23 Қаңтар 17:47

Үкіметтің кеңейтілген отырысы: Мамин орнын сақтап қала ма?

Фото:

Ертең Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізеді. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында жазды.

«Жұма күні, яғни 2020 жылдың 24 қаңтарында Үкімет үйінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысы өтеді.

Кеңейтілген отырыста Үкімет еліміздің 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларының есебін береді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының Үкіметке ел дамуының негізгі бағыттары бойынша берген тапсырмаларының орындалу барысы талқыланады» деп жазды Б.Уәли.

Асқар Мамин 2019 жылдың 21 ақпанында Премьер-министрдің міндетін атқарушы болды да, төрт күннен соң Премьер-министр болып тағайындалды. Он бір айда Мамин жасақтаған үкімет қандай шаруа атқарды? Жүктелген міндетті орындай алды ма? Былай қарасаңыз, 11 ай көп уақыт емес. Бірақ жұмысын көрсету үшін аз мерзім болмаса керек-ті.

Президенттік сайлаудан кейін Асқар Маминнің басқан ізі білінбей қалған. Себебі белгілі. Сол кезде «қос билік» туралы әңгіме өршіп тұрған-ды. Жаңадан сайланған президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел аралады да, премьер-министр Асқар Мамин көлеңкеде қалды. Әлеуметтік желіде Маминді іздеген жазбалардың көбейгені де осы тұс.

Үкіметтің кеңейтілген отырысы туралы ресми хабарда Тоқаевтың алдында Мамин «2019 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есеп беретіні» және «тапсырмалардың орындалу барысы талқыланатыны» айтылған.

Әлеуметтік-экономикалық дамудың жайы қалай? Тапсырмалар толық орындалды ма, жоқ па? Жалпы, Маминнің он бір айлық жұмысына қандай баға беруге болады? Ол премьерлікті сақтап қала ма?

Осы сұрақтарды президенттің кеңесшісі Олжас Құдайбергеновке және Ұлттық кеңес мүшесі, экономист Мұхтар Тайжанға қойғанбыз. Екеуі де «алдымен кеңес өтсін» деп, жауап беруден бас тартты.

Дос Көшім, саясаттанушы:

 

– Өз басым, осы отыз жылдың ішінде халықтың есінде ерекше қалған, экономикалық-әлеуметтік жаңа бағыт ұсынған, не оны жүзеге асырған Үкіметті көрмедім. Билік жүйесі қалай болса, атқарушы билік те сондай. Олардың не жоғы, не бары білінбейді. Шынымды айтсам, Маминнің үкіметіне «қандай міндет жүктелгенін» де ешкім білмейтін сияқты.

Бір ақылды адам: «Билікке баға беру үшін тоңазытқышыңды ашып қара» депті. Егер сол адамның айтқанына құлақ ассақ, бұл Үкімет те ешқандай пайда әкелген жоқ. Бәріне белгілі, баға шарықтап бара жатыр, инфляция тоқтамады. Сондықтан Үкіметке баға берудің өзі қиын, өйткені бағалауға болатын жетістік жоқ.

Қазақ елі үкіметінің жұмысы нашар баға алып, Премьер-министр қой бағып, не «таксовать» етіп кетіпті дегенді  естіген жоқпыз. Кеткен күнде де тағы бір жылы орынға жайғасатыны анық. Оның орнына келетін үкімет басшысы да ештеңені өзгерте қоймайды, себебі біздің билік жүйесі оған мүмкіндік бермейді. Түбегейлі саяси реформа және соның негізінде өмірге келетін демократиялық құрылымдары ғана атқарушы билікті, оның жұмысын өзгерте алады. Оған дейін бірінің-бірі арқасынан қағып шығарып салумен, қайта тағайындаумен жүре береміз.

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

 

– Мамин премьер-министр болғалы айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді дей алмаймын. Соңғы бір жылдықта болған саяси оқиғаларда тұңғыш президент – Елбасы Назарбаев пен президент Тоқаев көбірек сөз болды да, осы екі ортада Үкімет пен оның басшысы көлеңкеде қалып қойғандай әсер қалдырды. Тіпті, кей телеарналар мен апталық шолуларда «Бізде премьер-министр бар ма өзі, жоқ па?» деген сұрақтар да әрегідік бой көрсетіп қалды.

Үкіметтің жұмыс барысына келер болсақ, нақты бір істердің кешенді шешіліп жатқанын байқамадық. Тиісті ұсыныстар болса, ол Ақордадан шығып отырды. Азаматтардың несиесін жабу, әлеуметтік салаға басымдық беру, көп балалы аналарға көмектесу, мектептегі оқушыларды тегін тамақтандыру секілді мәселелер көбіне үкіметтен емес, президент әкімшілігінен шығып жатқанын Үкіметтің тиімді жұмыс істемеуінен деуге болар. Бірақ, меніңше, осындай мәселелерді Маминнің жеке басымен байланыстырып қоюға болмайды. Бұл – қалыптасқан жүйенің жемісі. Үкімет жайсыз жаңалықтар кезінде аталады да, жағымды жаңалықтар тікелей Ақорданың атымен айтылатыны – ескіден келе жатқан инерциялық мәнер.

Маминді отставкаға жіберсе де, жібермесе де бұдан ештеңе өзгермейді. Бізде бұған дейін оншақты рет премьер ауысты. Алайда, сол ауыс-түйістен саяси өзгеріс не экономикалық өсу-ілгерілеу байқалған жоқ. Жүйе өзгермесе, қанша жерден кадр ауыстырса да, жаңашылдық әкеледі деп ойламаймын.

Мемлекеттік басқару жүйесін оңтайландыру, қолынан іс келетін азаматтарды қызметке тарту секілді бірқатар игі бастамаларды президент Тоқаевтың өзі де жүзеге асырып отыр. Қоғамда әлі де күмән болғанымен, меніңше, президенттің командасында елге қызмет етуде табандылық танытар ерік-жігер бар сияқты. Мен осыдан үміттенемін.

Тегтер: