USD
USD
USD

Бектенов Eni және Baker Hughes компаниялары басшылығымен кездесті

Премьер-министр Олжас Бектенов Eni S.p.A-ның жаһан бойынша табиғи ресурстарды барлау және өндіру жөніндегі директоры Лука Виньяти мен Baker Hughes директорлар кеңесінің төрағасы әрі бас атқарушы директоры Лоренцо Симонеллимен мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықты талқылады.

кездесу
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Кездесулер барысында бірлескен инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы талқыланды, сондай-ақ өзара іс-қимылды одан әрі дамыту перспективалары қаралды. Үкімет басшысының мәлімдеуінше, былтыр тікелей шетелдік инвестициялар ағыны $20 млрд-тан асты. Биыл ел экономикасына $25,5 млрд-тан астам шетелдік инвестиция тарту жоспарлануда.

Eni S.p.A-ның жаһан бойынша табиғи ресурстарды барлау және өндіру жөніндегі директоры Лука Виньятимен кездесуде энергетикалық инфрақұрылымды одан әрі дамыту мәселесі қаралды. Жаңаөзендегі жалпы қуаты 247 МВт гибридті электр стансасының құрылысына ерекше назар аударылды.

Baker Hughes директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Лоренцо Симонеллимен өндірісті локализациялауды кеңейту және мұнай-газ саласында заманауи технологиялық шешімдерді енгізу мәселелері талқыланды.

«Бүгінгі таңда Қазақстанда компания қосалқы бөлшектердің 174 атауын өндіруді локализациялады, 100-ге жуық позиция қазақстандық жеткізушілермен бірлесіп пысықтау сатысында тұр, бұл ретте компанияның сервистік қызметтерінің 95%-ын қазақстандық бөлімшелер мен мамандар орындайды», – делінген Үкімет хабарламасында.

Baker Hughes локализацияны одан әрі кеңейтуге, отандық кәсіпорындармен әріптестікті дамытуға, өнеркәсіптік жабдықтарды мониторингілеу үшін цифрлық шешімдерді енгізуге, сондай-ақ газ өңдеу, заманауи өндірістер құру және декарбонизация саласындағы жобаларға қатысуға ниетті екені атап өтілді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және мұнай-газ саласындағы технологиялық әріптестікті кеңейтуге өзара мүдделі екенін жеткізді.

Қазір оқып жатыр

«Рейстің кешігуі мәселесіне назар аударды»: Тоқаев Air Astana басшысын қабылдады

 Air Astana

Партия төрағалары неге қатарынан ауысып жатыр?

Партиялар

Алматыда сел қаупіне байланысты Наурызбай ауданы тұрғындары эвакуациялануда

Сел

Құрылтай депутаттарын сайлау 23 тамызға белгіленді

Сайлау туралы заң