23 Маусым 16:17

Ұлттық парктің жерлерін кім сатпақшы?

Фото:

Соңғы кезде Іле Алатауы ұлттық табиғи паркін туризм мақсатында пайдалануға қатысты дау өршіп барады. «Жер сатыла ма, жоқ па?» деген сұрақ жұрт көкейінде жүр. Nege.kz тілшісі мәселені зерттеп көрді.  

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде шетелдік, оның ішінде АҚШ-тың табысты тəжірибесі негізінде ұлттық паркті дамытудың бас жоспарын жасады. Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігіне қараған 13 парк пен 10 қорықтың игіліксіз жатқанын ескерген министрлік туризммен жеке бизнес айналысуы керек деп санап, тендерге байқау жариялаған. Нәтижесінде 27 адамнан тұратын комиссия «Құлтау» ЖШС-нің жобасын мақұлдап, туризмді дамытуға мүмкіндік берді. Бұл жобаға бастапқы кезде 14 млрд теңге құятынын мәлімдеген компания 35 учаскені 49 жылға жалға алып, ол жерде 10 жылда 34 нысан салу құқына ие болды. Алайда, бұған қоғамда сенімсіздік танытқандар көбейді. Кейбір мәліметке сенсек, тендерді ұтып алған «Құлтау» ЖШС-ның бұрын-соңды бұл салада тәжірибесі жоқ.

«Бұл мекемеде небәрі 3 адам жұмыс істейді. Компания қожайыны, оның қызы мен есепші ғана. Бұл үшеуі 4 ұлттық парк – «Көлсай көлдері», Іле-Алатау ұлттық паркі, Үлкен Алматы көлі, Алма-Арасан, Аюсай, Түрген, Есік, «Алтынемел» ұлттық паркі», Шарын ұлттық табиғи паркіне қарасты 35 учаскені жалға алып, жандандырады дегенге сенуге бола ма? Олар осы жобаға құйылатын инвестицияны қайдан алады? 28 млрд 400 млн теңгені кім береді?» деген дүдәмал пікірлердің болғаны рас. Тағы бір дерекке сүйенсек, компания тендерден өтсе, «Al Hilal» ислам банкі қаржы бөлетінін алдын ала мәлімдепті-міс. Осыдан кейін бәзбіреулер «49 жыл жалға берілетін Қазақстанның көрікті жерін арабтар біржола басып алады» деп қисынсыз пікіп айтып жүр. Бұл мүмкін емес. Инвестор мемлекеттің қарауындағы жерлерді тек уақытша пайдалану үшін жалға алды.

«Ұлттық парктің жерлері сатылмайды!»

Алып-қашпа әңгімелерге қатысты Nege.kz тілшісі ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаевқа хабарласты.

Е.Нысанбаев

«Ұлттық парктегі жерлер сатылмайды! Өзге елдің азаматтары мен шетелдік компанияларға пайдалануға берілмейді! Оған Қазақстан Республикасының заңы бойынша тыйым салынған. Ұлттық парктердің қазіргі жағдайын өздеріңіз көріп отырсыздар: кəуапхана, абажадай мейрамханалар, сапасыз қызмет, сүреңсіз көріністер. Жағдайды түбірімен өзгертпей болмайды. Бірінші орында адам мен табиғаттың байланысы тұруы тиіс. Тиісінше, жолдарды, көру алаңдарын, өзен үстіндегі көпірлерді, табиғи үндестікті бұзбайтын шағын нысандарды салу керек. Осының бəрін жолға қоятын қазақстандық инвесторға жалға небәрі 35 га жер учаскесі пайдалануға берілді. Инвестормен барлық жұмыстар қоршаған ортаға зиян келтірмей іске асырылады, ал тұрғызылатын құрылымдар заманауи экологиялық материалдардан әзірленеді», – деді Е.Нысанбаев.

Сондай-ақ, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі ұлттық парк бұрынғыдай кез келген қазақстандық үшін қолжетімді болып қала беретінін, ешқандай қоршаулар болмайтынын қадап айтты.

Инвестор «Al-Hilal» банкінен несие алмаған

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Whatsapp желісі арқылы тараған «Қазақстанның төрт ұлттық паркін «Al Hilal» банкі 49 жылға жалға алды» деген ақпараттың жалған екенін де жеткізді. Министрлік өкілдері бұған дейін де мәлімдегеніндей, ҚР «Ерекше қорғалған табиғи аумақтар» туралы заңға сәйкес, шетелдік компаниялар мен жеке тұлғаларға ерекше қорғалған табиғи аумақта жұмыс істейтін инвестициялық компанияның құрылтайшысы болуға қатаң тыйым салады.

Вице-министр Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, экотуризмді дамыту бойынша Іле Алатауы ұлттық паркінің инвесторы «Al-Hilal» банкінен несие алмаған.

«Тендерлік құжаттардың талабы бойынша, инвестордың өтініш беруі барысында «Al-Hilal» банкінің ұсыныс хаты болған. Онда «Құлтау и К» ЖШС Іле-Алатауы ұлттық паркіндегі жер телімін ұзақ мерзімге жалға алу бойынша тендерді ұтып алған жағдайда банк қаржыландыру жағын қарастыруға дайын екені жазылған. Сондай-ақ,  хатта бұл ұсыныс банктің міндетті талаптары ретінде қаралмайтыны және соңғы шешімді несиелік комитет шығаратыны жазылған» деп жауап берді.

«Сондай-ақ, тағы бір мәрте атап өткіміз келеді. Іле Алатауы ұлттық паркінде экотуризмді дамыту жобасы бойынша жер телімі жалға емес, пайдалануға беріледі. Инвестор өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда мемлекет кез келген уақытта келісімшартты тоқтатуға құқылы. Мұны бұған дейін бірнеше мәрте министрлік өкілдері де, инвестордың өзі де БАҚ өкілдеріне мәлімдеген болатын», – деді Е.Нысанбаев.

Жалған ақпарат таратқандар жазаланады

ҚР заңнамасы бойынша, инвестор қаржыландыру көзін өзі таңдауға құқылы. Қазіргі уақытта жобаны қаржыландыру инвестордың жеке қаражатынан жүзе асырылуда. Министрлік инвестормен арадағы келісімшартта Қазақстанның төрт ұлттық паркін жалға беру туралы келісім жоқ екенін де хабарлады. «Тендер нәтижесі бойынша, 2020 жылдың 19 наурызындағы Іле Алатауы ұлттық паркінің 35 гектар аумағы жалға емес, қолдануға берілді. (Іле Алатауы ұлттық паркінің жалпы аумағы 200 000 га). Бұған қоса, ҚР заңнамаларына сәйкес, жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз. Министрлік жалған ақпарат таратқандарды жауапқа тарту үшін құзырлы органдарға арыз жазуға құқылы. Осыған орай, қоғам өкілдерінен, БАҚ және барша қазақстандықтардан дерек көздерін мұқият зерттеп, тексеруді және министрліктің ресми ақпаратына сүйенуді сұраймыз», – деді Ерлан Нысанбаев.

Отандық инвестор ұлттық паркке қатысты кейбір жер телімдерін   әлемдік тәжірибеге сүйеніп, экотуризм бағытында дамытуға ықылас танытса, құптау керек шығар. Қазіргі заманда инвестиция тарту да оңай емес. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі оның маңызын түсіндіріп, алашапқын болып жүр. Тіпті, министрлік өкілдері салалық ведомствоның бастамасын танымал тұлғалармен талқылауға кіріскен. Енді Іле Алатауы ұлттық паркі төңірегінде туындаған түсініспеушіліктер Қоғамдық кеңес аясында шешілетін болды.

Қысқасы, министрлік Қазақстандағы ұлттық парктерді жетілдіру бойынша қоғам өкілдері мен сарапшылардың пікірін тыңдауға әрқашан дайын екенін жеткізді. Соңғы кезде осы мақсатта БАҚ, эко-белсенділер және сарапшылармен көптеген кездесулер мен ашық талқылаулар өтті. Сондай-ақ, Іле Алатауында экотуризмді дамыту бойынша қоғамдық кеңес құрылды. Оның құрамына қоғам өкілдері мен эко-белсенділер енді. Жақын күндері кеңестің көшпелі отырыстары өтеді. Онда инвестор жобаның барлық мән-жайы мен атқарылған жұмыстарымен таныстырмақ. Осылайша, инвестордың  жұмысты сапалы түрде орындауын халықпен бірге қадағалайтын боламыз.

Тегтер: