13 Шілде 18:19

Үндемес депутат, үйден шық!

Фото:

«Пенде біткенді алаламай алып жығады» делінген коронавирус қазаққа келгенде тіпті құтырды. Дауасыз дерт дайындықтан жұрдай елдің тұрғындарын өкпеден қысып, өлім құштырып жатыр. Ауруханада орын жоқ. Дәрі-дәрмек құстың сүтіне айналды. Жарық дүниемен қош айтысқандардың соңғы сөзі мен жақынынан айрылып, жаны күйінгендердің наласын әлеуметтік желіден еститін болдық. Ал Қазақстанның бірде бір депутаты осы уақытқа дейін өзі сайланған аймақтағы ауруханаларды аралап көрген жоқ. «Шынайы жағдаймен танысып, халықтың сәлемін жоғары билікке жеткізейін, осы жұрттың үміті мен сенімін мен арқалап жүрмін ғой» демеді.

Рас, депутат Ирина Смирнова мәжілісмендер демалысқа кеткен тұста еріктілер қатарына қосылған екен. Қызыл жарты ай ұйымымен келіссөз жүргізіп, «Халық Аренадағы» медициналық орталыққа 300-ге жуық қорғаныс костюмін бөлгізуге мұрындық болыпты. Депутат қазір де осындай шаруамен айналысып жатқанға ұқсайды.

«Мен өзімнің достарым және құрбыларыммен бірге жұмысқа барғысы келетін еріктілердің тізіміне жауап беремін. Олардың бәріне қоңырау шалып, сөйлесіп, шақыру керек. Қай учаскеге баратынын түсіндіру қажет», – депті ол жуырда өзінің немен айналысып жатқаны жөнінде қойылған сұраққа.

Міне, бұл – азаматтық. Ортақ нәубетпен күреске депутаттың үн қосуы.

И.Смирнова. Фото: parlam.kz

Ал басқа депутаттар ше? Әлде олар демалысқа бөлінген уақытты мұндай «майда-шүйде» шаруаға шығындағысы келмей ме? Өздерін «халық қалаулысымыз» деуге құмар депутаттар ел басына күн туған қазіргідей кезеңде жұрттың жағдайын өз көзімен көруге неге ынта білдірмеді? Ауруханаларды аралау, шынайы жағдаймен танысу соншалықты қиын ба? Күні кеше пневмониямен бір Ақтөбе облысының өзінде 1,5 мың адамның төсекке таңылғаны хабарланды. Маңғыстау облысына Ресейден дәрігерлер көмекке келіп жатыр. Себебі дәрігер тапшылығы барлық аймақта сезілуде. Ендеше өңір-өңірден сайланған депутаттар өз сайлаушыларының жай-күйін білуге, дәрігерлердің мұң-мұқтажын тыңдауға, оны жоғарыға жеткізуге  неге асықпайды?  Мұны үкіметтің жұмысына әрдәйім сын көзбен қарап отыруы тиіс депутаттар істемегенде, кім істеуі керек?

Өзге елді қайдам, біздің елде депутаттарға барлық жағдай жасалған. Жағдайдың жасалғаны сол, Қазақстанда 88 адам ғана коронавирус жұқтырған сонау наурыз айында 65-тен асқан депутаттардың жұмысқа келмей-ақ қоюына рұқсат берілді. Бұл кезде қарапайым жұрттың 70-тен асып кеткен қарттары да бала-шағасын асырау үшін тіртінектеп тірлігін істеп жүрген.

2019 жылғы дерек бойынша Мәжіліс депутаттары 684 874 теңге жалақы алады. Бұл ақшаға еңбек өтіліне қарай, үстеме тағы қосылады. Кәне, 700 000-ға жуық жалақыны сайлаушылардың қайсысы алып жүр? Күні кеше депутат Бекболат Тілеухен індет жұқтырып, ауруханаға түскенде мемлекет басшысының өзі тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді. Ал халықтың салығынан қомақты жалақы алып отырған депутаттар дәрі-дәрмектің тапшылығынан, ауруханадан орын таппағаннан үзіліп кетіп жатқан жұрттың өмірін сақтап қалуға неге ұмтылмайды?

Шүкір, қатерлі індет халықшыл тұлғаларды да іріктеп шығарды. Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваның бастамашылығымен Түркиядан өкпені жасанды желдететін 225 аппарат жеткізілетін болды. Мұндай игі шаралар қазір жер-жерде жүргізіліп жатыр. Жұрттың амандығын тілегендер бес теңгесі болса да, осындай ұйымдастырушыларға аударуда.

Ерікті-мейірбике Аида Букаева медициналық мекемелердегі шынайы жағдайды шыңғыртып айтып, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға үндеу жолдады. Күні кеше Nege.kz тілшісі, әріптесіміз Дәнеш Ұзақбай үкіметке үндеу жасап, шұғыл түрде уақытша ауруханалар салу қажеттігін ескертті. Неге? Өйткені демігіп ауруханаға түскендер мен демі үзіліп жатқандар билік ойлағаннан әлдеқайда көп. Мұны қазір ашық айтып, тиісті шара қолданбасақ, ертең кеш болуы мүмкін. Қатерлі індеттің қаншалықты күш алғанын басына күн туып, ауруханаға барғандар ғана анық түйсініп жатыр.

Бірер күн бұрын көзімізге Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновтың жазбасы шалынды. Оқып көрсек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуіне қолдау екен.

«Ел Президентінің қабылдаған нақты шаралары, шешімдері мынандай қиын жағдайда халыққа көрсетілетін медициналық көмектің көлемін көбейтуге, азаматтардың денсаулығын жақсартуға жол ашатыны сөзсіз» депті депутат.

Иә, білеміз, біздің депутаттар ел басшысын қолдауға шебер. Кеше Н.Назарбаевты қолдайтын, бүгін Қ.Тоқаевты қолдайды. Ертең өзге адам келсе, депутат Бекболат Тілеухан айтпақшы, оны да «төрт аяғын көтеріп» қолдауы мүмкін. Тіпті Сабильянов секілділер бұрынғы әдістеріне салып, Мәжілісті мерзімінен бұрын тарату туралы президентке «бұйымтай» айтса да таң қалмаймыз.

Н.Сабильянов. Фото: parlam.kz

Сонда депутаттардың негізгі атқаратын шаруасы осы ма? Мәжіліс мінберіне отырарда берген «Қазақстан халқына адал қызмет етуге...» деп басталатын анттары қайда қалады? Әлде жұртты дерт жалмап жатқанда, көптің мұң-мұқтажын айту – адалдық дейтін ұғымның сипатына жат па?

Демалыс кезінде үндеуге қолдау жасауға болса, үкіметті өзіне қаратып, талап қоюға да болатын шығар. Сөзіміздің соңында біз осыны көтеруі керек-ау деп тапқан үш ұсынысты депутаттарға құлаққағыс еткенді жөн санадық.

1. Мемлекеттің коронавируспен күреске жұмсадық деген қаржысы әр жерде әртүрлі аталады. Дегенмен Қаржы министрлігінің жуырда ғана берген дерегінде 192 миллиард теңге жұмсалды делінген. Бұған шағын және орта кәсіпті қолдау мен түрлі жәрдемақылар үшін бөлінген қаржы кірмейді. Ендеше, осынша қаржы қайда жұмсалды? Дәрі-дәрмек, медициналық құрал жабдық алынды ма? Алынса, қазіргі дәрі тапшылығын қалай түсіндіруге болады?

2. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте дәрі тапшылығының себебін түсіндірген вице-премьер Ералы Тоғжанов «Қазақстан дәрінің 13 пайызын ғана өндіреді, қалғаны импортталады» деген еді. Бұл – 5 шілде күні. Ал осыдан бес күн өткеннен кейінгі үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой еліміздегі фармацевтика өндірісінің үлесі жыл сайын 22 пайызға артып келе жатқанын айтты. Сонда жыл сайын 22 пайызға артқанның өзінде биыл ішкі қажеттіліктің 13 пайызын әрең өтейтін жағдайға жеткенбіз бе? Онда неге керекті дәрі-дәрмектер ертерек сатып алынбаған? Әлде вице-премьер мен министрдің дерегінде алшақтық бар ма?

3. Қарапайым халық үшін ең маңызды сұрақ мынау: Жұрт сабылып, дәріханалардан таппаған препараттар «СК-Фармация» серіктестігінің қоймасында үйіліп жатқаны белгілі болды. Серіктестіктің бұрынғы төрағасы Берік Шәріп қызметінен кетіп, орнына Ерхат Есқалиев келді. Әңгіме осымен бітті ме? 2017 жылы ғана «СК-Фармация» дәрі-дәрмекті 2-3 есе қымбатқа сатты, 1,8 миллиард теңгені қолды қылды» деген айыппен серіктестік төрағасы тұтқындалмап па еді. Сонда қазіргідей пандемия кезінде жұрттың қолы жетпеген дәрі-дәрмекті қоймада сақтағандарға қандай жаза лайық?  Жалпы, сырқаттар шетінен ажал құшып жатқанда, дәрі-дәрмектің қоймада үйіліп жатуын, «СК-Фармацияда» қандай дәрінің бар, қандай дәрінің жоқ екенін бірде-бір мемлекеттік органның білмеу себебін кім түсіндіріп бере алады?

Біз үндемес депутаттар үйде бұғып жата бермей, бұл сұрақтарды тиісті орындардан сұрайды және соған нақты жауап алады деп үміттенеміз. Өйткені қазіргі қиын жағдай момын түгілі, мылқауға да тіл бітірді. Ал депутаттар... мұның екеуіне де жатпауы керек қой.

Тегтер: