13 Қараша 14:48

СҮЙІНШІ! «NEGE.KZ» не айтады?

Фото:

Ақпараттық кеңістіктегі аламанға біз де бір жүйрікті баптап қостық. Ендігі жерде бұл бәйгенің алдынан «NEGE.KZ» порталын іздеңіз! «Nege»-нің не айтатынын оқырман бірер күннің ішінде-ақ бағамдайды деп болжаймыз. Өйткені жұртшылыққа жария болуы тиіс деп тапқан тақырыптарды тізгенде, «тауға» айналды. Біздің қоғамда әлі ашық айтылмаған, көмейдің ар жағында қалып қоя беретін мәселе мың сан екен. Оны игеріп әкетеді-ау деп сенім артқан журналистеріміз – кіл жүйрік. Сондықтан әзіргі әңгіме тек порталдың атына ғана қатысты. Біз неге «Nege»-ге бұйда тақтық?

Адамзат жаралғалы ең жиі қойылатын сауалдың бірі осы «Неге?» болуы тиіс. Себебі өмірге жаңа келген сәбидің өзі де ес біле бастағаннан-ақ айналасындағы көрген-білгеніне: тіпті атқан таң мен батқан күнге де «Неге?» деп қарайды. Сырын ұққысы, себебін білгісі келеді. «Қашан?», «Қалай?» деген сұрақтардың өзі, біздіңше, «Негеден» кейін тұрады-ау.

«Негенің» көкесін ес біліп, етек жапқан соң көреді екенсің. Өйткені қараборбай күніңдегі «Негеге» жауап ретінде айтатын «...тасқа еге!» дейтін тапқырлығың енді жүрмейді. Өзіңді қара тасқа жалаң құйрықпен отырғызғандай күй кештіретін небір сұмдықтар күн сайын көз алдыңнан өтіп жатыр. Мемлекеттің байлығы, халықтың несібесі ұры-қарының қанжығасында жүр. Жемқорлыққа батпаған сала жоқтың қасы. Қамалмаған лауазым иесі қалмады. Ұсталғандардың түрмеге түскендері де, «ғафу өтініп», босап шыққандары да аз емес. Бірақ одан ашкөздік тыйылып, жемқорлық азайған жоқ. Неге?!

Халық пен биліктің арасы күннен-күнге алыстап барады. Сенім азайды. Өзара сенім болса, сенім кеңесінің  қажеті не?

Алаңға шығып, айқай салатын жұрттың қарасы көбейді. Бұл жұрт неге алаң? Билік басындағы ауыс-түйіс не берді? Биліктің негізгі тетігі бүгінгі президенттің қолына толық тиді ме? Тисе, кімнің уысында не бар екені туралы қарама-қайшы пікірлер неге басылмайды? Неге?!

Экономика ілгеріледі ме, құлдырады ма? Құлдырады дейін десең, құжат бойынша құстай самғап барамыз, ілгеріледі дейін десең, іліп алар түгің жоқ. Отандық кәсіпорын тұралап тұр. «Ресейге тауар экспорттап ақшаның астында қаламыз» деген мақсат арман күйінде қалды. Жеңіл өнеркәсібі жоққа тән Қазақстан жұрты әбүйірін қытай мен қырғыздың шүберегімен жабуға мәжбүр. Неге?!

Қазақ рухани тұрғыдан өсті ме? Тойға әнші шақырып, ақша шашатын әдетінен арыла алды ма? Әншіден кеңесші, әртістен депутат жасағаннан кім не ұтты? Құр мақтан мен бос мадаққа биліктегі бұғағы бүлк-бүлк еткендермен бірге, ыңыршағы шыққан қарашаның да құмар келетінін қалай түсіндіруге болады?

Көпті жиып алып, ақшаға ақыл сатып жүргендер шынымен ақылман ба? Халық неге өзі жалаңбұт жүріп, түрлі тренингтерге әуес? Неге?!

Неге? Неге? Неге?

Неге – мәңгілік сұрақ. Бірақ сол әр «негенің» артында жауабы болуы тиіс. Және ол бүгін айтылуы керек? Уақытында айтылмаған шындықтың қадірі жоқ.

Сананы сансыратқан көп «негенің» жауабын тапқыңыз келсе, «NEGE.KZ» порталынан көз жазбаңыз, оқырман!

Ерік Рахым, «NEGE.KZ» порталының бас редакторы

 

Тегтер: