31 Тамыз 16:26

Тоқаевтың үшінші Жолдауы: Уәде орындалды ма, жоқ па?

Фото:

Ертең Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі жолдауын үшінші рет жолдайын деп отыр. Сарапшылар жыл сайынғы жолдауларға талдау жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы екі жолдауында айтылған қай мәселе назардан тыс қалды? Сондай-ақ Президент биыл не айтуы мүмкін және қандай мәселе айтылғаны дұрыс?

«Экс-президенттің кезеңінен бері  жолдаудағы уәделер орындалмайды»

Сарапшы Қазыбек Бейсебаев президенттің жолдауындағы қандай уәде орындалмағанын айтып берді.  Сарапшының айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Еститін үкімет құрамыз» дегені уәде күйінде қалған.

«Қазір Үкімет бізді тыңдап жатыр ма? Сондай-ақ президент «Ұлттық сенім кеңесін құрып, елде саяси реформа жасаймыз» деп уәде берді. Үлкен жиындар өткізіп, кеңес мүшелерін жеке-жеке қабылдады. Бірақ одан қандай нәтиже шықты? Ешқандай оң өзгеріс болған жоқ. Мысалы Тоқаев «Саяси партия құру үшін мүшелердің санын 40 мыңнан 20 мыңға түсірдік» деді. Бір қызығы, 150 млн халқы бар Ресейде бес жүз-ақ адам жиналып, саяси партия құруға мүмкіндік алады.

Шын мәнісінде партия құру үшін мүшелердің санын 40 мыңнан 20 мыңға түсіру саяси реформа жасауға жатпайды», – дейді ол.

Сондай-ақ сарапшы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кезеңінен жолдаудағы уәделер орындалмайтынын еске салды. Бірақ оны зерттеп, халыққа есеп беріп жатқан ешкім жоқ дейді.

«Елбасы 2010 жылғы жолдауында «2014 жылы біз жанармай мәселесін 100 пайыз шешіміз» деп айтты. Шешілді ма? Шешілген жоқ. Сондай-ақ тап сол жолдауда экс-президент «2014 жылы азық-түлігіміздің 80 пайызы отандық өнім болады» деген. Қазір азық-түлік алуға базарға барсаңыз, өнімдердің көпшілігі Ресей, Беларусь секілді шетелдің тауарлары.

Яғни, Назарбаев кезеңінен жолдауда айтылған уәделер жүзеге асқан жоқ. Сондықтан да халықтың жолдауға деген сенімі жоқ. Себебі біздің елде жолдауда айтылған уәделердің қайсысы орындалғанан, қайсысы орындалмағанын анықтайтын ешкім жоқ», – дейді сарапшы.

«Президент жолдаудағы мақсатына әлі жеткен жоқ»

Қазыбек Бейсебаевтың ойын саясаттанушы Санжар Боқаев та қолдайды. Саясаттанушының айтуынша, президенттің жолдаудағы көптеген уәделері аяқсыз қалған.

«Былтырғы жолдаудағы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ең басты мақсаты мемлекеттік басқару жүйесін жаңарту болған. Өкінішке қарай, президент сол мақсатқа жеткен жоқ. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі мен Жоғары реформалар жөніндегі президенттік кеңес болады деп айтты. Мемлекеттік қызмет жүйесі қандай болса, сол күйі қалды. Мемлекеттік аппарат бұған дейін тиімсіз жұмыс істеді, әлі де сол тиімсіз жұмыс істеп келе жатыр.

Сондай-ақ президенттің «Мемлекеттік аппараттың санын 15 пайызға қысқартамыз» деген уәдесі іске аспады. 15 пайызы тұрмақ, 5 пайызы да қысқарған жоқ. Бұдан бөлек «Ұлттық компаниялардың жанындағы квазисекторларды қысқартамыз» деп уәде берген болатын. Бұлар да қысқармады. Ұзын сөздің қысқасы, президент өз жолдауында айтқан мақсатына әлі қол жеткізген жоқ», – дейді ол.

Саясаттанушы жолдауда тамаша ойлар айтылғанмен оның нақты іске асуы қиын екенін ескертеді. Мысалы былтырғы жолдауда экономикалық реформаға қатысты біраз тың ұсыныс айтылған.

«Бірақ оның ешқайсысы өз нәтижесін берген жоқ. Мәселен Президент: «Біз кәсіпкерлікті дамытып, барлық жағдайды жасап беруіміз керек», – деп айтты. Бірақ оның бұл сөзі іске асқан жоқ. Кешегі Конститция күнінде ешқандай кафе, ресторандар жұмыс істемеді. Өйткені жергілікті билік коронавирусты сылтауратып, бәрін жауып тастады. Осының салдарынан кәсіпкерлер біраз шығынға батты. Негізі осыны «Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей», дұрыстап ұйымдастыруға болар еді. Егер Конституция күні кәсіпкерлер жұмыс істемесе, мерекені қалай тойлаймыз? Шын мәнісінде иделогияны дұрыстап жұмыс істетуге болар еді», – дейді ол.

Алдағы жолдаудан не күтеміз?

Қазыбек Бейсебаевтың айтуынша, Қазақ елі қазір өте күрделі кезеңде өмір сүріп жатыр. Батыс аймақта қуаңшылық болып, мал қырылып жатса, «Жығылғанға – жұдырық» дегендей, Тараз қаласының маңындағы Байзақ ауданында әскери қойма жарылып, 15 адам қаза тапты.

А.Мамин. Фото: kommersant.ru

«Осындай күрделі кезеңде президент Үкіметке жұдырық көрсетіп, отставкаға жібереді деп күтеміз. Әйтеуір бір шара қабылдауы керек қой. Бізде 30 жылдан бері шешілмеген мәселелер бар. Халыққа нақты іс керек. Өйткені біз жай сөзден әбден шаршадық. Мәселен не істеп жатқанын өздері де білмейтін саны бар, сапасы жоқ министрліктерді тарату керек.

Біздің стратегиялық бағыт-бағдарымыз қандай? Дамыған 30 елдің қатарына қалай кіреміз? Мысалы біз ауыл шаруашылық саласына назар аударамыз ба, аудармаймыз ба? Міне ең басты мәселе – осы. Қуаңшылықтан мал қырылып, бидайдың өнімділігі азайып жатыр. Елбасы мен қазіргі президенттің жолдауында керемет уәделер айтылады. Тыңдаған кезде рахаттанамын. Өкінішке қарай, нақты іс жоқ», – дейді сарапшы.

Серік Жолдасбай, Нұр-Сұлтан.

Тегтер: