6 Мамыр 17:51

Жастар интернеттің арқасында түкпірдегі ауылдарға орала бастады

Фото:

Қарағанды облысының Ақтоғай ауданындағы Абай ауылының тұрғындары бірінші рет жоғары жлдамдықты интернетке қол жеткізді. Бұған дейін бұл ауылда ұялы байланыс та, интернет те болған емес. Ауылда 270-тен астам адам тұрады.

Биылғы жылы «Қазақтелеком» АҚ-ның техникалық көмегінің арқасында Абай ауылына дейін жоғары жылдамдықты интернет тартылды. Алайда бұл ауылға интернет тарту оңай шаруа болған жоқ. Түйткілді мәселенің бірі – ауылдың шалғайлығы мен сыммен байланыстың жоқтығы. «Қазақтелеком» АҚ-ның аймақтық орталық дирекциясы сымсыз WI-FI технологиясы арқылы интернет қосу туралы шешім қабылдады.

Абай ауылында цифрлық мүмкіндікті алғаш рет ауыл әкімдігінің мамандары бағалап көрді.

«Ауылымызда интернеттің қосылуы жаңа әлемге есік ашты. Бұрын біз селекторлық жиынды телефон арқылы өткізетінбіз. Қазір онлайн режимге көштік. Ауыл халқына анықтамалардың барлығын e-gov порталы арқылы береміз, мемлекеттік сатып алуға қатысамыз, ауданға есепті де кешіктірмей береміз. Қазір Zoom қосымшасы арқылы Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы мен Аграрлық несие корпорациясы бізге онлайн-оқу өткізіп жүр. Біз жергілікті билік өкілі ретінде ауылдың әрбір тұрғынына несиелеу мен түрлі бағдарламалар туралы ақпаратты дұрыс жеткізуіміз керек. Бұл біздің ауылдастарымызға өз шаруасын бастауға мүмкіндік береді», – дейді Абай ауылдық округінің әкімі Қайыржан Тұрғанбеков.

Қайыржан аудан орталығынан Абай ауылының дәрежесін көтерсем деп бір жыл бұрын әкім болып келген.

Оның айтуынша, цифрландыру процесінің арқасында бірнеше жас отбасы ауылға қайтадан көшіп келді. Білімі мен тәжірибесі бар жастар ауылда өз тірлігін бастап, ауылдың дамуына үлес қосқысы келеді.

Бекзат Сатиев – ауылдағы жаңа мүмкіндіктер үшін Балқаш қаласындағы тұрақты жұмысын тастап келгендердің бірі.

«Абайда интернет тарта салып-ақ ауылға келуді ұйғардым. Әзірге отбасым қалада. Қазір кірпіш шығаратын цех салуды ойластырып жатырмын. Ютуб каналы арқылы түрлі видео-сабақтар көрдім, шлактан, көбікті және газблоктан кірпіш жасаудың технологиясын үйреніп жатырмын. Қаладан маман жалдап әкелуім керек. Ең алдымен сапалы интернет керек, ондай интернет бізде қазір бар», – дейді Абай ауылының тұрғыны Бекзат Сатиев.

Бекзат цех жұмысын бір ізге түсірген соң кірпіш сатуды онлайн жүзеге асырып, заманауи интернет сервистер арқылы басқа аудандарға, облыстың өзге де қалаларына сатпақ.

Әнуар Смаханов та біраз жылдан бері Қарағандыда тұрады. Енді ол да Абай ауылына көшіп келмек ниетте. Ірі қара малын бағып, шұжық цехын ашпақшы. Мамандығы дизайнер болғандықтан, Әнуар сүйікті ісін дамытып, ағаштан түйін түймек. Сол себепті шеберхана ашу да ойында бар. Қазір ол Абайға жиі келеді, шаруашылыққа қажетті жабдықтарды қамдап жүр.

«Адамдарды ауылда ұстап тұру үшін жұмыс орындары керек. Сол себепті де өз ісімді бастамақпын, ал интернет сауда жасауға мүмкіндік береді. Абайда менің шешем тұрады, жуырда ол «Үйде отырған зейнеткерлерге қалай бизнес жасауға болады?» деген сұраққа жауап іздей бастады. Сөйтті де Ютубтан «Бизнес бастау» арқылы онлайн курсқа қатысты. Біраз уақыттан соң Уатсап пен Инстаграм жарнама арқылы үй өнімдері сүт, айран, ірімшік, май, құртын сата бастады. Нәтижесінде Қарағандыдан, тіпті Нұр-Сұлтаннан тапсырыс түсе бастады», – дейді Әнуар Смаханов.

Жақында Әнуар ауылдастарымен бірігіп, туған жеріне саябақ салу үшін қаржы жинауға Қор ашты.  Ақпаратты барлық мессенджерлер арқылы таратты. Осы ауылда туып-өскендер, бұрын тұрғандар бәрі үн қосып, қажетті қаражат жиналды. Әнуардың өзі Абайдың бейнесіндегі эмблемасын жасап шықты.

Жоғары жылдамдықты интернет ұстаздар мен медицина қызметкерлері үшін де қолайлы жағдай тудырды.

«Қазір біз пациенттерді қабылдауға оңай қоямыз, аудандық және облыстық ауруханадан медициналық тексеруден, УЗИ, скринингтен өтуге электронды түрде нұсқау береміз. «Дамумедтің» қосымшасын пайдалану өте тиімді», – дейді Абай ауылдық емханасының дәрігері Динаш Бекежанова.

Ал Абай ауылының кітапханашысы Әсел Мақсұтованың айтуынша, кітапханада интернет пайда болғалы бері, мектеп оқушылары белгілі бір тақырып бойынша реферат немесе баяндаманы жеңіл әрі сапалы  дайындайтын болды.

«Кітапханада 7 мыңға жуық кітап бар. Бұрын қажет туындыларды сөрелерден әріп бойынша іздейтінбіз. Ал қазір бәрі цифрланып, базаға енгізілген», – дейді ол.  

Жоғары жылдамдықты интернеттің келуімен бірге ауылдық «Абай» клубының жайы да өзгерді. Инстаграм және Фейсбук әлеуметтік желісінде аккаунты ашылып, ауылдағы мәдени шаралармен тұрғындарды хабардар ете бастады.

Ақтоғай ауданында тағы төрт ауыл жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізді. Бұл Нарманбет, Қосақ, Сарытерек және Қараменде Би ауылдары. Бұған дейін бұл ауылдарда интернет болған емес.

Тегтер: