Бекеттен айналып өтпек болғандар ұсталды
Солтүстік Қазақстан облысы полицейлері карантиндік бекетті айналып өтпек болған жастарды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы, NEGE. 12 сәуірге қараған түні Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылының тұрғыны мен облыс орталығының үш тұрғыны Петропавл қаласынан “Kia Spectra” автокөлігіне мініп шықпақ болады. Полицейлер оларды № 1 блок-бекетте тоқтатты. Жігіттер Бәйтерек ауылына достарының моншасына жуынуға бара жатқандарын айтады. Полицейлер карантин кезінде қалаға кіріп-шығуға болмайтынын түсіндірді. Тек үлкен жүк көліктері мен азық-түлік, тауарлар тасымалдайтын көліктерге рұқсат берілген. Шетелдік маркалы көліктің жүргізушісі машинасын кері бұрып, Петропавл қаласына бет алды. Алайда сәлден соң трассадан түсіп, ауыл арасындағы жолмен шығып кетпек болған. Блок-бекетте кезекшілікте тұрған сақшылар оларды байқап қалып, карантиндік аумақтан шыққанға дейін тоқтатты. Медициналық куәландыру жолаушылардың мас емес екенін көрсетті. “Барлық төрт жігітке қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабы “Төтенше жағдай режимін бұзу” бойынша материал жиналды”, – дейді Қызылжар ауданы полиция бөлімінің бастығы Әлихан Байқадамов. Қызылжар аудандық соты Бескөл ауылының 1988 жылы, Петропавл қаласының 1990 және 1991 жылдары туған тұрғындарын үш тәулікке қамаққа алу туралы шешім шығарды.