Шымкенттің әкімі иегінің астында не болып жатқанын білмейді екен
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізіп, қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы есеп берді.
NEGE тілшісі Шымкент қаласының әкімі Ғабит СЫЗДЫҚБЕКОВКЕ екі сұрақ қойды.
– Шымкент сыра зауытының бұрынғы иесі Тоқтар Төлешов 2016 жылы «мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды» деген айыппен ұзақ жылға сотталды. 2019 жылы сыра зауытының иесі ауысты. Кейбір деректерге қарағанда, зауыт қазір «Жусан банктің» иелігіне өткен.
Қаладағы ірі салық төлеуші зауыттың қазіргі қожайыны кім және оның экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әулетіне қатысы бар ма? – деп сұрады тілшіміз.
– Өзіңіз білетіндей, мен де БАҚ-та жарияланған ақпаратты ғана білемін. Одан артық білмеймін. Бірақ, қазіргі таңда өзіңіз атаған зауыт 2 млрд теңгеге жуық салық төлеп отыр. Басқа ақпаратты мен де сізден артық білмеймін, – деді Шымкенттің әкімі.
Еліміздегі үшінші ірі мегаполистің әкімі «өзіңіз білетіндей» деп, жауапкершілікті бізге аударып қойғаны қызық болды. Бірақ әкімнің көп нәрсені білетінін іштей сеземіз.
Тілшінің екінші сұрағы жемқорлыққа қатысты болған. Әкім бұрынғы әріптесінің жемқорлыққа шыталғанын мойындады. Бірақ... Ал егер жағдай қайталанса ше? Сұрақ-жауап төмендегідей:
– Шымкент қаласының мемлекеттік органдарында жемқорлық өршіп тұр. Мәселен, бір жылдың ішінде Мәдениет басқармасының екі бірдей басшысы істі болды. Осы бағытта қандай шаралар атқарылып жатыр? Алда-жалда қол астыңыздағы шенділердің бірі істі болса, бірінші басшы ретінде жауапкершілікті өз мойныңызға алуға дайынсыз ба? – деген сұраққа әкімнің жауабы төмендегідей болды:
– Мен осы қызметке келгелі бері жергілікті жұмыс атқарып жатқан әріптестеріммен тиісті жұмыстар жүргіздік. Әңгімелесу барысында мен оларды тек қана адал қызметін атқаруға шақырған болатынмын. Оны өздері де біледі.
Өзіңіз атап өткен факті орын алды. Бұрынғы әріптесіміздің айыбы толықтай дәлелденіп, ол кәнісән мойындады. Сол себепті сотпен айыппұл төлеу жазасы көзделген болатын.
Сұрағыңыздың екінші тармағына келетін болсақ, әрине, бірінші басшы ретінде өзімнің қарамағымда жұмыс істейтін кез келген әріптесіме қатысты менің де мойнымда жауапкершілік бар. Ол жауапкершілікті мойныма алуға дайынмын.
Бірақ қазіргі таңда қаламызда жалпы әкімшілік қызметкерлері мен әкімшілікке жақын мекемелердің қызметкерлерінің ішінде жемқорлыққа қарсылықты ары қаратай дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Көбінесе коррупциялық қылмыстың алдын алу бойынша жұмыстар атқарып отырмыз, – деді әкім.
Екінші сұрақтың жауабы шамамен осылай боларын күткенбіз, ал енді бірінші сұраққа жауапты әкім жазбаша береді деп сенеміз. Бәлкім, оған дейін қаладағы ірі салық төлеушінің кім екенін нақты біліп алар...