Баян Алагөзова неден қорқады?
«КешYou» тобының продюсері Баян Алагөзова осы уақытқа дейін бірнеше фильм түсірді. Жарыққа шыққан туындыларда Алагөзованың жобасындағы әнші қыздар басты рөлді сомдап жүр.
Алматы, NEGE. Мәселен 2010 жылы «Ғашық жүрек немесе жұлдызды коктейль» фильмінде ең алғаш Мөлдір Әуелбекова басты рөлді ойнаса, одан кейінгі киноларда «КешYou» тобында өнер көрсетіп жүрген әнші арулар да бақ сынап, актерлік қабілетімен таныла бастады. Олардың көбі жұлдыздары жанған соң, продюсерлік орталықтан өз еншісін алып, бөлек кеткен еді. Көпшілігі келісімшартты уақытысынан бұрын бұзған. Соның салдарынан аты аталған топ құрамы бірнеше рет өзгерді. Келеңсіз жағдайлардан сабақ алған танымал продюсер алдағы уақытта қарамағындағы әнші қыздарын кино әлемінен алшақ ұстаймын деп бекініп отыр.
«Қазіргі құрамға көңілім толады, жақында тағы бір жаңа бейнебаянымыз жарыққа шығады. Бұрындары екі қыз сұлу, бір қыздың дауысы болса, ал бұл жолы үш қыз да сұлу, үшеуінің де дауыстары мықты. «Оларды фильмдерге түсуге шақырса, жібересіз бе?» деген сұрақ жиі қойылады. Жауап беру қиын. Өйткені, оларды фильмге жіберуге немесе оларды өзім түсіруге қорқамын. Себебі, қыздардың көбісі солай фильмге түсіп, «мега жұлдыз» болып кетіп, кейін күтпеген жерден түрлі жағдайға тап болып қалып жатамыз. Сондықтан да оларды фильмдерге түсіруге көп ойланамын, жалпы бұл сұраққа жауап беру қиын мен үшін», – дейді продюсер.
Алагөзова аты аталған топтың экс мүшелерімен тығыз-қарым қатынаста. Араларында өкпе-реніш жоқ. Сондықтан болар қазіргі таңда тасы өрге домалаған қыздарын мақтанышпен айтады.
«КешYou» тобынан шыққан қыздардың барлығы да өнерде қызмет етіп жүр деп қуанышпен айта аламын. Ал олардың актерлік шеберлігіне келетін болсақ, Мөлдір, Жанар, Айдана, Кәмшат, Ақбота барлығы өздерін актрисалық жағынан сынап көрді, өздерін көрсетті. Әсііресе, Кәмшатқа фильмге түсуге ұсыныс көп. Ондай жағдайда әртіс халықты жалықтырып алуы мүмкін. Ал Жанар Дұғалованы режиссерлер шақырмай ма, әлде өзі келіспей жүр ме білмедім. Ол жоғарғы оқу орнын қызылға бітірген кәсіби актриса, фильмдер мен сериалдарға көп түссе жақсы болар еді», – дейді Баян Мақсатқызы.
Айта кетейік, продюсер комедия жанрындағы «Пышка» атты фильмнің түсірілімін бастады. Басты рөлді сомдайтын актрисаны арнайы іріктеу арқылы таңдаған. Жаңа кинотуынды келер жылы шығады.
Қазір оқып жатыр
«Псевдо ұлт деу – артық»: депутат Танакөз ақынның жазбасы жайлы
«Ертең мың адам тағы барады»: Депутат шетелде соғысқан қазақстандықтарға жазаны жеңілдетуге қарсы
Ескертуді елеместен Таяу Шығысқа кеткен қазақстандықтар жауапқа тартыла ма?
Маңғыстаулық Ұлы Отан соғысының ардагері бейбітшілікті бағалап, болашақ үшін дұрыс таңдау жасауға шақырды