USD
USD
USD

«Батамды бердім»: Мұхтар Жәкішев күйеу баласының ұлтын сынағандарға жауап берді

«Қазатомөнеркәсіп» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев желіде қызы Алтынайдың ұзату тойы туралы айтып, күйеу баласы Карлдың ұлтына шүйліккендерге жауап берді.

Мұхтар Жәкішев
Фото: instagram.com/dzhakishevmukhtar

Астана, NEGE. Оның айтуынша, Алтынай мен Карл алты жылдан бері таныс болған. Күйеу баласы екі жыл бұрын алдынан өтіп, батасын алған.

«Бұл таңдау кездейсоқ немесе асығыс жасалған жоқ. Оның негізінде шынайы, пәк махаббат жатыр. Карл екеуі алты жылдан бері таныс. Осыдан екі жыл бұрын Карл Алматыға арнайы келіп, алдымнан өтті. Мен өз батамды бердім», – дейді Жәкішев.


Сондай-ақ ол бұл тойдың мәні тым бөлек болғанын айтады. Айтуынша, үлкен қызы тұрмысқа шыққанда түрмеде отырған. Ол кезде қызына арналған ақ тілегін хатпен жолдауға тура келген, өз қолынан ұзата алмаған.

«Ал бүгін бәрі басқаша. Қызыңның қуанышында қағаздағы құрғақ сөзбен шектелмей, сөзі қағаздан ғана оқылатын адам болмаудың өзі бір ғанибет. Қызыңды өзің ұзатып, осынау өмірлік маңызы бар ақ босағадан аттар сәтінде Алтынайыңа жүрекжарды жылы сөздеріңді өзің айта алуың неткен бақыт!» – деп тебіренеді әкесі.

«Қазатомөнеркәсіптің» бұрынғы басшысы өзі тұтқындалғанда қызы Алтынай не бары 9 жаста болғанын еске алады. Қызы жиырмаға келгенде бір-ақ бостандыққа шыққан. Әкесі ретінде сын сағатта қызының сынбағанын, кәсіби журналист, табысты модель ретінде тұлға болып қалыптасқан қызының жеткен жетістіктерін мақтан тұтатынын жазады.

«Ол менсіз есейді. Бала күнінде-ақ, мені жанұямыз арқылы көрсетілетін қысымнан құтқару үшін туған үйін тастап жат жерге кетуге мәжбүр болды, бөтен елде өсті. Қызымның жеткен жетістіктерін мақтан тұтамын. Менің қолдауым нағыз керек болған шақтарда жанында бола алмағаныма жаным ауырады», – дейді Жәкішев.

Қызын шетелдікке тұрмысқа берген Мұхтар Жәкішевтің пайымынша, ұлттың жаманы болмайды, жаман адамдар болады.

«Ал кейбір қисынсыз, орынсыз пікір жазып жатқандар тек аяныш пен жиіркеніш сезімін тудырады. Нағыз намыс күйеу баланың ұлтымен өлшенбейді. Намыс дегеніміз сол намыс үшін тым жоғары баға төлеуге тура келгенде, адамдық арың мен абыройыңды таза сақтап қала алуыңмен өлшенеді!

Ар-ұжданын мансапқа айырбастап, маған қарсы істі қолдан құрастырған тергеушілердің, прокурорлар мен судьялардың ішінде бірде-бір шетелдік болған жоқ. Мені сондай "құдалардан" сақтаған Жаратқанға мың шүкір», – деп жазады ол.

Бұған қоса ол шетелдік құдалары ұнағанын айта келе, олардың Ұлыбританияда тұрып жатқанына жетпіс жылдан асса да, өз тамырларын ұмытпағаны, тойға көбі өздерінің ұлттық киімдерін киіп келіп, өз тегіне деген құрметін ерекше көрсеткенін атап өтіп, қызы мен күйеу баласына бақыт тілеген.

Қазір оқып жатыр

ЕАЭО-ға мүше екі елдің нақты табысы төмендеген, оның ішінде Қазақстан да бар

Ақша

Негізгі ҰБТ басталғалы төрт аптада төрт жүздей ереже бұзушылық анықталған

ҰБТ

Выручка аз, таза табыс көп. Құлыбаевтың мұнай бизнесі НЕГЕ аномалияға ұшырады?

Каспий нефть

Назарбаев Amanat партиясына мүше емес – Айдос Үкібай

Назарбаев