19 Желтоқсан 07:46

Смета сиқыры: ҚазҰУ-дың 850 миллионы қайда?

Фото:

Жеті жыл бұрын еліміздегі ең ірі жоғарғы оқу орнының нысандарын салу үшін 6 млн АҚШ доллары бөлінген. Ол нысандар неге салынбай қалды?

(«Проектно-сметная мистификация», Время газеті)

Желтоқсанның басында вице-премьер Бердібек Сапарбаев жоғарғы оқу орындарындағы оңтайландыру комиссияның кеңейтілген отырысында оқу орындары басшылығын қатаң сынға алды. Университет, институт тәмамдаған әрбір төртінші түлек жұмыс таба алмай жүр. Бұл – білім сапасының қандай деңгейде екенін әшкерелейтін көрсеткіш. Әсіресе, жекеменшік оқу орындарының атына көп сын айтылды. Бірақ мемлекеттік ЖОО-ның да оңып тұрғаны шамалы екен. «Время» газетінің редакциясына университеттің жаңа нысандарын жобалауға деп бөлінген салық төлеушілердің қаржысын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығы қалай және қайда жұмсағаны туралы елді елең еткізерлік құжаттар түсіпті. Жоспар бойынша елдегі ең ірі жоғарғы оқу орнының бірі екі жаңа жатақхана, студенттерге арналған медорталық және инновациялық кластер салуы тиіс еді. Сол мақсат үшін алғашқы 6 миллион долларды 2011-2012 жылдары-ақ бөліп те берген.

Бәрі 2011 жылдың маусымынан басталады. Сол кезде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті 1500 және 500 орындық екі жатақхананың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу үшін конкурс жариялайды. Бұл тендерді Өскемен қаласындағы Invest VB дейтін ЖШС жеңіп алады. Келісімшартқа қол қойылып, ҚазҰУ 99 млн теңгеден астам ақшаны серіктестіктің қорына аударып жібереді. Жатақхана жобасын сызу аса қиын шаруа емес, сол себепті жұмысты 8 ай ішінде аяқтауға келіседі. Уәделі мерзім өткенімен жатақханалардың жобалық-сметалық құжаты сол күйі жасалмаған боп шығады.

 

Қазынаның қаржысы жұмсалғандықтан, тапсырыс беруші шара қолдануы тиіс еді. Не сотқа жүгініп, Invest VB ЖШС-ін мемлекеттік сатып алу шарасын орындамаған қатысушы ретінде танып, ақшаны қайтартып алуға немесе келісімшарт мерзімін созуға міндетті  болатын. ҚазҰУ басшылығы екінші жолды жөн көреді. Сөйтіп, 2012 жылдың наурызында қосымша келісімшарт жасалып, ол бойынша тапсырысты орындаушы құжаттарды жыл аяғына дейін бітіруі тиіс еді. 2012 жылдың желтоқсанында тағы бір қосымша келісімге қол қойылып, енді межелі мерзім 2013 жылдың наурызына белгіленеді. Бірақ Invest VB қызметкерлері міндетті тағы орындай алмапты. 2013-тің наурызында келісім 1 шілдеге дейін ұзартылады. Ол уақыт туғанда... тағы созылады, одан соң тағы, одан әрі де осылай жалғаса береді. Оның бәрін тізбелеп, оқырманды жалықтырып алмайық. Invest VB ЖШС-мен жасалған 2016 жылдың 28 наурызындағы келісім бойынша жұмысты 30 шілдеде тапсыруға мұрсат берілген. Сөйтіп қос тарап 12 бірдей қосымша келісімге қол қойып тастапты! Бұл аз десеңіз, тағы бір мысал келтірейік.

2012 жылдың тамызында КазҰУ ректораты жеке медициналық орталық ашпасақ болмайды деп ұйғарған. Орталық құрылысына жер жетеді.

Осылайша 4 гектар жерге 58 мың шаршы метр болатын құрылыс салуға бел шешеді. Бұл дегеніңіз бүтін бір медициналық қалашықтың аумағы! Заң бойынша жобалық-сметалық құжатын әзірлеуге тендер жарияланып, бұл жолы «Шернияз» оқу-өндірістік компаниясы» дейтін ЖШС жеңімпаз болады. Бұл компанияның да тапсырысты орындауға келгенде қырсыз Invest VB ЖШС секілді Өскеменде орналасқанынан ешкім секем алмаған секілді. Ол аз болғандай, қос фирма да Сәтпаев көшесі 29/2 үйінде тіркелген.

 

Бірнеше фирманың бір кеңседе орналасатыны жиі кездеседі ғой, сондықтан мұны кездейсоқтық деп қабылдайық. Жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге деп «Шернияз» ОӨК» есепшотына университет 485 миллион теңгеден астам қаржыны аударады. Бұл жолы мақұлданып бекітілген жоба тура бір жылдан соң дайын болуы керек деген қатаң талап қойылады. Одан әрі не болғанын аңғару қиын емес шығар? 2013 жылдың тамызында, келісімшартқа қол қойылғанына дәл бір жыл толғанда... жұмысты аяқтау мерзімін созу туралы қосымша келісімшарт пайда болады. Жобаны тапсыру уақытын 2014 жылдың мамырына ысырады. Ол күн де келгенде тағы бір қосымша келісіммен сол жылдың тамызы, одан кейін желтоқсан айы, ал одан соң 2015 жылдың тамызы жаңа мерзім есебінде белгіленеді. Ақырында 2016 жылдың маусымын ең соңғы меже деп шегелейді. Мезі болған жоқсыз ба? Шыдай тұрыңыз, тағы бір қызық бар.

2012 жылдың тамызында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығы «ҚазҰУ жанындағы инновациялық кластерді жобалау» деп аталатын лоттың жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға конкурс жариялайды. Жоспар бойынша ҚазҰУ қалашығының Есентай өзеніне жақын аумағында 2 гектар жерде инновациялық кластер пайда болуы тиіс еді. Ал ондағы ғимараттардың жалпы аумағы 35 мың шаршы метрден асуы керек болған. Құжаттарды әзірлеу уақыты – 10 ай.

Тендерді бұл жолы өскемендік емес, Алматыда тіркелген «Шанс-АС» ЖШС ұтып алады.  Компанияның есепшотына 267 миллион теңгеге жуық ақша түседі. Әрі қарай оқырманға таныс сергелдең тағы басталады. Алғашқы қосымша келісімшартқа 2013 жылдың 26 маусымында қол қол қойылып, жаңа мерзім – 2014 жылдың мамыры белгіленеді. Ал одан кейінгі құжатта уақыт сол жылдың тамызына шегеріледі. Сөйтіп 2016 жылдың 30 маусымына дейін «Шанс-АС» ЖШС-мен университет 6 мәрте қосымша келісімшартқа қол қояды.

 

Әрине, бұл жағдайда тапсырысты орындаушылар кінәлі. Үш бірдей компания тендерді ұтып алып, қомақты қаржыны қалталарына басып алған соң, міндеттемелерін орындауға тіпті де асыға қоймаған. Бірақ солардың дегеніне көніп, тапсырысты орындау мерзімін ұзарта берген университет басшылығының көнтерілі мінезіне қайран қаласың. Оқу орны басшылығының сот арқылы мемлекеттің ақшасын қайтарып алудың орнына, қосымша келісімшартқа бірінің артынан біріне қол қоя бергені қызық көрінеді. Сонда ҚазҰУ жаңа жатақханалардың салынғанына, жеке медорталығының бой көтеруіне, бүтіндей инновациялық кластердің пайда болуына мүлде мүдделі емес пе? Әділін айту керек, университет «Шернияз» ОӨК» ЖШС-ін жұмысты аяқтап беруді талап етіп сотқа берген. Бірақ олар сотқа 6 жыл өткен соң, 2018 жылдың қаңтарында бірақ шағымданған! Сонда 2012 жылдан бері ректорат ай қараған ба?

Бұл сұрақ Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі мен құқық қорғаушы орган өкілдерін де мазалапты. Нәтижесінде аса ірі сомада қаржы қымқыру дерегі бойынша іс қозғалады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес өкілдері үш бірдей жағдайды саралай келе, мемлекетке 850 миллион теңгеден астам зиян келгенін есептепті. Сол жылдардағы валюта бағамына шақсақ, бұл сома 6 млн АҚШ долларына тең.

 

Одан әрі тергеушілер ҚазҰУ басшылығы жобаларды әзірлеуге бөлген ақшалардың қайда кеткенін де анықтаған. Жүздеген миллион теңге жеті бірдей жалған кәсіпорынның есепшоттарына құйылған. Ал олардың басшылары 2016 жылдың өзінде істі болып сотталған. Тексеру барысында 485 миллион теңгені «жұтып» қойған «Шернияз» ОӨК» ЖШС-нің конкурсқа қатысу үшін берілетін бірінші санатты лицензиясы мүлде болмағаны әшкереленеді. Сонда келісімшартқа қол қойған университет басшылығы қайда қараған? Осыншама былықтар көбік секілді сорпа бетіне қалқып шықса да күні бүгінге дейін ешкімге айып тақпаған немесе ақшаны қазынаға қайтаруға мәжбүрлемеген құқық қорғау органдарының әрекетсіздігіне де қайран қаласың. Кінәлілерді іздеп жатқан кезде жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу үшін ақша алған үш кәсіпорынның екеуі жабылып қалыпты. Шығыс Қазақстан облысының соттары «Шернияз» ОӨК» мен Invest VB ЖШС-нің банкрот ретінде тану туралы өтініштерін қанағаттандырған. Бюджет пен банктер алдында қордаланған қарыздарын қалдырған қос фирма қазір жоқ. Енді кешіксе, жоғарыда аталған мәселе үшін ісін майшаммен қарайтын да ешкім қалмайтын түрі бар. Дегенмен келісімшарттар мен қосымша келісімдерге қол қойған бірінші проректор Мұхамбетқали Бүркітбаев әлі күнге университетте қызмет істеп жатыр.

Михаил КОЗАЧКОВ, Алматы

Тегтер: