13 Желтоқсан 17:40
...

Бейнеттің зейнетін кім көреді?

Фото:

Зейнетақы жүйесі әлем мемлекеттерінің бәрінде бар, тек оларды жинақтау мен беру мәселесі ғана әртүрлі. 1998 жылы 1 қаңтардан бастап зейнетақымен қамсыздандырудың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшкен Қазақстан бұл салада біраз реформа жасап үлгерді.

  Алматы, NEGE. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап, жұмыс берушілер әр қызметкерінің зейнетақысы үшін негізгі жарнаға қоса (әр адамның бұрыннан аударып келе жатқан 10 пайыздық жарна), өз қаржы қорынан 5 пайыз жарна аударатын болады. Ол заңмен міндеттелген. Бұл болашақ зейнеткерлердің зейнетақысының мөлшерін көбейту үшін жасалған екен. Алайда, қызметкер зейнетке жетпей қайтыс болса, жинақталған қаражаты мұрагерлеріне берілмейді. Өйткені зейнетақы қорындағы қаражат тек жинаушы иесіне ғана тиесілі деп саналады.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, қазір елімізде зейнетақының ор­таша мөлшері 86 мың теңге болса, жоғары мөлшері 117 мың теңгеге жетеді. Ең төменгі зей­нетақының мөлшері – 35 мың теңге. Базалық зейнетақы 54 мың теңге болып отыр.  Енді 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақы, әлеуметтік төлемдер, жәрдемақы мен зейнетақы өспек. Жалақының ең төменгі мөлшері бұрынғы деңгейде қалды – 42 500 теңге, ал ең төменгі зейнетақы артып, 800 теңгеге өсіп, 16 839 теңгеге тең болады. Зейнетақының ең төменгі мөлшері 2020 жылы 38 636 теңге болады, ал 2019 жылы 36 108 теңге еді. Қартыққа байланысты берілетін зейнетақы 7 пайызға ұлғаяды. Ал базалық зейнетақы 5 пайызға өседі, алайда төлемдер адамның еңбек өтіліне байланысты күнкөріс минимумына дифференциал өседі.

Сондай-ақ, ең төменгі күнкөріс деңгейі 1500 теңгеге дейін артып, 31 183 теңге болады. Әскери қызметшілерге (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден басқа) және арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлеріне тұрғын үйді ұстауға және коммуналдық қызметтерді төлеуге ақшалай өтемақының айлық мөлшері 3 739 теңге болады. Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 126 теңгеге ұлғайып, 2 651 теңгеге тең болады. Осыған байланысты мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша, жасына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар, еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ауыр жұмыстарда істейтін адамдарға арналған мемлекеттік жәрдемақы, балаларға арналған жәрдемақы (бір жолғы және бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша), сондай-ақ көпбалалы отбасылар мен ата-аналарға берілетін жәрдемақы артады.

2020 жылы еңбек өтілі мен әлеуметтік төлемдер мөлшері арасындағы байланыс күшейтіледі. Енді 71 айға дейін қоса алғанда – бес жыл және 11 айды қоса алғанда қатысу өтілінің қолданыстағы коэффициенттері сақталады, ал әрбір келесі толық жыл үшін бес жылдан артық коэффициент 2 пайызға артады. Мысалы, 7 жыл бойы қорға ай сайынғы орташа табысы 100 мың теңге болатын мүгедектер аударым жасаған болса, әлеуметтік төлем мөлшері 31 080 теңге ала алады. Бұл төлемге мүгедектігі бойынша арнаулы жәрдемақыны қосу керек. Екінші топ мүгедегіне берілетін бұл көмек 2020 жылы 47 710 теңге болады. Төлемнің жалпы сомасы – 78 790 теңге. Мысалы, мүгедектігі бойынша жәрдемақылар мынадай жолмен ұлғаяды: I топтағы мүгедектерге 59 872 теңге (күнкөріс минимумының 1,92 мөлшері), II топтағы мүгедектерге 47 710 теңге (1,53 КД), III топтағы мүгедектерге 32 431 теңге (1,04 КД) төленеді. Балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы (16 жасқа) I топ мүгедектігі барларға – 59 872 теңге (1,92 КД), II топ – 49 581 теңге (1,59 ӨМ), ІІІ топ – 37 420 теңге (1,20 КД). 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға 43 657 теңге (ең төменгі күнкөріс деңгейі – 1,4) төленеді. Балалар жәрдемақысы Бала тууына байланысты берілетін бір реттік жәрдемақы артады: бірінші, екінші және үшінші балаға – 100 738 теңгеге дейін (38 АЕК), төртінші баладан бастап 167 013 теңгеге дейін (63 АЕК). Бала күтіміне берілетін ай сайынғы жәрдемақы, әйелдерге: бірінші – 15 270 теңге (5,76 АЕК), екінші балаға – 18 054 теңге (6,81 АЕК), үшінші балаға – 20 811 теңге (7,85 АЕК), төртінші және одан кейінгі балаларға – 23 594 теңге (8,9 АЕК).

«Денсаулық сақтау саласындағы міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері, әлеуметтік қамтамасыз ету мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы  « заң жобасына сәйкес, төрт баласы бар отбасыларға айына – 42 500 теңге, бес баласы барларға – 53 125 теңге, алты баласы бар отбасыларға – 63 750 теңге, жеті және одан да көп баласы бар отбасыларға – 73 375 теңге төлеу жоспарланып отыр. Төлемдер отбасы табысының деңгейіне байланысты болмайды.  

 Қазірге кезде елімізде 2 миллион 190 мың зейнеткер есепке алынған. Оның 1270-і соғыс ардагері және осы санатқа теңестірілген 22 мың адам бар.

Тегтер: