21 Сәуір 08:31

Солтүстіктен тағы ШИ шықты: ШЕТЕЛДІКТЕР мыңдаған гектар ЖЕРДІ қалай иемденіп алды?

Фото:

Солтүстік Қазақстанда сепаратистер бас көтеріп, ел арасына іріткі салуға тырысқаны жуырда ғана еді, енді міне, Айдарбек САПАРОВ басқаратын өңірден тағы ши шықты: нидерландтық әлдебір компания ауыл шаруашылығы мақсатындағы мыңдаған гектар шұрайлы жерді бірнеше жылдан бері иеленіп келгені белгілі болды.

NEGE-нің солтүстік өңірдегі тұрақты оқырмандарының бірі редакцияға әлдебір құжатты жолдады. Жай құжат емес, Жер ресурстарын басқару департаменті басшысының қолы мен мөрі бар құжат.

СҚО-ның Есіл аудандық жер ресурстарын басқару бөлімінің жауабына қарағанда, оқиға былай өрбіген: Есіл аудандық әкімдігі 2017 жылдың ақпапында №41 қаулысымен «Пушкинское» ЖШС-ға 1256 гектар жерді уақытша пайдалануға береді. 2018 жылы сәуірде аудандық әкімдік дәл осындай қаулымен (№109) тағы 3200 гектар жерді әлгі ЖШС-ға қосып берген. Сонда жалпы көлемі 4456 га шұрайлы жер «Пушкинское» ЖШС-ның иелігіне өткен.

Фото: wikipedia.org

Осы ЖШС-ның басшысы «ауыл шаруашылығымен айналысамын» деп 2017 жылы ақпанда СҚО-ның Айыртау ауданынан 2001 га жерді тағы алған. Бұл жолы Айыртау ауданының әкімдігі қаулы шығарып, ұзақ мерзімге пайдалануға, яғни 46 жылға екі мың гектардан астам жерді бөліп бере салыпты.

Естеріңізде болса, 2016 жылы «жер шетелдіктерге сатылмасын, жалға да берілмесін!» деген талаппен әр-әр жерде митингілер өткен. Осыдан кейін жерді жеке меншікке беру-бермеу мәселесіне мараторий жарияланған еді. Осы мораторийге қарамастан, Есіл ауданы мен Айыртау ауданының әкімдіктері әлгі ЖШС-ға шүлен таратқандай етіп жер бергенін қалай түсінуге болады?

Ендігі қызықты қараңыз, «Пушкинское» ЖШС-ның жалғыз құрылтайшысы Николай Петрович КОЗЛЕНКО деген азамат екен. «Ауыл шаруашылығымен жатпай-тұрмай айналысам» деп ант-су ішіп, 2017 жылы бірнеше мың гектар жерді алып алған әлгі Н.П.Козленко сол жылы 15 тамызда «NitroCon Products Continental Company» ЖШС-мен келісімшарт жасасады да, «Пушкинское» ЖШС-ның 99,9 пайыз үлесін соларға сатып жібереді. Козленко жерді жалға алған жылы-ақ ЖШС-ны сатып жібергеніне қарағанда, оның ауыл шаруашылығымен айналысатын ойы тіпті болмаған сияқты.

Фото: mtrk.kz

Ал енді әлгі атауы шетелдік компания қайдан пайда болды? «NitroCon Products Continental Company» ЖШС Алматыда тіркелген екен. «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Алматы қаласы бойынша филиалы берген мәліметке көз жүгіртсек, «NitroCon Products Continental Company» ЖШС-ның 100% үлесіне ие бастапқы құрылтайшысы – «PHOENIX GREEN FARMS B.V. (Нидерланды).

2017 жылдың желтоқсанынан бастап Swiss Sustainable Agri Holding B.V. (Нидерланды), ал 2022 жылдың маусымынан бастап Swiss Sustainable Agri Holding Central Asia Limited 100% үлесіне иелік еткен.

Байқасаңыз, атауы аз-кем өзгергені болмаса, соңғысы да сол баяғы нидерландтық компания. Яғни қазақстандық «Пушкинское» ЖШС-ның 99,9% үлесін мүлік-мүкәммалымен, жалға алған жерімен қосып сатып алған – шетелдік компания!

Жерді шетелдіктерге сатпау, жалға бермеу туралы президенттің 2016 жылғы №248 жарлығына қарамастан, қазақстандық ЖШС шетелдік компанияның иелігіне өткен соң Есіл аудандық әкімдігі қаулы шығарып, 3200 га жерді шетелдіктер үшін пайдалану құқығын созып бере салғаны да таңқалдырады.

СҚО әкімі А.Сапаров. Фото: omskportal.ru

Бұл жағдайды СҚО әкімі Айдарбек САПАРОВ білмейтін болса керек. Бірақ бұл оның «білместігін» ақтамайды. «2022 жылдың 1 желтоқсанында ғана әкім болдым ғой» деп тағы ақтала алмайды. Өйткені одан бері де талай уақыт өтті, талай су ақты.

Облыс әкімі А.Сапаров «сүтке тойған қозыдай» қашанғы монтиып жүре береді? Иегінің астында не болып жатқанын сезбейтін «иісалмас» әкім бола ма? Заңнан хабары бар ма? Болмаса, онда айтайық, құлағына құйып алсын.

ҚР жер кодексінің 24-бабында былай дейді: «Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары, халықаралық ұйымдар, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтар, сондай-ақ қандастар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншік немесе жер пайдалану құқығымен иелене алмайды.

Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының қатысушылары (акционерлері, мүшелері) құрамына шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам, шетелдік заңды тұлға, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы кірген кезде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне жеке меншік құқығы, сондай-ақ уақытша жер пайдалану құқығы осы Кодекстің 66-бабының нормаларына сәйкес иеліктен шығарылуға жатады».

Әкімдіктегі заңсыз жер берумен айналысқан шенділер, шетелдік компанияға үлесін сатып жіберген «фермер», бұл іске қатысы бар басқа да құзырлы адамдар жауапкершілікке тартылды ма? Шетелдік компанияның иелігіне өтіп кеткен мыңдаған гектар жер мемлекетке қайтарылды ма?

Біз бұл сұрақтардың жауабын СҚО әкімі Айдарбек Сапаровтың өзінен және Бас прокурор Берік Асыловтан алуға тырысамыз.

Тегтер: