Құрылтай — 23 тамыз
USD
USD
USD

Базалық мөлшерлеме тағы өсті. Үкімет пен Ұлттық банк НЕГЕ бәйбіше мен тоқалдың баласындай?

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы да көтерді. Бұл жолы 16,75 пайызға дейін. Айтуларынша, мұндай шешім қабылдауға болжамдар мен нақты деректердің сараптамасы түрткі болған. Жұмсартып айтсақ, бұлар көңілді көншітпейтін көрінеді. Мұның басты себеп – дүниедегі дүрбелең.

Базалық мөлшерлеме тағы өсті. Үкімет пен Ұлттық банк НЕГЕ бәйбіше мен тоқалдың баласындай?
Фото: NEGE.kz

«Бұған геосаяси ахуалдың дүдәмалдылығы және оның салдары, сондай-ақ әлемдегі азық-түлік бағасының шарықтауы секілді сыртқы факторлар негіз болып отыр. Ішкі экономика жағынан алғанда тарихи тұрғыдан ең жоғарғы инфляция, сұраныс пен ұсыныс арасында теңгерімсіздік, сондай-ақ импорт өсімі жоғарылау барысында сауда-саттықтың қайта құрылымдалуы күтілу үстінде», – дейді Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Регулятордың пікірінше, ұзақ уақыт бойы базалық мөлшерлемені осы деңгейде сақтау  инфляцияны тұрақтандыруға және оны болашақта бірте-бірте төмендетуге мүмкіндік бермек.

Сарапшылардың пікірінше, Ұлттық банктің қолында инфляцияны ауыздықтаудың басқа құралы жоқ. Экономист Мақсат ХАЛЫҚ Ұлттық банктің бизнесті құрбандыққа шалып, инфляцияны ауыздықтайтын шешімін түсіндіріп берді.

«Үкіметтің Ұлттық банкті сынайтын құқығы жоқ»

– Ұлттық банктің түсіндіруінше, базалық мөлшерлеменің көтерілуіне елдегі инфляция деңгейінің жоғарылығы түрткі болып отыр. Инфляция күтімі де өте жоғары. 20 пайыздың үстінде. Ал азық-түлік инфляциясы 24 пайызға шығып кеткенін көріп отырмыз. Жоғары инфляция кезінде базалық мөлшерлемені 0,75 пайызға көтеру қалыпты нәрсе ретінде түсіндіреді.

Тағы да бір мәселе, АҚШ-тың федералдық резервтік жүйесі доллардың мөлшерлемелік пайызын арттырып отыр. Биыл төрт-бес рет көтеріп үлгерді. Демек бұл жайт та дамушы елдердің ұлттық валюталарына белгілі бір деңгейде қысым жасайды. Сондықтан Ұлттық банк осындай қадамға барған.

Тағы бір шешім мынау: Мәскеу жариялаған «ішінара мобилизациядан» кейін елімізде ресейліктер көбейді. Осы жағдай елдегі инфляцияны қарқындатты. Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемеден басқа мұны тежейтін, инфляцияға қарсы күресетін құралы жоқ.   

Сарапшылардың бұл мәселеге неге сын көзімен қарайтынын жақсы түсінемін. Өйткені, базалық мөлшерлеме неғұрлым жоғары болған сайын нарықтағы ақша қымбаттайды. Несиенің пайыздары өседі. Дәл осындай жоғары пайыз 2015 жылы болған. Еркін айналымға өткен кезде теңгеміз қатты әлсіреген еді. Сол кезде Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 17 пайызбен бекіткен болатын.

Қазір де осыған жақын пайызды көріп отырмыз. Мұның салдары қандай? Бизнес несие алуға қиналатын болса, іскерлік белсенділік төмендейді. Бұл елдің жалпы экономикалық өсімін тежейді. Бірақ Ұлттық банктің осы жолғы түсініктемесіне қарасақ, бұдан әрі өсірмейміз дегенді меңзеді. «Ең жоғарғы шегі осы болуы мүмкін» дегенді айтты. Инфляция ретке келсе, келесі жылдың алғашқы тоқсанына қарай базалық мөлшерлемені түсіреміз деген нұсқау бар.

Коллаж: АР

Базалық мөлшерлемені әрі қарай көтере берудің де негізі жоқ. Бірақ инфляция төмендемей, мөлшерлеменің төмендеуі неғайбыл. Бірінші кезекте инфляцияны ауыздықтау керек. Үкімет Ұлттық банкті сөгіп отыр. Бірақ үкіметтің өзі инфляцияны төмендетуге қолғабыс беріп жатқан жоқ. Шынтуайтында, үкіметтің де жұмысына көп нәрсе тікелей байланысты болып тұр. Индустрияландыру бағдарламалары, елімізде салынған зауыттар мен фабрикалардың жұмысы жүзеге асырылса, өндіріс мүмкіндіктері артса, инфляция өздігінен төмендейді.

Менің ойымша, Үкіметтің Ұлттық банкті сынайтын құқығы жоқ. Үкімет мен Ұлттық банк бірлесіп жұмыс атқармайынша, теңгенің құнды болуы екіталай.

Қазір оқып жатыр

Қазақстанда Telegram жұмысы баяулады: жауапты мамандар не дейді?

Telegram

«ҰБТ-дан 125 балл жинағанымен, грантқа ілікпеді»: жетісулық ата-аналар шағымын жеткізді

ҰБТ

Қант нарығы әлі де импортқа тәуелді: отандық өндірістің үлесі тек 29%

қант импорты

Қажылыққа апарамын деп елден 60 млн теңге жинап алған екі астаналық сотталды

Қажылық