Бейжің Олимпиадасында Қазақстан туын кімдер ұстап шығады?
2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан туын кімдер ұстап шығатыны белгілі болды.
Алматы, NEGE. Шорт-тректен Қазақстан командасының көшбашысы, әлем кубогы кезеңдерінің жеңімпазы әрі жүлдегері Абзал Әжіғалиевпен конькимен жүгіруден төрт құрлық чемпионы Екатерина Айдова Бейжің Олимпиадасында Қазақстан олимпиадалық құрамасының туын ұстаушылар болып бекітілді.
ҰОК сайтының мәліметінше, Екатерина Айдова ең алғаш рет 2010 жылғы Ванкувер Олимпиадасында қатысқан, кейін Сочи-2014 және Пхенчхан-2018 ойындарында ел намысын қорғады. 30 жастағы Айдова үшін Бейжің ойындары карьерасныдағы төртінші Олимпиада болмақ. Тәжірибелі спортшы - конькимен жүгіруден әлем кубогы кезеңінің, 2017 жылғы Универсиада ойындарының жүлдегері, 2021 жылғы төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы.
Абзал Әжіғалиевтің еншісінде шорт-тректен әлем кубогы кезеңдерінің барлық жүлдесі бар, 2017 жылғы Универсиада, 2011 жылғы Азия ойындарының медалін алған. Абзал 2014 және 2018 жылдардағы Олимпиадаға қатысып, Пхенчханда Қазақстанның туын көтеріп шыққан болатын. Ол мұндай құрметке екінші рет ие болып отыр.