6 Ақпан 09:14
...

Баталовтың күні блогерлерге қарап қалған ба?

Фото:
Соңғы күндері кейбір журналистер мен блогерлер Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа араша түскен болып, «Алматы облысында бұрын-соңды Баталовтай әкім болмаған» деп шұрқырасып жатыр. Оған себеп –

әкімнің қарамағындағы қызметкерлерінің шетінен ұстала бастағаны болса керек, сірә. 

Protenge телеграм-каналында Алматы облысы әкімдігінің қоластындағы «JETISY MEDIA» КММ 30 блогерді аттай қалап шақырып, Шонжыдағы санаторийге екі күндік тур ұйымдастырып, «иіліп төсек – жайылып жастық» боп қонақ етеді деген ақпарат тараған-ды. Каналдың жазуынша, оған бюджеттен 2,5 миллион теңге бөлінген екен. Сонымен қатар, құрметті қонақтарға арнап, әрқайсысы 180 мың теңге тұратын Garmin Smart Watch venu Black/Slate сағаттарын 3,6 миллион теңгеге сатып алған.

30 блогерді құда күткендей қонақ ету, «шапан жабу» не үшін керек? Блогерлерге бола 6 млн теңгеден астам бюджет қаржысын шығындау қаншалықты тиімді? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін «JETISY MEDIA» КММ басшылығына ресми сауал жолдағанбыз.

«JETISY MEDIA» басшысы Жанна Арынбекова Шонжыдағы ыстық су санаторийінде танымал блогерлердің басын қосып, блог-тур ұйымдастыру туралы мемлекеттік сатып алу ұсынысын жариялағанын растаған.

Бұл нешінші тур?

«Сіздердің сауалдарыңызға тоқталар болсақ, блогерлерді шақырудағы мақсат:  ішкі туризмді дамыту, БАҚ өкілдері арқылы, PR саласының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, туристерді тарту және Алматы облысындағы қысқы демалыс нысандарын насихаттау. Блог-турға қатысушы блогерлер, туристерді Жетісу жерінің көз тартар табиғатын тамашалауға қызығушылығын арттырады. Бұл өз кезегінде туристік саланың кеңеюіне және жаңа нысандардың пайда болуына ықпал етеді. Яғни, облыстағы шағын және орта бизнес нысандары санының артуы, жұмыс орындарын құруға және өңір тұрғындарының белгілі бір бөлігін қызметке орналасуға көмектеседі», – дейді жауапта. 

«JETISY MEDIA» КММ-ның блогерлер мен журналистерге сауын айтып, түрлі тур ұйымдастыруы бұл ғана емес екен. Бұған дейін де республикалық және облыстық ауқымдағы БАҚ өкілдері үшін тұрақты негізде ақпараттық және имидждік іс-шаралар өткізілген. Оның ішінде «Alakol Oper Air», «Jetisu winter media», «PressSummit», «Jetysu 360» және тағы басқа Алматы облысының оң имиджін қалыптастыруға бағытталған блог және баспасөз-турлары, пресс-саммиттер бар.

«Alakol Oper Air» шарасынан

Ж.Арынбекованың айтуынша, «бұл іс-шаралар туристік нысандар мен демалыс орындарына барумен шектелмейді, тур маршрутына  облыстың барлық салаларының дамуына ықпал ететін  ірі инвестициялық және ауылшаруашылық кәсіпорындар, мәдени және тарихи нысандар кіреді».

«Санаторийде өтпек турға қанша блогер барады және олар кімдер?» деген сауалымызға нақты жауап ала алмадық. «Нақты қай блогерлердің баратынын шешкен жоқпыз» депті. Бұған дейін өткен турларға кімдер барғанына көз салсаңыз, бұл жолы да кімдердің «ыстық суға аяғын малатынын» шамалап болжауға болады. 

«PressSummit» шарасынан

Блогерлерден облысқа пайда көл-көсір көрінеді. Тіпті облыс қазанына инвестиция құйылады екен. Сенбесеңіз, жауапты оқып көріңіз.

«Үздік блогерлердің бірінің аудиториясы 200 мың жазылушыдан болуы мүмкін, немесе тіпті 1 млн адамнан асуы ықтимал. Егер орташа есеппен алатын болсақ, блогердің әр жарияланымдарын аудиториясының 70%-ы бақылап отырады. Ол таза, белсенді оқырмандары. Яғни, публикациясын қарап қана қоймай, кері байланыс береді. Мысалы, келген блогерлердің жалпы аудиториясы  2 млн-нан астам адамды қамтыса, оның төрттен бір бөлігі, 25% белсенді көрермен.  Ал соның аз ғана бөлігі – 0,1% оқырмандары Жетісу жеріне келуге ниетті болса, онда орташа есеппен алғанда бір демалыстың өзінде түсетін пайда 5 млн. теңгеден асады. Бұл облыс қазынасына құйылатын айтарлықтай инвестиция».

VIP блогерге – VIP номер

2,5 миллион теңгеге VIP қонақтарға арнап, қонақ үйден 10 люкс номер жалға алынатыны сөз болған. Блогерлер арасында  VIP-тер де бар екені де айтылған еді. «JETISY MEDIA» жетекшісі қай блогердің қандай нөмірге жататынын әлі шешпеген сыңайлы. «Қонақтардың қандай қонақ үйлерге орналасатыны әзірге шешілген жоқ,  себебі, әзірге, шақырылатын қонақтардың тізімі жасалып жатыр», – деді. 

Біздің елде қандай блогер өзін қаншаға бағалайтыны аса құпия емес. Жазылушысы көп болған сайын блогердің құны да қымбаттай бермек. Ендеше, әлгі VIP нөмірлерге де осындай «құнды» блогерлер жататынына бәс тіге беруге әбден болады. 

«Alakol Oper Air» шарасынан

Қымбат сағаттар кімге бұйырады?

Әрбірі 180 мың теңге тұратын Garmin Smart Watch venu Black/Slate сағаттарын 3,6 миллион теңгеге сатып алып, кімдердің білегіне тағады? Бұл сұрақтың жауабы мынадай екен:

«Смарт сағаттар, эпидемиологиялық жағдай кезеңінде еңбек еткен волонтерлерді (этно-волонтерлік, эко-волонтерлік, медиа-волонтерлік, әлеуметтік волонтерлік, медицинадағы волонтерлік және т.б.), қоғам қайраткерлерін, журналистерді және блогерлерді марапаттау үшін көзделген. Бірнеше шаралардың өткізілетінін ескере отырып, смарт-сағаттарды 2021 жылдың соңына дейін беру жоспарланған».

Garmin Smart Watch venu Black/Slate сағаты

Соңғы кездері Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың төңірегінде абың-күбің әңгіме көбейіп кетті. «Басқарма басшысы, аудан әкімдерінің істі болуы Баталовтың тағын шайқалта бастады» дейтіндер бірдеңені біліп айтатындай. Енді мұны әкім «инвестиция шақырғыш» блогерлердің көмегімен жуып-шайғысы келе ме, қалай?

Әйтпесе, «журналистерден қорықпайтын» Баталовтың күні блогерлерге қарап қалғандай болғанын басқа немен түсіндіруге болады?..

Тегтер: