Жириновскийден «жауап» келді

17 ақпан, 15:58

Фото: nege.kz

Өткен жылдың соңында Ресей Мемдумасының атышулы шовинистері Никонов, Федоров және Жириновский Қазақстанның мемлекеттігіне, жерінің біртұтастығына күмән келтіріп, сыңаржақ пікір айтқан. Осыдан соң Nege.kz порталы әлгі үшеуге «сәлемдеме» салып жіберген-ді.

Сәлемдемеміз соғымнан сыбаға емес, тарихшы Радик Темірғалиевтің «Ак-Орда. История Казахского ханства» кітабы болатын. Бұл кітапта тарихшы-ғалым Дешті Қыпшақ жеріндегі Ақ Орда мемлекеті қалай құрылғанын, Қазақ хандығының қалыптасу тарихын, шекарасы қалай айқындалғанын баяндайды.

Никонов, Федоров, Жириновскийге арнап осы «Ак-Орда. История Казахского ханства» кітабының үш данасын сатып алдық та, «Қазпошта» арқылы ұшақпен Ресейдің Мемлекеттік думасына салып жібердік. Көп ұзамай «Қазпошта» сәлемдемеміздің Мәскеуге аман-есен жеткенін хабарлады.

Арада үш аптадан аса уақыт өткенде, сақтау мерзімі аяқталғандықтан сәлемдемеміз өзімізге қайтып келді. Өйткені Мемдума оны қабылдаудан бас тартқан.

Бұған әлгі үш есерсоқтың әйгілі мәлімдемесінен соң Қазақстанның ресми органдарынан бөлек, бейресми ұйымдарынан да түрлі мазмұндағы жауаптар Мемдумаға «жауғаны» себеп болуы мүмкін. Әсілі, ондағылар біздің сәлемдеменің де «соғымнан сыбаға» емес екенін жақсы ұқса керек.

Қандай жағдайда да біз мұны «жириновскийлердің жауабы» деп қабылдаймыз және Қазақ мемлекеті іргетасының беріктігі мен шекарасының мығымдығы турасындағы «ағарту» жұмысын жалғастыра береміз.           

#жирик #госдума #шовинизм #негенақ
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации