«Байтақ» төрағасы: Біз Экономика және Қаржы министрлігін алмастырмаймыз
Құрылтай алдында өтіп жатқан «Басты дебат – 2026» пікірталасында «Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев партияның экономикалық ұсыныстарына қатысты сынға жауап берді.
Астана, NEGE. Пікірталас барысында ҚХП төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов «Байтақтың» жыл сайын мемлекеттен 30 мың пәтер беру, баршаға тегін жоғары білім ұсыну, жәрдемақы, зейнетақы мен жалақыны арттыру, сондай-ақ ауруханалар, ЖЭО, су және көлік инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі ұсыныстарына назар аударды. Ол мұндай қымбат бастамалардың нақты экономикалық есебі жасалған-жасалмағанын сұрады.
Азаматхан Әміртаевтың айтуынша, саяси партия экономикалық және қаржылық мемлекеттік органдардың функциясын атқармайды.
«Нұрсұлтан Шоқан мырза, саяси партия – идеологиялық ұйым. Саяси партия мемлекеттік органдардың орнын баспайды. Экономика министрлігін де, Қаржы министрлігін де алмастырмаймыз, біз – идеологиялық ұйымбыз. Халықпен тікелей жұмыс істейміз, халықтың шағымдарын жинап, билікке жеткіземіз. Билік оларды елемей өте алмайтындай етіп жеткізуге тырысамыз», – деді ол.
Партия төрағасы өз сөзінде қаржыны тиімді пайдалануға мүмкіндік бар екенін де айтты. Оның сөзінше, Аудиторлық палата 2025 жылғы қаржылық тексеру барысында 2 трлн теңгеден астам заңбұзушылық анықтаған.
«Жастарға, жас отбасыларға қолжетімді баспана беру, әсіресе көпбалалы аналарға қолдау көрсету арқылы, біріншіден, біздің демографиямыз өседі. Ал демография өссе, экономикамыз да дұрысталады. 20 млн халықпен біз тұрақты мемлекет құра алмаймыз. Бізге 40 млн халық керек. Бізге демографиялық саясат жүргізу қажет», – деді Әміртаев.
Әміртаевтың сөзінше, партия саясат пен идеологияны экономикалық мәселелерден бұрын қояды. Ол бұған дейінгі «бірінші экономика, кейін саясат» қағидасын да сынға алды.
«Саяси реформа – нағыз идеология, нағыз саясат. Біз соның артынан әділ экономика мен демографиялық агрессивті саясат жүргізуіміз керек. Сол кезде еліміз өседі, мықты болады», – деді ол.
Айта кетейік, дәл қазір Құрылтай алдындағы саяси партиялардың жетекшілері арасында дебат өтіп жатыр.