті.
«Бүгінгі таңда 403 мектепте асхана жоқ, сондықтан онда балалар ыстық тамақпен толыққанды қамтамасыз етілмеген. Мектептегі, әсіресе шағын және шалғайдағы мектептерде қауіпсіз тамақтануды ұйымдастыру мәселесінде толық тәртіп орнату қажет. Тамақтану сапасын жақсарту және жеткізушІлердің жауапкершілігін арттыру бойынша нақты шаралар қабылдаған жөн», – деді Премьер-Министр.
Премьер-министр жыл соңына дейін тамақтану стандартын қабылдауды тапсырды. Құжат сарапшылар мен ғалымдардың қатысуымен жасалуы керек.
Тиісті міндет білім және денсаулық сақтау министрліктерінің алдына қойылды. Оқу-ағарту және Қаржы министрліктеріне міндетін адал атқармаған жеткізушілер тізілімін автоматтандырып, осындай сатып алуға қатысушылардың әкімшілік жауапкершілігін белгілеу жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.
Әкімдіктер мектеп асханаларының материалдық-техникалық базасын жақсарту мәселесін ерекше бақылауға алуы керек. Сонымен қатар инфляция деңгейін ескере отырып, тамақтану құнын қайта есептеу және оған қосымша қаражат бөлу қажет.
Жыл соңына дейін бюджет қаражатын пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін аппараттық-бағдарламалық кешенде орнатуды және оларды «Әлеуметтік әмиян» ақпараттық жүйесімен интеграциялауды қамтамасыз ету маңызды.
Денсаулық сақтау министрлігіне балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша мониторинг пен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау шараларын күшейту, қажетті нормативтік түзетулер енгізу тапсырылды.