23 Қаңтар 11:59
...

Баталовтың орнына «Атамекенге» Шарлапаев келді

шарлапаев
Фото: akorda.kz

2022-2026 жылдары «Атамекен» кәсіпкерлік палатасына төрағалық еткен Райымбек Баталов қызметінен босатылды.

Астана, NEGE. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының XIII Съезінде президиумның жаңа төрағасы сайланды. Бұл қызметке Президенттің экс-көмекшісі Қанат Шарлапаев тағайындалып, бұған дейін 4 жыл төрағалық еткен Райымбек Баталовты алмастырды.

Съезд барысында қабылданған шешімге сәйкес, Қанат Шарлапаев «Атамекен» ҰКП-ның негізгі басқарушы органы саналатын президиумына жетекшілік етеді.

Қанат Шарлапаевтың қаржы және мемлекеттік басқару саласында тәжірибесі мол. Ол Саратов әлеуметтік-экономикалық университетін бухгалтерлік есеп және аудит мамандығын тәмамдаған. Сондай-ақ, Ұлыбританиядағы Cranfield School of Management оқу орнында қаржы және басқару мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған.

Еңбек жолын халықаралық қаржы секторында бастаған Қанат Шарлапаев 2006–2015 жылдары Citi инвестициялық банкінде қызмет атқарды. Осы кезеңде ол қаржы департаментінің маманынан бастап Еуропа, Таяу Шығыс және Африка аймақтары бойынша стратегиялық жоспарлау және талдау жөніндегі вице-президент лауазымына дейін көтерілді.

2015–2022 жылдары Ситибанк Қазақстан және Ситибанк Ресей компанияларында түрлі басшылық лауазымдарда жұмыс істеді. 2022 жылғы ақпанда мемлекеттік қызметке ауысып, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы және директорлар кеңесінің мүшесі болды. Ал, 2023–2025 жылдары Өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметін атқарды. Содан кейін Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі болған.