4 Қазан 13:49
...

Батыс Қазақстанда балықтан таралатын описторхоз дерті өршіді

Фото:

Батыс Қазақстан облысында балықтан таралатын описторхоз дерті көбейіп кетіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы, NEGE. БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың мәлім еткеніндей, биылғы сегіз айда облыс бойынша 113 дерек тіркелген. Яғни осыншама адам описторхоз дертіне шалдыққан.
Нұрлыбек Ермекұлының сөзіне қарағанда, бұл өткен жылғы осы кезеңдегіден 26 пайызға көп.
Департамент басшысы орынбасарының айтуынша, описторхоз – балық арқылы таралатын құрт ауруы. Ол ең алдымен өт жолдарын, өт қабын және ұйқы безін зақымдайды. Описторхоздың негізгі белгілері мынадай. Дене қызуы 37-38 градусқа дейін көтеріліп, 4 аптаға дейін созылады, бетінде және денесінде бөртпелер пайда болады (бұл көбіне 2 аптаға дейін созылады). Басы жиі ауырып, ұйқы бұзылады. Оған әлсіздік, тершеңдік қосылып, тәбеті жоғалады. Оң жақ бүйірі немесе жауырыны, бұлшық еті ауырады, аллергия да пайда болады. Егер описторхоз ауруын аяғына дейін емдемесе, бауыр абсцессі, өттің қабынуы және жүрек ауруына соқтыруы мүмкін.

«Негізгі профилактикалық шара – шикі, аз тұздалған, нашар кептірілген және жеткіліксіз термиялық өңделген балықтарды пайдаланбау. Шикі балықты кесу кезінде немесе аяқтағаннан кейін жеке гигиена ережелерін қатаң сақтаған жөн. Балықты қатты тұздықта 2-3 апта бойына ұстау және балықты 20 минуттан кем емес қуыру қажет. Описторхоз адамнан адамға жұқпайды», деді Н.Мұстаев.

Тегтер: