10 Қараша 11:01

«Түсініксіз ұйымның» тұяқ серпуі. ТАСМАҒАМБЕТОВТІҢ не айтқысы келді?

Фото:
ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы Иманғали Т

АСМАҒАМБЕТОВ осы ұйымға мүше елдерге қауіп төніп тұрғанын мәлімдеді. Оған жаһандық ойыншылардың текетіресі түрткі болып отырған көрінеді. Ол мұны Мәскеуде өткен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қауіпсіздік кеңесі хатшыларының бас қосуында мәлімдеді.

«Гибридті технологияларды пайдалану жағдайды ушықтырып отыр. Бұл қауіпті тануды, ұлттық егемендікті бұзу фактілерін анықтауды қиындата түседі», – деп мәлімдеді Бас хатшы.

Фото: ғаламтордан

Оның сөзіне қарағанда, халықаралық құқық эрозияға ұшырап, халықаралық ұйымдардың беделі мен мәртебесі түскен. Бұл жағдайды алдын ала болжауға кедергі. Мұның бәрі ұйымға мүше мемлекеттердің ұлттық қауіпсіздігіне де ықпал етеді.

«ҰҚШҰ кеңістігі түрлі гибридті технологияларды қабылдайтын орынға айналып үлгерді. Ұйымға мүше елдердің ішкі тұрақтылығына үлкен қауіптің шеті көрініп тұр», – дейді Тасмағамбетов.

ҰҚШҰ басшысы қауіп-қатерді іштен де, сырттан да көріп, осылайша қара аспанды төндірді. Тасмағамбетовтің бұл мәлімдемесіне қатысты қазақстандық сарапшылардың пікірі мынадай болып шықты:

Толғанай ҮМБЕТӘЛИЕВА, саясаттанушы:

ҰҚШҰ халықаралық деңгейде ойнағысы келеді

– Қазіргі кезде ҰҚШҰ-ға мүше елдердің басына бұлт үйіріліп тұрған жоқ. Менің ойымша, бұл ұйым енді басқа деңгейге көтерілуді жоспарлап отыр. Қазіргідей аймақтағы түсініксіз құрылым болудан арылып, халықаралық деңгейде ойын ойнап, әлемдік сахнаға көтерілуді көздейді.

Соңғы кездері Ресей мен Украина, Палестина мен Израиль арасында қақтығыстар болып жатыр. Палестина мен Израиль арасындағы жанжал үлкен рөл ойнайды. Әскери мәселелерге қатысты ұдайы НАТО мәлімдеме жасап жүр. Меніңше, бүгінде ҰҚШҰ-да осыған ұмтылмақ.

ҰҚШҰ өзінің рөлі мен ықпалын арттырып, сыртқы саяси амбициясын байқатып, халықаралық сахнада қалыптасқан ұйым ретінде өзін көрсетуге ұмтылып отыр. ҰҚШҰ-ға кіретін елдер атынан да, дербес әскери ұйым ретінде де. Бұл – НАТО-ға қарсы тепе-теңдік, халықаралық деңгейде әскери күштердің теңгерімі. Мен мұны тек қана осылай қарастырамын. Бірақ ҰҚШҰ үшін шынайы қауіп-қатерді көріп отырғаным жоқ.

Амангелді ҚҰРМЕТҰЛЫ, әскери сарапшы:

Кезекті мәлімдеменің бірі ғана

– Тасмағамбетовтің сөзінде тек қана жаһандық геосаяси құбылыстардың потенциалды қаупі бар екені туралы тұспал бар.

Кез келген жиында мұндай сөздерді айту – қалыпты жағдай. Сондықтан Тасмағамбетовтің бұл сөзін маңызды мәлімдеме деп есептемеймін. ҰҚШҰ ұйымына өзгеріс, реформа жасайтындай сөз айтылмады.

Халықаралық жағдайдың шиеленісуі, текетірестердің жаһандық немесе аймақтық деңгейде жүруі қалыпты қарым-қатынастар жүйесін басқаруды қиындатқанына, геосаяси және геоэкономикалық мүдделердің қайшылығынан дағдарысты жағдай қалыптасқанына тоқталады. Ұлттық егемендікке қатер төнді деген де сөзі бар. Ол терроризм қаупі ме, басқа ма, ол жағын нақтыламаған.

Меніңше, «ҰҚШҰ тарайды немесе күшейеді» дейтіндей дәнеңе жоқ. Кезекті көп мәлімдемелердің бірі. Кез келген жиында саясаткерлер айта беретін жалпылама баға беру сипаты ғана бар.

Жәнібек ҚОЖЫҚ, қоғам белсендісі:

«Қауіп қайдан болса, қатер содан»

– Қазақстанға басқа мемлекеттерден ешқандай қауіп-қатер төніп тұрған жоқ. Біз көршілерімізбен татумыз. Қырғыз, өзбек және түркімен елімен де, Қытаймен де соғыса қоятындай мәселе жоқ. Ауғанстан өзге елдерге қауіп төндірмек түгілі өз еліндегі тыныштықты қалпына келтіре алмай жатыр. «Әлдеқандай күш тұр» дегеннің бәрі де бекер.

Бұл Ресейдің әрекеті деп ойлаймын. «Қауіп қайдан болса, қатер содан» деген қазақтың сөзі бар. Бізге бір қауіп болса, ол Ресей империясынан болуы ықтимал.

Ресеймен шекаралас елміз. Бұл елдің ұлтшылдары «Қазақстанның солтүстігі – біздің жер» деп әлденеше рет мәлімдеме жасағаны белгілі. Ресей олардың қолтығынан су бүркіп отыр. Ушықтырмай отырған бір нәрсе, ол – Ресей мен Украина арасындағы соғыс. Соғыстың ұзаққа созылуы, Ресейдің қуатының әлсірей бастауы.

Тасмағамбетовтің мәлімдемесі: «ТМД елдерін ұзақ ұстап тұра алмаймыз, ыдырауымыз мүмкін. Бізді бөліп жіберуі ықтимал. Империялық дәрежеден айырылып қалуымыз мүмкін» дегенді  жанама жеткізу. Тасмағамбетов Путиннің көңіліне қарап, соған лайықты сценарий бойынша айтып отыр.

Тегтер: