4 Қараша 15:36
...

Баталов Ұйғыр ауданы атауын ауыстыру мәселесі НЕГЕ тоқтап тұрғанын айтты

Фото:

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде облыс әкімдерінің есеп беру маусымы басталды. Есеп беруге бірінші болып келген Алматы облысы әкімі Амандық Баталов екен. Ол өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайынан бастап, індеттің екінші толқынына дайындыққа дейін айтып берді. Баталов есеп беруге тыңғылықты дайындалып келіпті. 

Маусым айында қазақ-ұйғыр жастары арасында қақтығыс болғаны белгілі. Сол кезде Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың өзі барып, жергілікті тұрғындарға жиналыс өткізген. Ол халықтың «Ұйғыр ауданы атауын – Қарадала, Шонжы атауын – Әлмерек» деп өзгерту жөнінде айтқан ұсынысын қолдап, «Аудан атауын өзгерту мәселесін жоғарыға жеткіземін» деп уәде берген. Алайда, Баталов уәдесінде тұрды ма? Ол түйткілді неге Үкіметке емес, Ұйғыр ауданының әкіміне жолдаған? Аудан әкімдігінің мұндай шешім шығаруға құзыретті емес екені анық.  Ал ономастикалық жұмыс талдау бөлімі «әкім ұсыныс берсе, республикалық кеңесте талқылауға дайынбыз» деп бар жайттың облыс әкімдігіне тіреліп тұрғанын меңзеді. Сонда аудан атын ауыстыруға кім немесе не кедергі?   

Тақырыпқа орай:  Ұйғыр ауданы: Баталов НЕГЕ уәдесінде тұрмайды?

Бұл тұрғыда Орталық коммуникациялар қызметінде сауал қойған журналист өзекті мәселенің Nege.kz порталында жарияланғанын айта келе, түйткілдің соңы неге сиырқұйымшақтанып кеткенін сұрады.

Оған Алматы облысы әкімінің берген жауабы мынадай:

«Ешқандай хат жіберген жоқпын. Айтқан уәделерімді орындадым. Өзім сол жердің сыйлы ақсақалы Ызғарбек Бектұрсыновты шақырып, қазіргі кезде жағдайдың қандай екенін бәрін баяндап бердім. Жұмыс істеліп жатыр. Бірақ бұл мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ. Неге? Біріншіден, сайлау науқаны басталайын деп жатыр. Сайлаушылардың тізімін, сайлау учаскелерін нақтылап қойдық. Сондықтан көшелерді де өзгерте алмаймыз. Қазір сайлаушылардың мекен-жайын өзгертуге болмайды. Содан кейін бұл мәселеге келеміз. Сосын нақты шешімін жеткіземіз. Қазір қаражат та, жағдай да бар» деп сайлаудан кейін Ұйғыр ауданы атауын ауыстыру жұмысына кірісетіне уәде берді.  

Тегтер: