Заманбек Нұрқаділовтің өліміне қатысты арызды қарау мерзімі белгілі болды
«Уақыт көрсетеді» YouTube арнасына сұхбат беріп, әкесінің өліміне қатысты істі қайта қарау жөнінде Бас прокуратураға арыз жолдағанын айтқан.
Сұхбатында Қ.Нұрқаділов әкесінің өлімінен кейін «белгісіз адамдар» қысым көрсетіп, «өзін-өзі үш рет атты» деген құжатқа қол қойғызып алғанын ашық мәлімдеді.
«Жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты» қылмыстық істі қайта қарауға заң мүмкіндік береді. Ендеше, Бас прокуратура қайраткердің жұмбақ өліміне қатысты қылмыстық істі қайта қарауға пәрмен бере ме?
Осы мәселеге қатысты Nege.kz порталы Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Б.Асыловқа ресми сауал жолдаған. Сауалымызға Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов жауап берді.
«Сіздің сұрау сауалыңызға Бас прокуратура Қайрат Нұрқаділовтің әкесі Заманбек Нұрқаділовтің мүддесі үшін берген арызын қарастырып жатқанын хабарлаймыз. Арыз иесінің дәлелдері қылмыстық іс материалдарын қарастыра отырып зерделенуде. Зерделеу нәтижелері мен қабылданған шаралар туралы арыз иесі Қ.Нұрқаділовке сәйкес жауап берілетін болады», – делінген редакциямызға келген ресми хатта.
- Тақырыпқа орай: Рысбек Сәрсенбайұлы: Президентке «біріміз аспанда, екіншіміз жерде тұрып сөйлесе алмаймыз» деген
Тілшіміз Бас прокуратураның берген жауабына қатысты Қайрат Нұрқаділовке хабарласып, істің мән-жайын сұрады. Оның айтуынша, арызды қарау мерзімі кейінге шегерілген.
– Бас прокуратура әкеңіздің өліміне қатысты арызыңызды қарап жатқанын мәлімдеді. Сізге Бас прокуратурадан хабарласты ма?
– Өткен жолы бір жігіт іс-материалдарын алып келді. Маған қарап шығыңыз дейді. Оның несін қараймын? Одан не өзгереді? Адамның өзін-өзі үш рет атпайтыны белгілі ғой. Қазір күтіп отырмыз. Арызды қарау уақыты 20 сәуірге дейін созылды деген хабарлама келді.
– Не күтесіз? Істі қайта қарауы мүмкін бе?
- Жағдай 50/50 болып тұр. Мен соңына дейін барамын деп шештім ғой. Қазір істің қайта қаралуын мен ғана емес, бүкіл халық күтіп отыр.
– Іс қайта қаралмайтын болса немесе нәтиже бермесе қалай әрекет етесіз?
– Мен Бас прокурор Берік Асыловқа жүгінемін. Одан нәтиже болмаса, журналистерді жинап, баспасөз мәслихатын өткіземін. Не боларын күтейік. Мен халықты хабардар етіп отырамын деп уәде бергенмін. Уәдемде тұрамын.
Естеріңізге салайық, 2005 жылы 12 қарашада мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер Заманбек Нұрқаділовті өз үйінде белгісіз біреулер атып кетті. Сол кездегі Ішкі істер министрі Б.Мұхамеджанов «Нұрқаділов өзін-өзі үш рет атқан» деп мәлімдеді.