14 Ақпан 06:23

Трұмов Президент пен Премьерді НЕГЕ тыңдамайды?

Фото:

Әңгімені Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Өтелгенұлы Тұрымовтың тегінен бастағанды жөн санадық. Өйткені «Тақырыпта қате кетіпті» деп, Қайнар Олжай ағамыз сияқты «қағып тастайтын» қырағы оқырмандарымыз аз емес. Сондықтан, мәселенің басын бірден ашып алайық, Маңғыстау облысы әкімдігінің ресми сайтында әкімнің аты-жөні былай жазылған: «Трұмов Серікбай Өтелгенұлы».

Құжатта солай ма, әлде сайт әкімшісі қате жазды ма, ол жағы бізге белгісіз. Біз ресми сайтқа сендік. Сондықтан бұдан әрі «Трұмов» деп жазамыз.

Қош, негізгі әңгімеге көшейік. Тиімсіз шығындарды қысқарту жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырма беріп, Премьер-министр Асқар Мамин ұсыныс дайындауға бір апта уақыт белгілегенде Nege.kz порталы облыс әкімдерінің бәріне сауал жолдаған. Олардың арасында Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов та бар.

2 ақпан күні Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің басшысы С.Сүлейден жауап келді. Жауап деген аты ғана, әріптесіміз Сүлей сүйкей салыпты. Бәлкім, баспасөз қызметінің басшысы жағдайды білмейтін болар. Білмесе, білетіндерден сұрап алғаны жөн еді. Жауап келген соң жариялауға тиіспіз. Бірақ, сөзімізді жауап берген баспасөз хатшысына емес, лауазымды тұлға – облыс әкімі С.Трұмовтың өзіне бағыттаймыз.

Мәселен, мынадай нақты сұрақ болды: «Премьер-министр әкімдерге бір апта ішінде бюджеттің тиімсіз шығындарын қысқарту жөнінде тапсырма берді. Қанша қаржы қысқарту жоспарда бар және ол қандай салаларға қатысты?».

Енді жауапқа қараңыз: «2020 жылға арналған бекітілген облыс бюджеті жалақы, әлеуметтік төлемдерді төлеу, әлеуметтік нысандарды күтіп ұстау және т.б. басым бағыттағы шығындарды қаржыландыруға көзделген.

Бұл ретте тапсырманы орындау үшін, ағымдағы жылдың ақпан айында басым емес шығыстарды анықтау үшін қалалар мен аудандардың бюджеттері, сондай-ақ облыстық бюджетке талдау жүргізу жоспарлануда. Аталған шығыс түрлері анықталған жағдайда, оларды оңтайландыру үшін тиісті шаралар қолданылады».

Жауапты үтір-нүктесіне дейін өзгертпей, әдейі толық бердік. Түсініксіз жауаптан тек бір нәрсені ұққандай болдық: Маңғыстау облысында Мемлекет басшысы мен Премьер-министрдің тапсырмасы орындалмаған.

Қараңыз, бюджет шығынын қысқарту жөнінде Президент Тоқаев 24 қаңтар күні Үкіметтің кеңейтілген отырысында тапсырма берді. Ал Премьер-министр А.Мамин 28 қаңтар күні облыс әкімдеріне ұсыныс дайындауға бір апта уақыт белгіледі. Одан бері екі аптадан асты, Маңғыстау облыстық әкімдігі тиімсіз шығындарды әлі есептемеген. Тіпті тиімсіз шығын таппауы да мүмкін екен. Өйткені жауапта «аталған шығыс түрлері анықталған жағдайда» деген анықтама тұр.

Нақты сұраққа нақты жауап болмағандықтан, сүйкей салған сырғытпа жауаптарды жауап деп есептемедік. Биыл Маңғыстау облысында түк пайдасы жоқ түрлі форумдар, әлдебір шаралар, қажетсіз той-томалақтар өтіп жатса немесе әкім аппараты көлік ауыстырса, жиһаз жаңаласа, мұны қадағалап отыратын боламыз. Өйткені С.Сүлей «көлік алмаймыз, жиһаз бен техника жаңаламаймыз, мемлекеттік және ұлттық мейрамдардан басқа іс-шара жоспарламаймыз» дейді. 

Мемлекеттік және ұлттық мейрам дегені Наурыз, Халықтар бірлігі күні, Жеңіс күні, Астана күні, Конституция күні, Тәуелсіздік күні, Тұңғыш Президент күні екен. Ал бүкіл Республика атап өтетін Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, әл Фарабидің  1150 жылдығы ше? Әлде Маңғыстау облыстық әкімдігі әлем мойындаған Абай мен әл Фарабиді мойындамай ма?

Егер рас болса, жалақы қорынан ақша үнемдеу жөнінен Маңғыстау облыстық әкімдігі әзірге бәрінен басып озды. 2019 жылдың қорытындысы бойынша еңбекақы төлеу қорынан үнемделген қаржы – 132 млн 317 мың 200 теңге.

«Облыс әкімінің және орынбасарларының жалақысы қанша?» деген дәстүрлі сұрақты жолдағанбыз. Жауап мынадай болды: «Маңғыстау облысы әкімінің жалақысы 953 337 теңге. Әкімнің бес орынбасары бар. Олардың жалақысы 587 мың мен 700 мың теңге арасында».

Тегтер: