Бейжің Олимпиадасы: Кімдерден үміт күтеміз?

Қысқы Олимпиададан Қазақстан құрамасы төмен нәтиже көрсетіп жүр. Қазақстан қысқа Олимпиадаға қатысу тарихында барлығын қосқанда 8 медаль ғана жеңіп алған. Осы Олимпиадаға қандай болжам бар? Спорттың қай түрінен медаль алуымыз мүмкін? Кімдерден үміт күтеміз?
Nege.kz порталының тілшісінің сауалына Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан ҰОК Бас хатшысы Андрей Крюков жауап берді.
Алдын ала болжам бойынша, фристайл-могул, фристайл-акробатика, шорт-трек және конькимен жүгіру спорты бойынша спортшылар сәтті өнер көрсетуі мүмкін
«Өкінішке қарай, өткен жаттығу мен жарыс маусымында команда карантиндік шектеулерге байланысты өнер көрсеткен жоқ, тек Германияда өткен әлем чемпионатына ғана қатысты. Осы маусымда бар күш-жігерімізді салып, жеті лицензия жеңіп алдық. Биатлоннан тәжірибесі бар Галина Вишневская, Александр Мухин Владислав Киреев, могулистер – Юлия Галышева, Аяулым Амренова, Олеся Граур, Анастасия Городко, Дмитрий Рейхард, Павел Калмаков бағын сынайды. Барлық спортшылар өте танымал және жеке таныстыруды қажет етпейді. Бұл – Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарындағы басты үмітіміз.
Бір қызығы, бүкіл команда қазақстандық могулшылар үшін даму орталығына айналған Өскемен қаласынан. Командада қиындықтар болды, өкінішке қарай, бір спортшы, визаның болмауына және ұйымдастырушылардың логистикалық проблемаларына байланысты лицензияға қол жеткізе алмады. Жалпы, команда өте қиын іріктеуден өтті, бүгінгі таңда нәтижелері жақсы деуге болады. Олимпиада ойындары қарсаңында фристайл акробатикасында команда көшбасшысы Жанбота Алдабергенова, Ақмаржан Қалмырзаева және Шерзод Әшірбаев 4 квота алды. Коньки тебушілер арасында Халықаралық федерация бүгінгі таңда 12 лицензияны растады. Осы маусымда команда әлем кубоктарына, барлық кезеңдерге қатысып, жақсы нәтижелер көрсетті. Кейбір спортшылар Олимпиадалық жарысқа бірнеше қашықтық бойынша қатысады», – деді ҰОК өкілі.
Бейжің олимпиадасының дайындығына бөлінген қаржы көлемі 4 жыл бұрын бөлінген қаражаттан көп. Соған қарай спортшылардың дайындығы қандай? Бөлінген қаражат ақтала ма? Бұл сауалға ҚР Мәдениет және спорт вице-министр Серік Жарасбаев жауап берді.
«Бөлінген қаражат туралы жоғарыда айтып өттік. Бүкіл спортшыларымыздың соңғы кезеңдегі дайындығына 250 млн теңге бөлінген болатын. Әрине, үкімет тарпынан болсын қаражат тек қана спортшылардың дайындығына арналып жұмсалатын болған. Сондықтан оған халық өзі баға береді. Айтып өтейін, біздің спортшыларымыз соларға бөлініп отырған қаражатқа бар күшін салып, қарқынды дайындық жүргізіп жатыр. Жақсы нәтижеге қол жеткізеді деген үмітім бар. Әр спортшы өз жолын таңдаған кезде Олимпиаданың биік шыңын бағындырсам дейді. Біздің тарапымыздан қолдау болды, олар барынша жаттықты. Спортшыларымызды қолдап, олардан үміт күтейік», – деді Серік Жарасбаев.
Естеріңізге сала кетейік, Олимпиада ойындары 4 ақпанда басталады. Ойындар үш спорт кластерінде өтеді – Бейжің, Яньцин және Чжанцзякоу. Ойынның мұндай тұжырымдамасын Халықаралық Олимпиада комитеті алғаш рет қабылдады. Әлемнің 95 елінен 4000-нан астам спортшы қатысады, олар 109 медаль жиынтығын сарапқа салады. Олимпиадалық команда құрамында 34 спортшы өнер көрсетеді, олардың 87 лицензиясы бар. Олимпиадаға жолдаманы келесі аптада тағы да жеңіп алуымыз әбден мүмкін.