ТШО: Атырау облысында 580 орындық мектеп пайдалануға берілді

13 қыркүйек, 10:50
ТШО: Атырау облысында 580 орындық мектеп пайдалануға берілді
Фото: nege.kz

Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласында 580 орындық   мектеп құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Атырау, NEGE. Білім күніне орай тапсырылған жаңа мектеп «Теңізшевройл» ЖШС-ның «Игілік» ерікті әлеуметтік инфрақұрылымдық жобалар бағдарламасы негізінде салынды. Жаңа мектепте оқушылар жалпы оқу бағдарламасы бойынша білім алып қана қоймай, сонымен бірге өздерінің шығармашылық қабілетін де дамытуға мүмкіндік алады. Мектепте керамика, металл мен ағаш өңдеу шеберханаларына, маталарды өңдеуге, тамақ дайындауға арнайы орын бөлінген және олар толықтай жабдықталған. Енді жаңа  мектепте бір ауысымда әр сыныпта 25 оқушы сапалы білім алатын болады.

Үш қабатты жаңа мектеп, жоғарыда айтқанымыздай, 580 орындық. Мектепте заманауи спортзал, асхана, қысқы бақ және оқушыларға қажетті тағы да басқа нысандар бар. 

Бастауыш сыныптардың кабинеттері керекті құрал-жабдықтармен толықтай қамтылған. Интерактивті тақталар мен музыкалық орталықтар бастауыш сынып оқушыларының қажетін толық өтейді.  Сондай-ақ, салалық пән кабинеттері мен кітапхана, оқу залы да талапқа сай жабдықталған.

 

Оқушылар күнделікті сабақтан бөлек, қолөнерді үйренуге, қосымша үйірмелерге қатысуға мүмкіндік алғаны қуантады. Айталық, мектеп жанындағы шеберханада қолөнер бұйымы – құмыра жасайтын пеш пен оның керек-жарағы бар. Ұлдар металл өңдеуді, дәнекерлеуді, ағаштан бұйым жасауды осы шеберханада меңгере алады. Ал, қыздарға тігін тігуді, дәмді ас даярлауды үйренуге мүмкіндік бар.

Жаңа мектепте оқушылардың денсаулығын қадағалайтын замануи құрылғылармен жабдықталған дәрігер   кабинеті де бар.   

«Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында пайдалануға берілген жаңа мектеп   жылыойлықтар үшін ерекше сый, керемет қуаныш. Осы ретте, бүгінгі қуанышқа жиналған баршаңызды  жаңа оқу жылымен, әрі осындай әсем ғимараттың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің жаңа мектептегі заманауи мүмкіндіктерді пайдалана отырып,    оқуда озат, өмірде белсенді де   жауапты болуларыңа игі тілегімді білдіремін», – деді Атырау облысы Жылыой ауданының әкімі  Халел Жамалов. 

 

«Теңізшевройл» ЖШС қашан да Жылыой ауданы мен Құлсары қаласының дамуына ерекше назар аударумен келеді.   Кәсіпорынның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиевтің айтуынша, «Игілік» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған барлық жобалардың шамамен 60 пайызы Жылыой ауданының үлесінде. 

«Теңізшевройл» ЖШС  құрылған күннен бастап,қоғамның ажырамас бөлігі ретінде жергілікті қауымдастықпен бірлесе жұмыс істеп келеді. Әсіресе, ТШО үшін Жылыой ауданының орны бөлек. Өйткені Теңіз кенішінде жұмыс істейтіндердің басым бөлігі осы ауданда тұрады. Мұны  кәсіпорынның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев өз сөзінде баса айтты. 

«Біз «Игілік» бағдарламасының кезекті жобасы – жаңа мектеп құрылысының  табысты аяқталғанына және Құлсары қаласы тұрғындарына қызмет ететініне қуаныштымыз. Болашақта аталған мектеп түлектерінің  жетістіктеріне сіздермен бірге куә болайық!», – деді Рзабек Артығалиев.

Статистикаға жүгінсек, 63 мыңға жуық тұрғыны бар Құлсары қаласында 13 жалпы білім беру мекемесі жұмыс істейді. Ендеше, ТШО-ның «Игілік» ерікті әлеуметтік инфрақұрылымдық жобалар бағдарламасы негізінде салынған жаңа мектеп білім саласындағы осы олқылықтың орнын толтыратыны анық.

Бес жылдық «Атырау Бонус қоры» бағдарламасын алмастырған «Игілік» ерікті әлеуметтік инфрақұрылымдық бағдарламасы өз жұмысын 1998 жылы бастаған болатын. Содан бері «Игілік» бағдарламасының жылдық бюджеті сатылап  көтеріліп келеді. Мәселен, 2021 жылы бағдарламаға 30 миллион АҚШ доллары  бөлінді. Қаражаттың негізгі бөлігі балабақшалар, мектептер және Атырау облысы тұрғындарының игілігіне арналған басқа да әлеуметтік нысандардың құрылысына бағытталатын болады. Күні бүгінге дейін «Игілік» бағдарламасы шеңберінде 130-дан астам жоба жүзеге асырылды.