USD
USD
USD

Beef Export Group: Елді етке тойдырамыз

Қостанайда ет өндіретін BeefExport Group компаниясы былтыр ғана іске қосылғанына қарамастан, аз уақыт ішінде нарықтан қомақты үлесін алып үлгерді. Әлемдік масштабтағы дағдарысқа қарамастан, зауыттың ет өнімдері көпшіліктің таңдайына татып жүр.

Beef Export Group: Елді етке тойдырамыз
Фото: NEGE.kz

Компанияның басшысы Александр Пархоменконың айтуынша, бастапқы кезеңде зауытта жылына 20 мың тонна ет өндіру жоспарланған.

«Мен үшін, менің бизнесім үшін бұл – үлкен сабақ, жаңа деңгей. Бұл тек жаңа зауыт қана емес, шикізатты толық өңдеп шығаратын кәсіпорын. Жылына 100 мың бас іріқара, 150 мың бас ұсақ мал сойылады деп жоспарланған. Жабдықтар мен құрылыс материалдарының бәрі Еуроодақ елдерінен және Ресейден әкелінген. Қазір оны монтаждау мен техниканы іске қосу жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр», – дейді А.Пархоменко.

Зауыт жұмысының кедергісіз жүруіне Қостанай облысының әкімшілігі, үкімет, ауыл шаруашылығы министрлігі, даму институттары қолдау көрсетіп жатыр. Әкімшілік инфрақұрылымын жасап, коммуникациясын тартып берсе, үкімет пен министрлік мемлекеттік бағдарламаларға қосып, «Даму» қоры арқылы шарттары жеңілдетілген несие алуға көмектескен.

Шикізатты қалдықсыз өндіру – заман талабы. Өйткені тек шикізат сатқаннан да, дайын тауар өндіріп сату әлдеқайда тиімді. Нарықта плазма мен эндокриндік шикізат сұранысқа ие. Мал сүйегінің ұнтағы да тапшы. Бұдан бөлек, зауытта концерві цехы іске қосылады. Зауыт аяққа нық тұрған соң жанынан тері өңдейтін цех жабдықталады. Өңделген дайын терінің құны жоғары екені белгілі. Қысқасы, өндіріс орны негізгі өнімнен пайда тауып қана қоймай, жанынан жанама өндіріс орындарын ашу арқылы да аясын кеңейтпек.

Зауытқа қатысты жұрт арасында мынадай маңызды сұрақ бар: «Малды адал соя ма?».

Бұл сұраққа зауыт басшысы А.Пархоменко былай деп жауап берді:

«Малды халал стандарты бойынша сою Қазақстанда бұрыннан бар. Нарықтың сұранысы да осы. Біздің өнеркәсіп «Алтын ет» деген сауда белгісімен нарықта танымал. Ет өнімдері Халал стандартына толық сай. Біраз уақыттан бері солтүстік аймақтың ірі сауда жүйелеріне өнім жеткізіп береміз, қатардағы тұтынушылар мен тамақ өнеркәсібі саласында да тұрақты клиенттеріміз бар.

Қазақстанда өндірілетін ет Ислам стандарты бойынша мұсылман елдеріне танымал. Біздің тауар өндірушілердің ирандық, малайзиялық компаниялармен келісімшарттары бар. Сиырдың және қойдың мұздатылған етін авитранспортпен жеткізіп береді. Біз көптен бері Таяу Шығыс елдерін зерттеп жүрміз. Жаңа зауыттың жұмысын осылай қарай бағыттаймыз. Неге дейсіз бе? Өйткені бізде өндірілетін ет экологиялық таза әрі ГМО-сыз».

Қазақстанға іріқараның Ангус және Герефорд тұқымдары жерсініп қалды. Бұлардан бөлек өзіміздің Ақбас тұқым тағы бар. Бір кездері қазақтың Ақбасы бәсекеге қабілетті еді. Бірақ уақыт өте келе мұхит асып келген «қонақтарға» төтеп бере алмай қалды. Көбіне етінің салмағы және мраморлығы жағынан кемшін түсіп жатады. Дегенмен де зауытқа мал жеткізіп беретін фермерлердің тауарының сапасы өте жақсы екен.

«Қазақ етті көп жейді» деп мақтанғанымызбен тауар өндірушілер сұранысты толық жаба алмай отыр. Зауыт басшысының айтуынша, егер ет импорттауды тоқтатса немесе қатаң шектесе, онда бізде еттің бағасы Еуропа елдерінен де қымбат болуы мүмкін. Ал біздің ел ет жемей тұра алмайды. Сондықтан шынайы бәсекелестік керек.

«Егер мейрамханалар стейк үшін шетелден мраморлы ет сатып алмағанда, біздің фермерлер дәл сондай ет өндіруді қолға алмас еді. Қазір мал бордақылайтын екінің бірі осы бағытта жұмыс істейді. Бәсекелестік деген осы», – дейді А.Пархоменко.

Пандемия ет экспорттау саласын да сансыратып кетті. Ауыл шаруашылығы министрлігінің жоспары бойынша, 2020 жылы Қазақстан 180 мың тонна ет экспорттау (өңделген ет пен тірі малды қосқанда) керек болған. Алайда жыл соңында индикатор көрсеткіші бұл цифрдың 5%-іне әзер жетті. Бұған тірі малды шетелге шығаруға тыйым салудың да әсері бар.

«BEEFSTREAM» ЖШС «Қазақстанның ет өндіруші өнеркәсіптері ассоцияцясына» кіреді. Тірі малды экспорттаудың қауіпті екенін алғаш айтқан да – осы мекеме. Құзырлы органдар мұны түсініп, жыл басынан бастап тірі малды экспорттауға тыйым салды. Тыйым қарашаға дейін созылды. Жылдам табыс пен субсидиядан қағылған мал бордақылаушылар наразылық танытқаны белгілі. Алайда «BEEFSTREAM» ЖШС Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жолдап, тыйым уақытын ұзартуды сұраған. Өйткені мал экспортымен айналысатын пысықайлар бордақыланған бұқалармен қосып жас мал мен аналық басты да шетелге сатып жіберуі мүмкін. А.Пархоменконың пікірінше, егер тыйымды алып тастаса, ет өндіруші сала үшін мұның салдары сұмдық болмақ.

А.Пархоменконың айтуына қарағанда, зауыт – Қостанайдағы ет өндіретін іргелі өнеркәсіп. Зауыттың жалпы құны 13 млн доллардан асады. Зауыт толықтай іске қосылғанда мұнда 200-ге жуық адам тұрақты жұмыс істейтін болады. Дәл осындай зауыттарды Ақмола, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында салу жоспарлануда. Бұл да ет өнімдеріне деген сұранысты жаба алмайды, бірақ осы салаға жаңа серпін берері сөзсіз.

Қазір оқып жатыр

Ақтаудағы МАЭК-те екі жұмысшы тұз қышқылынан күйік алды

МАЭК

Ақмола облысында колледж студенті бұрынғы сыныптасын пышақтап кеткен

мұғалімді пышақтады

Алматыда Жириновскийдің құрметіне естелік тақта орнату ұсынылды

Владимир Жириновский

Трамп Вашингтонда тілшілермен болған кешкі астан шұғыл эвакуацияланды

Трамп