12 Наурыз 13:30
...

Бауыржан Момышұлының нақыл сөздері

Фото:
Қазақ халқының біртуар батыр ұлы Бауыржан Момышұлының Кеңес үкіметі мен қазақ халқы үшін жасаған ерліктері мен еңбектері ұмытылмайды. Ол тек әскери адам ретінде ғана емес, сонымен бірге жазушы ретінде де танылды. Оның еңбектерін оқыған жас буын өкілдері Отанға деген сүйіспеншілікті бойларына сіңіріп өседі. Ендеше, Кеңес Одағының Батыры, халық қаһарманы, әскери шенді қызметкер, даңқты қолбасшы, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлының кез келген жанға рухани азық болар нақыл сөздерін ұсынамыз

.

1. Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу - сатқындықтың белгісі.

2. Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет еткін!

3. Ақкөңіл деген нәрсенің екі түрі бар: аңғал ақкөңіл, ақылды ақкөңіл.

4. Опасызда Отан жоқ.

5. Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту - бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту.

6. Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық!

7. Ерлік - табиғат сыйы емес, саналы әскери тәрбиенің жемісі. Отан алдындағы қасиетті парызыңды орындау үшін адамзаттың ең асыл сезімімен жігерленіп, өзіңді саналы түрде қауіп-қатерге бас тігуге мәжбүр етудің нәтижесі.

8. Адамды бұзатын не? Тағы да сол - атақ, ақша, арақ. Осы үшеуі. Төртіншісі әйел демеймін. Алғашқы үшеуінің буына бөртіп, әйелдерді біз - еркектер бұзамыз.

9. Ана үшін аянба - ант ұрады.

Бала үшін аянба - бетің күйеді.

Ел үшін аянба - ерлігіңе сын,

Жұрт үшін аянба - жігіттігіңе сын.

10. Қайратты әдісіңе жолдас ет,

Әдісіңе ақылыңды жолдас ет.

11. Қырағының өзі де, көзі де батыр.

12. Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып қызмет ет.

13. Шын дос сыртыңнан мақтайды.

14. Сабырлық алдында дұшпан сасады,

Сабырсыздан береке қашады.

15. Кішіпейілділік - адамгершілік көркі.

16. Ойлы бастық ұқыпты қызметкерді адам етеді,

Ойсыз бастық оқып келген маманды надан етеді.

17. Жақсы бастық - жарты бақыт.

18. Көп тұрған су сасиды,

 Ойламаған ми сасиды.

19. Тексізден тезек артық,

Арсыздан айуан артық.

20. Арпалысып жүріп алған абырой - өмірдің ең шырын рақаты.

21. Өмір үшін өлгенше күрес.

22. Сен жаудан қашсаң, өмір сенен қашады.

23. Кейбір ұл-қыздарымыздың ана тілімізді білмеуі, не шала білуі мені қатты қынжылтады. Бұған ең алдымен ата-ана кінәлі.

24. Тәрбие адам бойында жақсы мінез-құлық қалыптастырады.

25. Батырлық - табиғат сыйы емес, бұл патриоттық борышыңды орындау үшін өзіңді-өзің қауіпке қарсы саналы түрде зорлап көндірудің нәтижесі. Мұндайда адам өз достарымен тек игілікті ғана емес, сонымен бірге қатерді де бөлісе отырып, жауды жою арқылы өзін және отандастарын қауіпсіздендіруге тырысады. Өзінің азаматтық ары мен намысын ездіктен, масқаралықтан қорғайды, өз бойындағы осындай асыл қасиеттерін ашып көрсете түседі.

26. Күншіл - қоғамда жексұрын да зиянды адам, өйткені ол адамгершілікке, жат қылыққа, тіпті қылмысқа да бейім.

27. Сен - ата-анаңның үмітісің. Сен қайталанбас тұлғасың, өз өміріңнің белсенді жасаушысысың, сондықтан өзіңе ғана сен.

28. Ептілік те – ерлік.

29. Адам өміріндегі ең үлкен қуаныш - бала сүю.

30. Атағыңа ақылың сай келсе ғана сыйлы боласың.

Ақылды кісінің сөзі де, өзі де сүйкімді.

Тегтер: