«Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенінен алғашқы ұшу 2025 жылдың соңына жоспарланды

Мәжіліс 2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады.
Алматы, NEGE. Хаттама арқылы ұшу сынақтарының басталу күнін 2025 жылдың желтоқсанына ауыстыру туралы түзету енгізіледі. Бұл өзгеріс жабдық пен қосалқы бөліктерді жеткізуге кедергі келтірген геосаяси жағдайға байланысты. Ресей тарапының 2028-2039 жылдар аралығы кезеңінде «Бәйтерек» кешенінен жылына кепілдендірілген ұшу саны екіден үшке дейін ұлғайтылады. Бұл жобаның өтелуіне қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар резидент еместер үшін қосылған құн салығы бойынша нөлдік мөлшерлеме қолдануға бағытталған өзгеріс енгізіледі. Бұл шара республикалық бюджеттен ҚҚС бойынша қосымша шығынның алдын алады. Корпоративті табыс салығы бойынша «Бәйтерек» АҚ үшін салық преференцияларын қолдану мерзімдерін есептеу шарттары өзгереді.
Аталған мемлекетаралық жобаны жүзеге асыру ғарыш айлағының инфрақұрылымы мен кадрлық ресурстарын сақтау үшін маңызды. «Бәйтерек» кешенін уақтылы пайдалануға беру Қазақстанға ғарыш аппараттарын әзірлеу мен жасаудан бастап оларды «Бәйтерек» кешенінен ұшыруға дейін тиімді коммерциялық құрылымы бар толыққанды ғарыш саласын құруға мүмкіндік береді. Жоба өңірге қаржы тартуға және жаңа жұмыс орындарын құруға жол ашады.