21 Қаңтар 07:14

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қашқындардың қайда екенін білмейді

Фото:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қазан айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне Астанадағы жеңіл рельсті транспорт (LRT) құрылысына байланысты істі жеделдете тексеруді тапсырды.

«Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігіне істі тексеруді жеделдетуді тапсырамын. Жоғарыға ғана көз салмау керек. Біреудің қашып кеткенін хабарлап отырғанда басқалары із суытып жатыр. Мұның бәрі ойластырылған қашу екені түсінікті. Әкімшілік басшылары шешім қабылдады, олардың қолы болуы керек» деген сонда президент Тоқаев.

Президенттің тапсырмасынан соң сыбайлас жемқорлыққа қарсы орган Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің оннан астам лауазымды тұлғасына қатысты іс қозғалғанын мәлімдеді.

Астана LRT құрылысы төңірегіндегі жемқорлықтан мемлекетке қанша шығын келді? Қанша адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды? Қанша адам ұсталды? Іс сотқа өткізілді ме? Қаншауы іздеуде? Агенттік іздеудегі күдіктілердің қайда екенінен хабардар ма?..

Nege.kz порталы Астана LRT ісіне байланысты ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевқа бірнеше сауал жолдаған. Төраға орынбасары Ш.Қабдуладан төмендегідей жауап келді.

«Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сіздің Астана LRT құрылысы туралы хатыңыз бойынша келесіні хабарлайды.

Агенттік Нұр-Сұлтан қаласында жеңіл рельсті көлік салу кезінде бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтауға жақындады.

Іс бойынша әкімдіктің бұрынғы 5 лауазымды тұлғасы (басшы құрамнан), мердігерлік ұйымдардың 6 басшысы тартылуда.

Олардың бесеуі қамауда ұсталса, үш адамға халықаралық іздеу жарияланған. Соңғылары, орналасқан жері анықталғаннан кейін олар қылмыстық іс жүргізу заңнамасының нормаларына сәйкес, Қазақстанға экстрадицияланатын болады.

Аталған тұлғалардың қылмыстық іс-әрекеттерінің нәтижесінде мемлекетке 5 млрд теңгеден астам залал келтірілген.

Сонымен қатар, Қазақстан Респуликасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201- бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері тергеп-тексеру мүдделеріне қайшы келмесе және басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға байланысты болмаса, прокурордың рұқсатымен қандай көлемде жария ету мүмкін деп танылса, сол көлемде жария етілуі мүмкін».

Төраға орынбасарының сөзіне қарағанда, қашып кеткен үш күдіктінің қайда екені әлі анықталмаған. Оларды Қазақстанның қылмыстық іс жүргізу заңнамасының нормаларына сәйкес Қазақстанға экстрадициялау мүмкін бола ма, жоқ па, ол  күдіктілердің қайда жүргенін анықтап алған соң ғана белгілі болады.

Бұл іске байланысты прокурордың мәліметті «қандай көлемде жария ету мүмкін деп танитыны» да беймәлім. «Басқа тұлғалардың» құқықтары мен заңды мүдделерін ескерген дұрыс қой, бірақ салық төлеуші қарапайым жұрттың құқығы мен заңды мүддесі қайда қалады?   

Тегтер: