6 Қаңтар 19:51

Тасмағамбетов: «Қылмыс жасадым деп айтып отырмаймын ғой...»

Фото:

Nege.kz порталында деген материал жарық көрген. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жедел-тергеу тобы Атырау облыстық мемлекеттік кіріс департаменті басшысының орынбасары Ғ.Досмағамбетовтің және кіріс департаменті аудит басқармасының басшысы А.Абдрахмановтың ұсталғанын, олардың мекен-жайына, жұмыс орнына тінту жүргізілгенін, бұған қоса, Атырау облыстық кіріс департаменті басшысының орынбасары Құрманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетовті тергеуге әкелгенін» айтқанбыз. Мұны бірнеше ақпараттық порталдар көшіріп те басқан.

2019 жылдың 26 желтоқсанында zakon.kz ақпарат порталы «Информацию об участии Тасмагамбетова в коррупционном деле опровергли» деген мақала жариялады. Олар осы мәселеге байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жолдаған ресми сауалына мемлекеттік құзырлы органнан ақпаратты терістеген жауап алғанын айтты.

Ақпаратты анықтай түсу үшін 2019 жылдың 26 желтоқсанында ҚР Бас прокуратурасының атына ресми сауал жолдадық. Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары А.Саттардан мынадай жауап келді:

«Атырау облысының Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлеріне қатысты сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша тергеу жолымен тексеру жұмыстары басталғанын, бүгінгі күні күдікті ретінде ешкім танылмағанын хабарлаймын. ҚР ҚПҚ-нің 201-бабының талабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілуге жатпайтыны түсіндіріледі».

«Кереғарлыққа толы бұл іске нүкте қойса, Құрманғали Тасмағамбетовтің өзі қояр» деген оймен тілшіміз сол кісінің өзіне телефон арқылы хабарласқан еді. Құрманғали Нұрғалиұлы бізге былай деп жауап берді:

«Енді сол, мен жайлы ақпарат таратқан сайттардан, мәлімдеме жасаған ресми қызметтерден сұрасаңдаршы. Мен қылмыс жасасам, сендерге «қылмыс жасаған едім» деп айтып отырмаймын ғой!».

Тегтер: