«Бек Эйр» жұмыссыз қалған қызметкерлеріне өтемақы төлеуі тиіс
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі «Бек Эйр» авиакомпаниясының пайдаланушы және әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы туралы сертификатын қайтарып алған болатын.
Алматы, NEGE. Осыған байланысты ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі аталған әуе компанияның бұрын сатып алынған әуе билеттерінің ақшасын жолаушыларға қайтаруға қатысты бірқатар сұрақ туындағанын айтты. Еңбек заңнамасына сәйкес «Бек Эйр» АҚ қызметкерлерін еңбек жағдайларының өзгергені туралы жазбаша хабардар етуге, олардың еңбек қызметін растайтын құжаттарды беруге, сондай-ақ қызметкерлеріне өтемақы төлемдерін жүзеге асыруға тиіс.
«Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 540 бұйрығымен бекітілген Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларына сәйкес әуе компаниясы бұрын сатып алынған билеттер үшін жолаушыларға ақшаны қайтаруға міндетті. Қазақстанның авиациялық әкімшілігі және Азаматтық авиация комитеті «Бек Эйр» АҚ-ның жұмыстан шығарылған қызметкерлеріне балама жұмыс табуға көмектеседі. Алдағы күндері арнайы сайт ашылады. Онда әуе компанияның қызметкерлері жұмыс іздеу үшін тіркеле алады», - деп хабарлады министрліктен.