«Тоқаевқа кадр құрамын түбегейлі өзгерту керек, басқа амалы жоқ»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы күндері біраз ауыс-түйіс жасайтыны белгілі. Бірінші кезекте министрлер мен әкімдердің қабілет-қарымы таразыға түспек. Осы уақыт ішінде Президенттің шешім қабылдап та қойғаны анық. Тек қағазға қол қою қалып тұр.
Кімнің тасы өрлеп, кімнің басынан бағы таймақ. NEGE cауалдарына жауап берген саясаттанушы Самат НҰРТАЗА «Астана қаласының әкімі Алтай КӨЛГІНОВТІҢ қызметі жоғарылайды» деп пайымдайды.
«Президент оның қызметіне толық көңілі толады деп ойлаймын. Менің ойымша, Президент әкімшілігіне қызметке баруы бек мүмкін», – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, президенттің шешіміне кейбір тұлғалардың жеке басына қатысты нәрселер ықпал етуі мүмкін екен.
С.Нұртаза.
«Мәселен, Саясат НҰРБЕКТІҢ отбасына, Қорғаныс министрі Руслан ЖАҚСЫЛЫҚОВТЫҢ сұхбат бергенде дөрекі сөйлегені секілді нәрселер болмаса, басқа министрлерден соншалықты мін көріп тұрғаным жоқ», – дейді ол.
Бұл пікірге сүйенсек, ауыс-түйіс кезінде көп адам өз орынтағын сақтап қалуы ықтимал.
Десе де, экономист Айдар ӘЛІБАЕВТЫҢ ойынша, мемлекет басшысы жариялаған реформаларды жүзеге асыру үшін кадр саясатында түбегейлі өзгеріс қажет.
А.Әлібаев.
– Тоқаев ұзақ мерзімге – 7 жылға қайта сайланып отыр. Оның үлкен жоспары бар екенін білеміз. Мұны жүзеге асыру үшін өз командасы жоқ. Бұл туралы ел ішінде үш жылдан бері әңгіме айтылып келеді. Өзгерісті бірге жасайтын, алда қойған міндеттерін іске асырып, арқа сүйейтін салмақты үзеңгілестері болмай тұр. Қолындағысы – Назарбаевтан мұраға қалған адамдар. Бұлардың дені – мәнсапқа кабинетте отырып, мемлекеттік қызметте жүріп қол жеткізгендер. Олар өмірді түсінбейді. Шаруашылықты білмейді. Тәжірибесі жоқ.
Мәселен, Екібастұздағы жағдай – классикалық үлгі. Олардың ұрлықтан басқа қолдарынан дәнеңе келмейді. Қазір ақшасы болса да, қысқа дайындықты, жөндеу жұмыстарын жазда жасауы керек еді. Бірақ олар мұны білмейді, істей алмайды. Істегісі де келмейді. Петропавлдағыдай құбырдың жарылғанын күтіп отырады.
Сондықтан Тоқаев кадр құрамын түбегейлі өзгерту керек. Ауыстыруы керек нөмірі бірінші адам – премьер-министр Әлихан СМАЙЫЛОВ. Бұл – өзгенің орнында отырған адам. Премьер-министр ретінде білікті емес.
Ә.Смайылов.
Меніңше, бәлкім, ол жақсы статист шығар. Негізі мамандығы да осы. Сондықтан оған статистикамен айналысқаны дұрыс болады.
Ал премьер-министр лауазымы елде болып жатқан барлық жайттар үшін мойынға жауапкершілік көтеруді талап етеді. Экономикада, шаруашылықта және тағысын-тағыларда. Сол себепті оны бірінші кезекте ауыстырған жөн.
Одан кейінгі кезекте – вице-премьер Роман СКЛЯР. Бұл адам тек өзінің және қазақтың аты бар да, заты жоқ автоөнеркәсібіне лобби жасаушы әлдебіреулердің мүддесі үшін жұмыс істеп жүр. Оның өзі тонаушы утиль алымына лобби жасауда. Бұл жөнінде қоғам тарапынан түрлі үндеу жолданды. Ол утиль алымның қарақшылық мәнін түсінбейді немесе түсінгісі де келмейді. Бәлкім, осыған мүдделі де шығар. Сондықтан оны орнынан алып тастау қажет.
Р.Скляр.
Ұлттық банктің төрағасы Ғалымжан ПІРМАТОВ та өз орнында отырған жоқ деп есептеймін. Бұл адам инфляциямен қайта қаржыландыру мөлшерлемесін көтеру арқылы күресіп жатыр. Оны 16 пайызға дейін көтеріп жіберді. Ол отты жанармай құйып сөндірмек. Мұндай пайыздық мөлшерлемемен елде бірдеңені дамыту мүмкін бе?
Ғ.Пірматов.
Кредит алу халыққа қол жетімді болудан қалды. Бизнеске де, коммерцияға да, тұтынуға да, ипотекаға да тиімсіз. Барлық кредиттер адамдарды қаржылық құлдыққа ұрындыратын тонау болып шықты. Бұл туралы экономистер, сарапшылар өңешін жыртып, айтудай-ақ айтып жүр. Ал ол болса, үнсіз. Ың-шыңсыз тағы да көтеріп жатыр.
Ол теңгенің рубльге бағамын 7,5 етіп бекітті. Бұл – халқымызға қарсы мөлшерлеме. Рубль бағамы ешқашан 5,5-тен асқан емес-ті. Егер ресейліктер рубльге бейнарықтық бағам қойса, біз де неге солай етпеске?
Бұл – ресейліктер үшін Қазақстанда бәрі арзан, ал қазақстандықтарға ресей тауарлары қымбат болады деген сөз. Ол тауар бағасын көтермеймін деп, ресейлік тауарлардың бәрін қымбаттатты. Бұл дұрыс нәрсе ме?
Сосын, вице-премьер – қаржы министрі Ерұлан ЖАМАУБАЕВТЫҢ та не істеп, не қойып жүргені белгісіз. Оның немен айналысып жатқанынан мүлде бейхабармын.
Е.Жамаубаев.
Ұлттық экономика министрі Әлібек ҚУАНТЫРОВ туралы да осыны айтуға болады. Әр ай өткен сайын экономикамыз құлдырап барады. Олар телеарналарға шығып, халыққа бір сөз айтса қайтеді? «Мынадай болып жатыр, оған қарсы мынадай шара қолдандық» дегендей. Не істеп, не қойып жатқанын айтсыншы. Бәрі үн-түнсіз, жым-жырт отыр.
Ә.Қуантыров.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек ӨСКЕНБАЕВҚА келсек, бізде инфрақұрылымдық даму атымен жоқ. Бұған Екібастұздағы жағдай анық дәлел бола алады. Мұндай мысалдарды мыңдап келтіруге болады.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қайда жүр? Білмеймін. Ештеңе жасалып жатпағаны анық.
Қ.Өскенбаев.
Бізде Қорғаныс министрі болып Ресейдің оқу орнында оқыған, ішкі әскерде қызмет атқарған Руслан ЖАҚСЫЛЫҚОВ отыр. Кез келген елдің ішкі әскері – жандармерия деген сөз. Бұл адамның ойлау жүйесінің өзі – кеңестік. Совок! Бұл адам армияны қалай басқарады?
Р.Жақсылықов.
Украинада не болып жатқанына қараңыз. Біздің әскеріміз Ресей армиясының кішкентай көшірмесі секілді. Сыбайлас жемқорлыққа әбден батқан. Ескі-құсқы техникалар. Ресейлік жарғы. Ресейлік стратегия мен тактика. Ресей әскері қазір мұның бәрі ХХ ғасыр – өткен дәуір екенін дәлелдеп берді. Бұдан арылуымыз қажет.
Қорғаныс министрлігіне заманауи ойлана алатын жаңа адамдар келуі тиіс. Соғыстың жаңа тәжірибесін игеру үшін жас офицерлерді оқуға Украинаға жіберу керек.
Ішкі істер министрі Марат АХМЕТЖАНОВҚА келсек, полиция бізде немен айналысады? Халықтың мүддесін қорғай ма? Ол болса, аппаратын қысқартқысы келмейді. Солай ету керек. Өйткені, керегі де жоқ, тиімділігі де жоқ. Қолынан келетіні – шеруге шыққандарды ұстау ғана. Кәсіби аппараты жоқ.
М.Ахметжанов.
Ал енді әкімдерге келейік.
Бәлкім, бұл сөз тым қатал болып көрінетін шығар. Бірақ әкімдерді түгел босату керек деп есептеймін. Әсіресе, Даниял АХМЕТОВ секілді ұзақ уақыт бойы әкім болып келгендерді.
Д.Ахметов.
Бұл адамдардың бәрінде кеңестік ойлау жүйесі қалыптасып қалған. Олар жаңа ештеңе бере алмайды.
Сайлауалды науқан кезінде Орал қаласына барып қайттым. Қандай сұлу қала. Тарихи шаһар. Өмірімде бірінші рет жолым түсті. Бірақ қаланың қаңырап қалғаны соншалықты, отыз жыл ішінде облыс, қала әкімі болғандардың бәрін жауапқа тарту керек. «Қаланың хәліне қарап, әкімдердің қаншалықты тонағанын аңғаруға болады» деген қорытындыға келдім. Қазіргі әкімдер өздері басқарып отырған өлкені дамытып жатқан жоқ.
Соңғы айтатын сөзімді президенттің өзі де ескертті. Соны тек қайталап өтейін.
«Самұрық-Қазына» алып қара құрдымға айналып кетті. Жүздеген компанияның басын қосатын ірі квазимемлекеттік сектор. Оның 75 пайызы ештеңе бітіріп отырған жоқ. Тек қана тұтынады. Олардан зияннан басқа, ешқандай пайда жоқ.
«Самұрық-Қазынаны» бұзып, энергетикада, мұнай өндіруде және басқа да салаларда іс тындыра алатын бірнеше компанияны суырып алу қажет. Оның ішінде ондаған жыл бойы тоналып келген «Қазақстан темір жолы» да бар. Қалғандарын құрту керек. Қызметіне тыйым салынсын. Ақша жұмсағаннан басқа берері жоқ.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ қолынан осыншама шаруа келе ме? Білмеймін. Келе ме, келмей ме, қалай ма, қаламай ма, бірақ бәрібір оған осылай істеуге тура келеді. Өйткені, өзі жария еткен реформаларды, жасағысы келген өзгерістерді ескі адамдармен еңсере алмайды. Олар оған кедергі жасайды. Тыңдамайды. Үндемей отырып, бас изеп қойып, бойкот жасайды. Жымиып қойып, саботаж жасайды. Бұдан ешқандай нәтиже болмайды.
Меніңше, 7 жылға сайланған Тоқаевтың алғашқы қадамы адамдарды ауыстыру, азаматтық секторға арқа сүйеу болуы тиіс. Қаласа да, қаламаса да. Бір министрді алып тастап, орнына оның орынбасарын қойса, бұл да ештеңені өзгертпейді. Өйткені, ол да бұрынғы бастығы секілді кабинеттен шықпаған адам. Сондықтан мойнына жауапкершілік алып, шешім қабылдай алатын мүлде жаңа адамдардың келгені абзал.
Жұмыс тобында кіріп, айлар бойы қағаз кеміргеннен басқа түк бітірмейтіндердің не керегі бар?. Галстук тағып, кабинетінен шықпайтындар емес, қалаға, ауылға барып, адамдармен кездесіп, елдің хәлін сұрай алатын адамдар керек. Мұндай адамдар бар. Бәлкім, Тоқаев өзі танымайтын адамдарға сенім арта алмайтын шығар. Мұны да түсінуге болады. Бірақ, басқа амал қайсы?