Су үшін соғыс: Көзір кімнің қолында?

10 наурыз, 07:42

Фото: nege.kz

Жер шарында 2 миллиардқа жуық адам су тапшылығын сезіп отыр. Тіпті, оның 783 миллионы таза су ішпепті. Күн сайын 1000 бала судан болған аурудан көз жұмады. Әлемдік су қорының 70 пайызы ауылшаруашылығын өркендету үшін жұмсалады. Бұл – БҰҰ таратқан деректің бір парасы ғана.

Бұрынғылардан қалған «судың да сұрауы бар» деген тәмсіл қалай дөп айтылған. Жылға жыл қосылып, халық саны көбейген сайын су тапшылығы артып барады. «Адам көп болғаннан емес, суды ретсіз тұтынатындар көбейгеннен су тапшылығы сезілуде» дейді мамандар.

Ішер судың жайы бөлек, ауылшаруашылығына қажетті, оның ішінде суармалы жерлер үшін қиын кезең басталуы мүмкін. БҰҰ таратқан деректе айтқанымыздай, жаһандық су қорының 70 пайызы дәл осы салаға бағытталған. Демек, маңызды һәм мәселелі. Маңызды дейтініміз, суармалы жер болмаса адамзат тұтынатын талай өнім жер астында шіриді. Мәселелі болғаны – су шығынының көптігі. Алда-жалда табиғат тосын мінез танытып, жауын-шашын болмаса, жер астынан атқылап жатқан бұлақтар тыйылса, су қоры түгесілмесіне кім кепіл?

«Қазгидромет» РМК бас директорының орынбасары Серік Саиров «Время» газетіне берген сұхбатында биыл қардың аз түскенін, сол себепті Республика аумағындағы өзен-көлдердің суы қалыпты деңгейден төмен болғанын айтты.

Мәселен, Бұқтырма су қоймасында қалыпты жағдайдан 46%, Үлбі мен Ертісте 31%, Балқаш-Алакөлде 53%, Іле-Алатау баурайындағы өзен-көлдерде 69% дейін қалыптыдан төмен. Республиканың басқа өңірлеріндегі ахуал да осы іспетті. Мұздықтар еріп, тоң жібіп қажетіміз өтелер, десе де оған сеніп отыруға болмайды.

Бүгінде ел аумағындағы суармалы жер көлемі 1,5 млн гектарға жуық. Бірақ, өткен жылы министрлік 3 жыл ішінде 2 миллион гектарға жеткізетінін мәлімдеген.

Бұқтырма су қоймасы

Сенатта өткен үкімет сағатында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев «Қазақстанның су қауіпсіздігі: қазіргі заманғы сын-қатерлер мен оларды шешу перспективалары» тақырыбында баяндама оқып, «2021-2023 жылдар аралығында Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында 492 мың га суармалы жерді қалпына келтіру жұмыстары жалғасатын болады» деген-ді. Суармалы жердің көлемі үлкен болғаны жақсы, бірақ, оны игеруді де назардан тыс қалдырмаған жөн.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Ауылшаруашылығы министрлігі де қолдан суару жүйесін қолға алған. «Еліміздегі суармалы жер көлемі 2021 жылы  – 2 млн гектарға, ал 2027 жылға қарай – 3-3,5 млн гектарға жетуі тиіс» деп хабар таратқан.

2021 жылғы жоспар екі жыл кейінге шегеріліп отыр. Жалпы, Қазақстандағы суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету қалай жүзеге асады? 

Министрлік не дейді?

Су төңірегінде назарымызды аударған жайттарға қатысты ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне ресми сауал жолдадық. Министрлік 2021 жылы жаңа Су кодексін және «Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі туралы» Заң жобасын әзірлеуді жоспарлағаны белгілі. Бәлкім, біздің сауал заң жобасын дайындауда кей дүниелерді ескеруге сеп болар. Көпті алаңдатып отырған мәселенің бірі министрлік төтенше жағдайға қарсы қандай шаралар қарастырып отыр? Су қоры жеткіліксіз болса, шаруаларға нендей көмек көрсете алады?

Е.Нысанбаев

Бұл жөнінде вице-министр Ерлан Нысанбаев бүй дейді: «Күтілетін су тапшылығына байланысты ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді суармалы сумен қамтамасыз ету үшін барлық ірі су қоймалары толтыру режиміне ауыстырылды. Өз кезегінде, Министрлік суармалы судың тапшылығын болдырмау мақсатында ағымдағы жылы облыс, аудан әкімдіктеріне және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге суарудың су үнемдеу технологияларын қолдану, дақылдардың ауыспалы егісін сақтау, суару кезектілігі бойынша ұсынымдар беретін болады. Қажет болған жағдайда неғұрлым күрделі учаскелер бойынша тәулік бойы кезекшілік жүргізіледі».

Вице-министр айтып отырған суарудың су үнемдеу технологиялары шаруаға қаншалықты қолжетімді? Бұл да күн тәртібінде тұрған мәселе.

«Министрлік Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, келесі мәселелер пысықталуда:

- суармалы жерлердің егістік алқаптарын тиімді пайдалануды және су тұтыну лимитін ескере отырып, егіс құрылымын оңтайландыру;

- ауыл шаруашылығы кооперативтері фермерлерінің қатысуымен суармалы суды қабылдауға суару каналдарының дайындығын қамтамасыз ету; 

- су берудің онкүндік сайынғы жедел кестелерін жасай және сақтай отырып, жоспарлы тәулік бойы су пайдалануды қолдану», – дейді Е. Нысанбаев.

Тәжірибе мен жанкештілік

Кез келген істе тәжірибеге иек артқан дұрыс. Осыған дейінгі су тапшылығы кезінде мамандар мәселенің шешімін қалай тапқаны көпті қызықтырады. Бәлкім, олар қандай да бір жанкештілікке барған да шығар.

«2020 жылы суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету әсіресе елдің оңтүстік облыстарында қауырт болды, өйткені суармалы алқаптың 90%-ы осы өңірде орналасқан, ал жалпы су алу 97%-ды құрайды», – дейді вице-министр.

Одан бөлек, өткен жыл бойынша бірқатар дерек келтірген. Айтуынша, Алматы облысында 2020 жылы қар жамылғысы 2019 жылға қарағанда 35 пайызға аз түсіпті. Жамбыл облысында 2020 жылы су көлемі орташа көп жылдық деректерден 15-20 пайызға төмен болған.

«Судың аздығына, Түркістан облысының Шардара қаласын сумен жабдықтау қаупіне қарамастан, Министрлік 2020 жылдың шілде айының соңынан бастап Шардара су қоймасынан су ағызуды ұлғайту туралы шешім қабылдады. Соның салдарынан Шардара су қоймасының көлемі 830 млн.м3-ге дейін жетті», – деген вице-министр су тапшылығы тәжірибеде болды, енді оның алдын аламыз дегенді айтқысы келгендей.

Шардара су қоймасы

 «Министрлік облыс, аудан әкімдіктерімен бірлесіп, су тапшылығының алдын алу бойынша бірқатар нақты шаралар қабылдады, атап айтқанда:

- Коллекторлық-дренаждық суларды қайта пайдалану;

- Сорғы қондырғылары орнатылды;

- Суару кезегінің кестесі әзірленді.

Бұл шаралар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін 2020 жылдың вегетациялық кезеңінде қажетті көлемде суармалы сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді», – дейді Е. Нысанбаев.

Сыртқы фактордың әсері қандай?

Жақсы, ішкі мәселені министрлік шешуге қауқарлы шығар. Сыртқы факторларды қайтеміз? Қазақстанмен шекаралас Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан сынды елдер өзен арналарын тежеп қойса немесе ағынды өзен бойына алып су қоймаларын салса ше? Кезінде бұл тақырыпты Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримов көтеріп, «су тапшылығының соңы су үшін соғысқа апаруы мүмкін» деген-ді. Министрліктен осы мәселеге қатысты пікір білдіруін сұрадық. Вице-министр Е.Нысанбаевтың жауабы төмендегідей болды: 

«Трансшекаралық өзендерді пайдалану мен қорғау саласындағы көршілес елдермен ынтымақтастық трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау туралы қолданыстағы Келісімдер негізінде жүзеге асырылады, Келісімдер шеңберінде бірлескен Үкіметаралық комиссиялар жұмыс істейді. Үкіметаралық комиссиялар отырысында трансшекаралық өзендердің барлық су шаруашылығы мәселелері бойынша сұрақтар қарастырылып, бірлескен шешім қабылданады. Сонымен қатар, трансшекаралық бассейндегі су тапшылығы кезінде халықты ауыз сумен және экономика салаларын сумен қамтамасыз ету мақсатында көрші елдермен қосымша келіссөздер өткізіледі».

P.S: Әсіресе, оңтүстік өңір тұрғындары жыл сайын су мәселесі өршіп тұр деп БАҚ-қа жиі жүгінеді. Вице-министр болса, су тапшылығын болдырмау үшін барлық шара қарастырылғанын айтуда. Қазақ «су басынан буылады» дегенді текке айтпаса керек. Су басында отырғандардың көңілі жайлы болса, су бәріне жететіні белгілі. Өйткені, бұл дүниеде бәрі есептелген. Ал егер қырын қарап қалса ше? Мұны шешудің тетігі әдеттегідей шекараны жабу ғана ма?

#су #соғыс #шекара #қырғызстан #өзбекстан #ресей
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации