«Бекболат шетелге қару сатуға көмектесті» деген азамат бар шындықты айтты
Бұған дейін Бекболат Тілеухан шетелге әскери техника сатуға көмектесті деп видео мәлімдеме жасаған адам ол сөздерді әлдебіреулердің қысымымен айтқанын хабарлады.
Алматы, NEGE. Журналист Тоқтар Жақаш әлеуметтік желіде видео жариялаған болатын. Онда белгісіз бір адам Ресейге қару өткізгенін, бұған Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның қатысы барын айтқан еді.
Бейнежазбадан ұққанымыз, әлдебір заңсыз «қару сатушы» ұсталған. Қашан, қай жерде екені беймәлім. Оны көлік ішінде әлдекімдер тергеп жатыр. Күдікті заңсыз қару сатумен айналысатынын мойындайды. Айтуынша, ол еліміздегі Ресейдің әскери базаларының бірінен танысы арқылы қару алып, оны Ресейге тасымалдап отырған. Осы үшін қомақты қаражат алған. Ол тергеу барысында бұл істің артында ҰҚК қызметкерлері мен Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан тұрғанынан мәлімдейді.
Іле-шала бұл бейнежазбаға қатысты депутат Бекболат Тілеуханның өзі пікір білдірді. Өзіне жала жапқан адамдарға қатысты Ұлттық қауіпсіздік қызметіне, басқа да құқық қорғау органдарына және Қауіпсіздік кеңесіне шағым түсіретінін айтқан еді.
«Бейнетаспаны көрдім. Өте жақсы спектакль жасаған. Күдікті ұсталып жауап беріп жатқан сияқты. Адамдардың аты-жөнін анық айтады. Қисынға симайтын нәрселерді айтады», – деді депутат.
Енді осы оқиғаны баяндаған адам видеоүндеу жасап, Бекболат Тілеуханнан кешірім сұрап отыр. Ол өзінің осыған дейін айтқандарының бәрін жоққа шығарды. Ол видеоны Талғат Рысқұлбеков facebook парақшасына жариялады.
«Осыған дейін айтқандарымның барлығы өтірік. Аты-жөні аталған адамдар өмірде жоқ, мемлекеттік құрылымдарға да қатысым жоқ. Бұның бәрін маған қарыз берген адамдардың қысымымен айттым. Сонымен қатар Бекболат Тілеуханнан кешірім сұрағым келеді. Адал атыңызға кір келтіргенім үшін мені кешіре көріңіз. Қайталап айтам, мұның барлығы жалған. Кешіріңіздер мені», дейді Бегім Ысқақов.
Белгілі болғандай Бегім Ысқақов есімді азамат осыған дейін айтылғандардың барлығын өзгелердің қысымымен жасаған.