24 Қаңтар 07:24

Төрт президент бейнеленген картина сатылды ма?

Фото:

Арғы-бергі төрт президенттің басын бір жерде тоқайластырған ерекше дүниенің сатылымға шыққанын 5 қаңтар күні (Майлы бояудағы төртеудің картинасы қаншаға сатылады?) хабарлағанбыз. Тосындау жаңалыққа елең еткен бірнеше БАҚ Nege.kz порталына қолқа салып, осы хабарды көшіріп басқан еді.

Картина иесі – талантты қазақстандық дизайнер Әрсен Сексенбаев кенепке майлы бояумен салынып, қорғаныш лакпен өңделген бұл дүниені 1 миллион теңге деп бағалаған болатын. Ал картина қаншаға сатылды? Иесі табыла қалған жағдайда, алғашқы болып бізге ақпар беруге уәде еткен дизайнерден дың еткен дыбыс болмаған соң, өзіміз хабарласқан едік – картина сатылмапты!

Бұл жөнінде иесі былай деді: «Біздің әу бастағы мақсатымыз – бұл дүниені тездетіп сату емес еді. Егер біз дереу сатып, пайда табуды көздесек, аукционға шығарар едік, басқа да жолдарын қарастырар едік. Біз оны алдымен OLХ-ке салдық. Ал бұл жерде өнерді бағалайтын адамдар сирек. Бірақ қарапайым жұрт көп. Сондықтан біздің ойымыз қалайда картинаны сатып жіберу емес, осындай дүниенің өмірге келгенін жұртқа жариялау болды. Және бұл мақсат орындалды. Ал сатып алуға ниет танытқандарға келсек, ондай адамдар көп емес. Картинаның нағыз иесі әлі бізге шыққан жоқ».

Ал, неге шыққан жоқ? Біздіңше, мұның ықтимал екі себебі болуы мүмкін. Алғашқысы – картинасы 31 миллион теңгеге сатылған Болат Бақауов ұсталғанда аты жер жарды. Қымбат картинасы да көп сөз болды. Осы жағдай «өнерді бағалай білетін» қайсібір кісілердің бойына үрей туғызған сияқты. Енді олардың картинадан үріккені – үріккен.

Дегенмен, екінші нұсқаның жөні бөлек. Кейбіреулер бұл туындының затына емес, атына көбірек мән беретіндей көрінеді. Аты – «Шахмат ойыны». Білесіз, шахматта әркімнің өзіне лайық орны бар. Сондықтан «пешканың» пайымымен ойлайтындар қартинаға қанша жерден қызықса да, «алдыңғылардан аттап кетпейік» дейтін тәрізді. Саясатта «аттай» желіп жүргендер бұл керемет дүниені өз үйіне қойғаннан гөрі, «пілдің» төріне ілгенді дұрыс көріп, соның жөнін таппай жүруі де ықтимал. Қысқасы, қарапайым жұрт жете түсіне бермейтін, жөн-жоралғысын жоғарыдағылар ғана жыға танитын «әдеп» деген нәрсе картинаның «бағын байлап» тұрғандай көрінеді бізге.

Бірақ бұл үнсіздік ұзаққа бармауы тиіс. Әне-міне біреулер қағып кетуі де мүмкін. Тіпті картинаның «Шахмат жүрісінен» бейхабар, өнерді – өнер деп қана білетін кісіге бұйыруы да ғажап емес. Бұл енді туындының тағдырына байланысты дүние.

 

Тегтер: