20 Қаңтар 16:56
...

Bazis басшысы сотта бұрынғы әйелін ақша бопсалады деп айыптады

Белова
Фото: NEGE

Алматыда Bazis құрылыс компаниясының негізін қалаушы Александр Белович пен ресейлік Владислав Лихачевтің арызы негізінде қамауда отырған Татьяна Беловаға қатысты қозғалған іс бойынша басты сот отырысы өтіп жатыр.

Алматы, NEGE. Қылмыстық іс 3 эпизодтан тұрады. Бүгінгі сот процесінде айыптау актісіндегі «бопсалау» эпизоды бойынша  жәбірленушілерден жауап алу басталды. Жәбірленуші Александр Беловичтің айтуынша, бопсалауды оның бұрынғы азаматтық некедегі әйелі Лилия Аношина ұйымдастырған.

Белович
Фото: NEGE

«Менің арызым бойынша тергеу әрекеттері басталып, нәтижесінде қылмыстық іс қозғалды. Аношина бопсалауды ұйымдастырушы деп танылды. Ол тергеуден бой тасалап жүр», – деді Белович.

Кәсіпкердің айтуынша, 2024 жылғы 29 мамырда оған электронды поштасына ProtonMail (шифрланған электронды пошта) арқылы хат келген. 

«Шамамен бір жарым айдың ішінде осындай 25 шақты хат алдым. Олардың мазмұны ұқсас болды: маған тіл тигізіп, ақша талап етіп, қорқытты. Хаттарда ақша төлеуден бас тартқан жағдайда мен туралы және компаниям туралы бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде және басқа да ресурстарда беделіме нұқсан келтіретін, жалған мәліметтер таратылатыны айтылды. Басында бұл хаттарға мән бермедім. Оларды оқығым келмеді, себебі ішінде қорлық сөздер көп болды», – дейді Bazis басшысы.

Беловичтің айтуынша, Аношинаның атына ашылған банк шотының реквизиттері көрсетіліп, дереу 2 млн доллар аударуды талап еткен хатты алғанға дейін бұл хабарламаларды елемей келген.

Белова
Фото: NEGE

Жағдайдың ушығып бара жатқанын түсініп, мұның шынайылығын анықтау үшін көрсетілген шотқа 200 доллар аударған. Осыдан кейін бір апта ішінде ProtonMail арқылы Аношинаның электронды мекенжайынан тағы үш хат алыпты.

«Әрине, барлық әрекеттердің ұйымдастырушысы – Аношина, ал барлық операцияларды тікелей орындау, құжаттарды дайындау мен сақтау, жоспарларды құру және жалған құжаттарды рәсімдеу – Белованың мойнына жүктелген. Бұл мәліметтер қылмыстық істің материалдарымен расталған», – дейді Белович соттағы жауабында.

2025 жылдың көктемінде кәсіпкер Алматы қаласының полиция департаментіне шақырылған. Онда тергеуші оған басқа бір қылмыстық іс бойынша Белованың кабинетінде компьютер тәркіленгенін хабарлаған.

«Тергеу Белованың компьютерінен жойылған электрондық поштаны қалпына келтірді. Осы материалдар негізінде тергеу Белованы алдын ала сөз байласу арқылы жасалған қылмысқа, яғни менің беделіме нұқсан келтіру және жалған ақпарат тарату қаупімен 2 млн доллар бопсалаған деп айыптады», – деді Белович.

Татьяна Белованың компьютерінен нақты қандай құжаттар табылған? Белович өзінің қолтаңбасы қойылған жалған құжаттардың анықталғанын атап өтті. Сонымен қатар келісімшарттар мен медициналық құжаттар сияқты өзге де жекелеген материалдар бар екені айтылды. Сөзінше, тергеу барысында баспасөзде жариялауға арналған дайын материалдар да анықталған.

«Құжаттармен танысқан кезде олардың көптігін, мазмұнының қаншалықты жалған екенін көріп, қатты таңғалдым. Бұл құжаттар, яғни тергеу деректеріне сүйенсек, қылмыстық әрекеттің ақпараттық шабуылына алдын ала дайындалған. Олардың қатарында түрлі жалған құжаттар, материалдар, сценарийлер мен мәтіндер болған», – деді кәсіпкер.

Жәбірленуші Владислав Лихачев аталмыш эпизодқа қатысты куәгер ретінде танылған. Ол Лилия Аношинаның бірінші некесінен туған қызы Лара Эртлдің бұрынғы күйеуі. Яғни, Владислав Лихачев Лилия Аношинаға күйеу бала болған.

Лихачев Лара Эртлмен бірге тұрған уақытта Аношина мен Белова арасында Bazis пен Беловичке қатысты белгілі бір материалдар, ақпарат немесе жарияланымдар дайындау мәселелері бірнеше рет талқыланғанын растаған. Оның айтуынша, бұл тақырып олардың күнделікті әңгімелерінде жиі көтерілген. Бірге тұрғандықтан, ол таңғы ас, түскі ас кезінде және күн бойы бұл әңгімелердің куәсі болған. 

Куәгердің мәліметінше, өзара талқылаудың негізгі өзегі Франциядағы сот процестері болған. Оның сөзінше, Аношина мен Белова бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қысым жасау сотта жеңіске жетуге көмектеседі деп есептеген.

Белова
Фото: NEGE

Сот процесі барысында жәбірленуші мен куәгердің жауабын тыңдаған Татьяна Белова, айтылғандардың ешбірі шындыққа жанаспайтынын айтты. Сонымен қатар ол өзіне негізсіз жабылған жаланы ары қарай тыңдау мүмкін емес екенін атап өтті. 

Контекст

Татьяна Беловаға Alfa Stom стоматологиялық клиникалар желісінің құрылтайшысы Лилия Аношинамен бірлесіп, алаяқтық жасады деген айып тағылып отыр. Лилия Аношина – Bazis құрылыс компаниясының негізін қалаушы олигарх Александр Беловичтің азаматтық некедегі бұрынғы жұбайы. Қазір Лилия Аношинаның өзі Қазақстанда емес. Ол бұған дейін елге келсе, қудалаудан қауіптенетінін мәлімдеген еді.